ЖАУ КЕТКЕН СОҢ ҚЫЛЫШЫҢ ТАСҚА

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министр өзге министрлер мен әкімдерді ел бойынша бағаның көтерілуіне байланысты сынады. Сонымен қатар, жазалайтындығын да қатаң ескертті.

Естеріңізде болса, осыдан үш ай бұрын біз фейсбук әлеуметтік желісінде тікелей эфирде дәл осы мәселені көтеріп едік. Бағаны бірқалыпты ұстап тұруға әкімдіктердің әлі жетпейтінін, барлық сауданы өз бақылауында ұстап отырған монополистерді құртпай, бағаны төмендету мүмкін еместігін ескерткен едік. Бағаның көтерілуін Қазақстан бойынша бақылауға алу қажеттігін де қайта-қайта айттық. Себебі доллар құнының бірде төмендеп, бірде өсуі барлық салаларға өзінің кері әсерін тигізеді. Доллар мен теңге ара-қатынасы теңселіп тұрғанда сырттан келетін шикізат бағасы қымбаттап, біздің саудагерлер ішкі өнім бағасын көтеретініне де баса назар аудартуға тырыстық. Ашық бәсекелестік жоқ болғандықтан да осындай мәселелер туындап отыр. Сол кездегі біздің барлық сөзіміз жетім қалды, ешкім құлаққа аспады.

Сонымен қатар, Үкімет басшысына осы мәселе жөнінде тікелей жолдау да жасағанбыз. Ал бүгінде доллар бағамының барлық тауар мен қызмет түрлеріне әсер етіп, бәрінің де бағасы жаппай көтерілген кезде оны төмендету мүмкін емес болып қалды. Осындай түсінбеушілікті көрген кезде ішің күйеді екен. Үкімет басшысы шыншыл айтатын қоғамдық ұйымдарды өзіне кеңесші ретінде тарту керек. Әйтпесе, бәрі бос болады, себебі олар xалықпен тікелей жұмыс істеп, олардың қажеттілігін түсінеді, сонда мұндай ұйымдар екі арадағы жалғаушы көпір іспеттес болады. Бүгін Премьер-министр тапсырма берді, бірақ ертең соның сұрауын сұрап, есеп талап етіп, нәтижесін тексеріп, шаралардың қолдануын қадағалап, тапсырманың орындалуын қатаң бақылауы керек. Бізде көбінесе осы жағы ақсап жатады.

Азаматхан Әміртай