Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізбек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы Асқар Маминнің есебін тыңдады, деп хабарлайды zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президентіне биылғы 5 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес жұмыстары және санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды жақсарту жөнінде есеп берілді.

Мемлекет басшысына дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылуы, 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспардың орындалуы және 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының әзірлену барысы туралы баяндалды.

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус пандемиясының салдарынан әлемдегі іскерлік белсенділіктің бірден төмендеуіне байланысты биылғы қаңтар мен мамыр аралығында ұлттық экономиканың өсу қарқыны, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, 1,7% төмендегенін айтты. Үкімет басшысының мәліметі бойынша, экономиканың бірқатар салаларында, атап айтқанда, тау-кен өндірісі, өңдеу, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салаларында, сондай-ақ, негізгі капиталға инвестиция тарту бағытында өсімнің оң қарқыны байқалады.

Асқар Мамин барлық сала бойынша көктемгі егіс жұмыстарының толық аяқталғаны туралы да мәлімет берді.

Бұдан бөлек Премьер-Министр Президентке халықты жұмыспен қамтамасыз етудің кешенді шаралары биыл еліміздің 1,22 миллион азаматын қамтитынын жеткізді.

Қазақстан Президенті еліміздің бірінші жартыжылдықтағы даму қорытындыларын талқылап, дағдарыс салдарын еңсеру міндетін қою үшін биылғы шілде айында Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізуді жоспарлап отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Маминге экологиялық туризмді дамыту жөнінде және басқа да бірқатар нақты тапсырма берді.