Жас басшы жасампаз келеді

Украина елі өз таңдауын жасады. Бір жылда туған төл құрдасым Владимир Зеленский 73 пайыздан астам дауыс жинап, Петр Порошенконы шаң қаптырды. «Бізге қараңдар – бұл мүмкін болады» деді Зеленский посткеңестік одақ елдерінің азаматтарына қарата.
Бұл нені білдіреді? Бұл – украин халқының бей-берекет мағынасыз соғыстан, оған қоса жаппай етек алған жемқорлық пен тұрақсыздықтан қатты шаршағанын, оның орнына жаңа да жас адамның билік басына келіп, түбегейлі өзгеріс әкелгенін, тоқыраудан тез алып шыққанын қалайтынын аңғартты. «Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан ақын айтқандай, халық жалынды жастың күй-қайратына сенетінін және үлкен үміт артатынын білдірді. Жасампаздық – жастан!
Саясаткердер мен саясаттанушылар не десе о десін, халық өз таңдауын жасады. Халық – Құдайдың бір аты дегендей, халықпен санасу керек. Халық үлкен өзгерісті күтіп отыр. Шоумен болса да, Зеленский қарапайым халықпен біте қайнасқан тұлға. Ең жаманы – биліктің өз алдына оқшау кетіп, қарапайым халықтан бөлініп қалғаны! Билік қарапайым халықпен бірге болғанда ғана тұғырлы һәм ғұмырлы!

Азаматхан ӘМІРТАЙ,
«Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы