Тоқаев: Түркістан облысында 10 ауылды су басты, 22 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 3 мамырда кешкісін Twitter-де Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысында 10 ауылды су басты, 22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды деп мәлімдеп, өзбек үкіметімен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұған дейін Өзбекстан шекарасына жақын Мақтарал ауданындағы бірнеше елді мекен: Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Өргебас және Фирдоуси ауылдарын су басқаны белгілі болған еді.

Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысының 10 ауылын су басты. 22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Оларға көмек көрсетіліп жатыр. Өзбекстан Үкіметімен келіссөздер жүргізілуде

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Жантақсай ауылдары, Жаңажол және Еңбекші ауылдық округтері ағын судан көбірек зардап шеккен.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, Өзбекстаннан Абай каналы арқылы келіп жатқан су әлі тоқтамаған. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Өзбекстанның Сырдария облысының әкімі Гүлістан қаласында кездесіп, келіссөз жүргізіп жатыр. Судың қашан тоқтайтыны әзірге белгісіз.

Жергілікті билік шығын көлемі есептеліп жатқанын, кемінде 404 млн теңгеден асады деп айтқан. Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Өргебас және Фирдоуси ауылдарында 620 үй бүлінген, 3,5 мыңнан астам гектар егіс алқабы су астында қалған. Бірнеше жүз мал өлген. Бұған дейін билік өкілдері диқандардың шығынын өтеуге уәде берген. Ауыл шаруашылығы басқармасы мәліметінше, су астында қалған алқаптардың 85 пайызында – мақта, қалғанында жоңышқа мен жүгері егілген.

3 мамырда күндіз су алған Өргебас ауылының тұрғындары үйсіз-күйсіз қалғандарын айтып, биліктен көмек сұраған. Тұрғындар түнделетіп өз күштерімен қауіпсіз жерге көшкенін, билік тарапынан көмектің жоқтығына шағымданған. 2 мамырда Өргебас ауылының кейбір тұрғындары осыған ұқсас шағым айтқан

1 мамырда Мақтарал ауданына жақын Өзбекстанда Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы елді мекендерді су алған. Кейінірек Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекенге су кіріп, ауданда төтенше жағдай жарияланған. Кейбір тұрғындар өз бетімен, кейбірі жергілікті әкімдік көмегімен ауылдардан көшірілген.