Үкімет 21 мың отбасыны “жәрдемақы алу үшін табысын жасырды” деп айыптады

Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, елде 21 мыңға жуық отбасы табысы төмен және мұқтаж жанұяларға ғана берілетін атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) заңсыз алу үшін өздерінің нақты табысын жасырған.

Министрлік “тексеру барысында кейбір отбасылардың кәсіпкерліктен түсетін табысын төмендеткені, жұмыстарын жасырғаны, комиссиялардың отбасылардың табысын анықтағанда дұрыс жұмыс істегені анықталды” деп мәлімдеді.

Ведомство “Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы” заңды бұзғандардан жәрдемақыны қайтарып алмақ. Министрлік бұған дейін де елдегі отбасылар АӘК алу үшін өтірік ажырасып жатқанын айтқан.

Биыл 4 ақпанда Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған.

Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейді. 6 ақпанда ел астанасында жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап етті.

21 ақпанда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті “халықтың жағдайын жақсарта алмады” деп сынап, таратып жіберді. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалды.

27 ақпан “Нұр Отан” партиясының съезінде Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төленетінін мәлімдеген еді. Осыдан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сәуірден бастап тұрмысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төлей бастағандарын хабарлаған. Бірақ әйелдер АӘК алу шартының қиындығына шағынады.

Аналар биліктен жәрдемақыдан бөлек баспана мәселесін шешуді талап етеді. 3 маусымда Нұр-Сұлтанда ондаған ана Ақорда мен Үкімет үйі маңына барып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Маминнің шығуын талап еткен. Билік елдегі баспана мәселесін шешу үшін түрлі жобалар жасалып жатқанын айтады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебінше, 15 тамыздағы жағдай бойынша 1,8 миллион қазақстандық АӘК алған. Бюджеттен АЭК төлеу үшін 103 миллиард теңге (1 доллар – 387 теңге) бөлінген. Жәрдемақы алғандардың 42 пайызы қалада, 58 пайызы ауылда тұрады.