Үкіметтегілер “Алматы мен Нұр-Сұлтан жабылады” деген хабарламаға қатысты пікір білдірді

Желіде 30 маусымнан бастап шектеу шаралары күшейеді деген хабарлама тарады. Ірі қалаларда, оның ішінде Нұр-Сұлтан мен Алматыда ойын-сауық, сауда орталықтары, базарлардың жабылатыны айтылды. Осы хабарламаға қатысты Үкіметтің баспасөз қызметіндегілер пікір білдірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Хабарламада “коронавирус инфекциясының таралмауы бойынша ведомствоаралық комиссия карантин режимін күшейту туралы шешім шығарды” делінген.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұзда ОСО, сауда үйлері, жабық базарлар, дүкендер желісі жабылады дегендей ақпарат болған. Сондай-ақ қоғамдық көлік тоқтап, парктер мен саябақтар жабылатыны жазылған.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларына кіріп-шығуға тыйым салынатыны туралы жазылған.

“Желіде ведомствоаралық комиссия бекітті деген қосымша шектеу шаралары туралы хабарлама тарап жатыр. Мессенджерлерде тарап жатқан ақпарат – фейк және шындыққа жанаспайды. Ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз”, – деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметіндегілер.

Алматы қаласының әкімдігі де ақпараттың жалған екенін хабарлады.

“Алматы қаласының жабылатыны туралы мессенджерлерде таралған ақпарат жалған. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ағымдағы жылдың 30 маусымы сағат 00:01-ден бастап белгіленбеген мерзімге дейін қосымша шектеу шараларын енгізу, оның ішінде ірі сауда нысандарының және жаяу жүргіншілер аймақтарының, саябақтардың, скверлердің, қалаға кіріп-шығатын жолдардың жабылатыны туралы ақпараттың тарауына байланысты Алматы қаласының әкімдігі жанынан құрылған коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі Комиссия аталған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейді”, – деді баспасөз қызметіндегілер.