Жеңіс Қасымбек «FlyArystan» билеттері бағасының айырмашылығын түсіндірді

Үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбек «FlyArystan» компаниясының жарияланған және сатылып жатқан бағаларының айырмашылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысынан кейін тілшілер Үкімет басшысының орынбасарынан жарияланған 7 мың теңгелік билеттер неліктен аз сатылатынын түсіндіріп беруді сұрады.

«Жоқ, бұл шындыққа сәйкес келмейді. Өткен аптада мен өзім мониторинг жүргіздім. Жалпы, сатылып жатқан билеттердің 2 пайызы ғана басқа бағамен өткізілген. Негізінен бұл – компания жариялаған баға болатын. Мәселен, Оралға дейінгі ұшу бағасы – 12-13 мың теңге. Таразға дейінгі баға – 6900 теңге. Солай кете береді», – деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуына қарағанда, «FlyArystan» компаниясы сатып жатқан билеттер – нарықтағы бағадан екі немесе бір жарым есеге арзан. Сондай-ақ вице-премьер өз сөзінде жалпы билеттердің 2 пайызы неліктен қымбат екенін түсіндіріп өтті.

«Кейбіреулердің багажбен ұшатынын ескеру керек. Кейбір адамдар барлық билеттер сатылып кеткен кезде іздеп жатады. Бұл – динамикалық жүйе. 5 келілік багажға дейін рұқсат етіледі. Ал егер жүгіңіз 20 немесе 30 келі болса – баға да басқаша», – дейді Жеңіс Қасымбек.

inform.kz