ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ЖАСТАР АРАСЫНА ЖЫЛДАМ ТАРАЛУЫ НЕЛІКТЕН?

Зайырлы мемлекетімізде дін мен қоғам арақатынасын, діни құндылықтардың қоғамдық өмір мен  қоғамдық санадағы орны мен рөлін зерделеу әрқашан да өзекті болмақ. Дін қоғамдық сананың формасы және дүниетанымның  түрі  ретінде адамның таңдауымен және еркіндігімен  байланысты. Себебі дін адам мен азаматтың бостандығы мен құқығымен, дүниетанымы және мәдениетімен, сезімі және тұлғалық құндылықтық ұстанымымен айқындалады. Дін қоғамдық сана формасы және  әлеуметтік институт ретінде қоғам мен адам өмірінде нақты қызметтер атқарады. Дін әлеуметтік құбылыс ретінде адамдардың санасы мен мінез құлықтарына ықпал етуші объективті фактор. Зайырлы қоғамда дін дүниетанымдық, реттеуші, жұбатушы, ұйыстырушы-ажыратушы, мәдени-шығармашылық, рухани-адамгершілік және т.б. қызметтер атқарады. Сондықтан да зайырлы қоғамда әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарын ғылыми және зайырлы тұрғыдан зерделеу мен танып білу маңызды.

Қоғам мен адамның қауіпсіздігі қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі басты мәселе болып отыр. Қауіпсіздік ұғымы қоғам, мемлекет, табиғат және адам өмірінің барлық салаларын қамтиды. Атап айтсақ, ақпараттық, интеллектуалды, саяси, экономикалық, қоғамдық, экологиялық, рухани және т.б. қауіпсіздік түрлері елдегі нақты ішкі және сыртқы жағдаймен айқындалады. Қазіргі уақытта адам мен қоғам өмірінде ақпараттық және интеллектуалды үдерістер  мен адамаралық қатынаста діни сенім мен діндарлықтың рөлі едәуір өсіп отыр. Кеңестік мемлекеттік атеизм тұсында діни сана мен дін надандық пен артта қалушылықтың қайнар көзі деп қарастырылды. Жетпіс жылдан аса уақыт ішінде  қоғам  мен адам өміріндегі дін мен діндарлық деңгейіне өркениеттік тұрғыда зерттеулердің жүргізілмеу себебі қоғам мен ғылым өркендеген кезде дін өздігінен қоғамдық өмірден аластатылады деген сенімге сүйенді. ХХ ғасырдың 90 -жылдарынан кейінгі идеологиялық ваккум салдарынан қоғамда сан түрлі жат діни ағымдар, әсіресе жастар арасында жылдам тарай бастады. Мұның себебі, діни сауатсыздық, жастық албырттық, өмірлік тәжірибенің аздығы,өмір  мәнін  іздеу, өмірден өз орның таппау,әлеуметтенудің қалыпты үрдісінің бұзылуы,әлеуметтік жағдайлар(кедейшілік,жұмыссыздық,әлеуметтік әділетсіздікке ұшырасу,кәсіби біліктіліктің төмендігі),рухани әлемнің жұтаңдығы,торығу,жалғыздық,рухани тірек іздеу, ақпараттық материалдардың тасқыны (шет елдік діни әдебиеттер, интернет жүйесі, әлеуметтік желілер), еліктеушілік, қоғам өміріндегі көрініс берген маргиналды құбылыстар  мен  өмірмәндік постмодернистік ұстанымдар.

Әлеуметтік құбылыс ретінде діннің қоғаммен өзара әрекеттестігін  талдауда өркениеттік ұстанымды басшылыққа алу керек. Қоғам  түрлі топтар мен топ мүшелері арасындағы әлеуметтік қатынастардың жиынтығы  десек,діни  топтар мен діндарлар арасындағыдіни  қатынастар заманауи  қоғамның  ажырамас бөлшегі  болып  табылады.Бүгінгі  діни қауымдардың  өзара  және  сыртқы  ортамен  қарым-қатынастарының  ерекшеліктерін  зерделеу маңызды.

Қазіргі діни  қатынастар  жүйесін(отбасылық,топтық,қоғамдық)зайырлы  қағидатқа  сай қалыптастыру  өзекті. Еліміздегі  діндарлықтың    негізгі өлшемі діни  қатынастар  мәдениеті болуы тиіс.Діндарлықтың  сандық  және сапалық  өлшемі  арақатынасында сандық  деңгейінің  басым  болуы-діни  мәдениет  пен  моральға  қарағанда,дінді  ритуалды-ғұрыптық тұрғыдан  түсінумен  айшықталады. Дін-көркеммінезділіккке  үндейтін  өмір-салт.  Діндарлық деңгейі–діни ғимараттардың   және  діни  қауымдардың  санымен  өлшенбеуі  керек.Діни  мәдениет  пен әдептің  тұғыры-шынайы  тақуалық.Қоғамдық  өмірдегі діни мәдениет-діндарлықтың  сапалық  көрсеткіші  болып  табылады.Мұнда діннің экономикамен, мемлекеттік саясатпен,отбасымен, мәдениетпенөзара әрекетестігін талдау керек. Сонымен қатар, дін мен қоғамның өзара қарым-қатынасы мәселесі жеке адамның мінез-құлқының діни негіздерін, адамның діни мүдделері мен ұстанымдарын, әлемдік және дәстүрлі діндердің адам және қоғам туралы ілімдерін зерделеу де маңызды.

Дін адамзатпен байланысты әлеуметтік –рухани құбылыс болғандықтан адамзаттық және  ұлттық мәдениет ұғымымен байланысты. Дін әлеуметтік-мәдени байланыстарды және дүниетанымдық ұстанымдарды айқындайтын болғандықтан қазіргі әлемдегі дінтанулық және әлеуметтанулық теорияларда дін қоғамның тұрақтылығына ықпалдастық беруші фактор ретінде қарастырылады.

Қоғамдық өмір мен  пікірде дінге деген қызығушылық артып тұрған уақытта діннің қоғам өміріндегі орынын зерделеу үшін философиялық және дінтанулық негізде талдаулар жүргізу қажет. Дін адам өміріне құндылықтық бағдар бере  отырып, оның экзистенциялдық,яғни өмір мәндік ұстанымына ықпал етеді. Дін ұжымдық бірегейлену ретінде индивид пен қоғамға ықпал етуші фактор болып табылады. Қазіргі дінтанулық ғылымда қоғам  мен адам  өміріндегі діннің  орны  мен  рөлін талдау уақыт пен кеңістік  аясында қалыптасқан нақты тарихи жағдаймен  қоғамда  қалыптасқан діни  мәдениетті есепке ала жүргізілгені жөн.

Заманауи секулярлы қоғамда қоғамның түрлі салаларына, қоғамдық және жеке адам санасына, әлеуметтік қатынастар мен институттардың қызметіне діннің ықпал етуі төмендеген.Дегенмен,діннің  қоғам  мен адам өміріне  тигізетін  ықпал-әсері  экономикалық  дағдарыс,саяси  текетірес  пен  бәсекелестік,құндылықтар  күйзелісі мен  моральдық  өлшемдердің құлдырауы  уақытында  арта  түсетіні  айқын.Мұндай  жағдайда,діни  сенімнің күдікті формалары,әсіресе  деструктивтік  және радикалды  негіздегі  идеологиялық ұстанымдар  адамның  діни  таңдауына  ықпал  ете  отырып,адамның  санасына жалған діни идеалдар  жүйесін еңгізуге  ұмтылады. Заманауи адамзат  қоғамында  көрініс  берген  түрлі  платформадағы террорлық  және  экстремисттік ұйымдардың қылмыстық іс-әрекеті  күллі адамзаттың  бейбіт  өміріне  қауіп  төндіретін  қасірет.Қазіргі кезде террорлық  қылмыстың  топтық және  индивидуалды  түрлері көрініс беруде.Жаңа Зеландияда  болған екі  мешіттегі және Шри-Ланкадағы  үш  шіркеуде жасалған террорлық қылмыстар  террорлық әрекеттің  екі  түрін  айқындайды.Жаһандық  терроризммен  күрес  ғаламдық  мәселе.Жалған діни  мүдделер  мен саясиланган  діни  мінез-құлықтың идеологиялық  сипат  алуы  жаһандық  террорлық ұйымдар желісі  және әрекетімен (әл-КАИДА, ДАИШ, Талибан (елімізде тыйым  салынған), Боко-Харам, Харакат аш-Шаабаб) айқындалады. Жаһандық  терроризм  ғаламтор  және әлеуметтік  желілер  көмегімен  идеологиялық  қоңдырғы  орнатуға  ұмтылуда.Террорлық идеология өмірді құндылық деп  қабылдамайды.Өлімді дәріптейді.Террорлық  идеология-жанкештілерді  бұл  дүниедегі бақытты өмірге емес  о дүниедегі  мәңгілік  бақытқа  жетелейтін  жалған  мұратпен  арбайды.Утопиялық  сарындағы жаһандық  халифат  құруға  шақырады. Еліміз  бұл  індетпен  күреске  ерекше  назар аударып  отыр. 2013-2017жылдарды  қамтыған  және 2018-2022 жылдарға  арналған  терроризмнің  алдын-алуға  арналған  мемлекетттік  бағдарламалар  лаңкестік  идеологиясына  қарсы айқын ұстаным мен сыни  көзқарасты  қалыптастыруды  көздейді. Мемлекетіміздің  Жусан- I және  Жусан-II, Жусан-ІІІ гуманитарлық операциясын  жүргізуіндегі  мақсат  діни  сауатсыздық  салдарынан  шалыс  басқан қандастарымызды  елге  қайтару. Сирия  және  Ирак  елдерінен  оралғандарға қайта  оңалту  орталықтарында  жан-жақты  әлеуметтік, психологиялық, теологиялық  көмектер  беріледі. Сонымен қатар елімізде халықтың діни сауатын арттыру мақсатында Республикалық және қалалық ақпараттық түсіндіру топтары құрылып, әр аймақта өз жұмысын жүргізіп жатыр. Алматы қаласының өзінде Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг және талдау орталығының» бастамасымен жылына жүз мыңнан аса адамды қамтитындай іс-шаралар ұйымдастырылып, бұл істе басым көпшілігі жастарға назар аударылуда. Арнайы статистикаларға сүйенсек деструктивті діни ағымдардың қатарына жастардың кету жағдайы соңғы 2-3 жылда едәуір азайған.

Қазіргі дінтану ғылымы үшін діннің адам  мен қоғамға ықпалы және саяси-әлеуметтік факторлардың діни мінез-құлыққа ықпалын зерделеу маңызды болып отыр.

ХІХ ғасырдың ортасында дінтану ғылымында дін социологиясы қалыптасты. Дін әлеуметтануында діннің қоғамдық негіздері, діннің құрылымы мен қызметі, қоғамдық жүйедегі діннің рөлі қарастырылады. Бүгінгі өркениетті қоғамда тұлғаны қалыптастыру рухани-адамгершілік кемелдену және білім мен тәрбие беру арқылы іске асады. Тәрбиелеу процесінде ұлттық және адамзатқа ортақ құндылықтарды үйлесімді үйлестіру және зайырлылық қағидаты негізінде жастардың діни санасы мен рухани әлемін қалыптастыру үшін исламнның дәстүрлі құндылықтарын қоғамның әлеуметтік-мәдени жағдайына, елдік діл мен ұлттық дүниетанымға сай байыппен, байсалды түрде тиімді қолдану керек. Әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани құндылықтарының негізінде бейбітшілік, әдептілік,әділеттілік, теңдік, сабырлылық, төзімділік сынды әмбебап ұғымдар жатыр.

Қазақ қоғамының рухани түрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Еліміздегі әлемдік және  дәстүрлі діндердің жалпы адамзаттық  және гуманистік құндылықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы атқаратын рөлі бағамдау  маңызды.

Дәстүрлі діндердің құндылықтық  бағдары қоғамымызда достық пен түсіністік жолына қызмет етуі тиіс.Заманауи  қоғамда –  діни және этникалық топтар өзекті мәселелерді ортақ шаңырақтың берекесі үшін сұхбат және  төзімділік пен әлеуметтік әріптестік негізінде шешеді.Қазақстандағы дінаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін –  гуманистік және ұлттық құндылықтар негізінде зайырлы  ұстанымдағы діни сана қалыптастыру маңызды.

 

Бағдат БЕЙСЕНҰЛЫ, философия ғылымдарының докторы