
Алматыда қамқор азаматтардың бастамашыл тобының қатысуымен Димаш Құдайбергеннің қабырға суретін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Сонау 2020 жылы Димаштың жанкүйерлері оның құрметіне Алматыда қабырға суретін – муралын салған болатын. Оның орындаушысы алматылық суретші Батыр Сәдуақасов болды.
«Жоба үлкен қиындықпен жасалды, ол ресми органдармен келісу мен қаржылық қолдауды қажет етті. Бізге бояуға, роликтерге, мұнараны жалға алуға, проекторға ақша керек болды. Осы кезде алматылық кәсіпкерлердің бірі бастаманы қолдап, әлемнің 65 еліне белгілі қабырға суретін жасауға демеушілік жасады. Ең бастысы, Алматы Димаштың суреті салынған алғашқы қала болды. Өткен жылдың күзінде әкімдік үйге жөндеу жұмыстарын жүргізді, оның барысында қабырға жабыны айтарлықтай бүлінген», – дейді қабырға суретін жасауға бастамашы болғандардың бірі Ерлан Ибрагим.
Қалалықтардың бастамашыл тобы қабырға суретін қалпына келтіруге қаражат жинап, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге қала әкімдігінің келісімін алды.Осыған дейін Алматы қаласында Қабанбай батыр мен Сәкен Сейфуллин көшелері қиылысында мурал салынғанын Димаш Құдайберген өзінің Instagram парақшасында жазған болатын. «Жерлестердің сыйлығын көргенде жүрегіме жылулық орнап, іштей рахметімді айтқан болатынмын. Алайда Димаш Қонаевтай ұлы тұлғаларымыз тұрғанда жас буын өкілі өзінің алып суреті жайлы жар салғаны ұят болар дедім де, үндемедім. Қазіргі таңда, осынша қиын жұмысқа еңбегі кеткен азаматтарға алғыс айтуды жөн көріп отырмын,», – деп жазды ол.
Димаш суретшілерге алғыс айтқан. «Қадірлі суретшілер, қолдарыңыз дерт көрмесін, туындыларыңыз жер шарын шарлап, қазақтың атын биікке көтерсін. Және барша қолдаушыларыма шын жүректен алғыс білдіремін. Көп рақмет!» – деді ол.