Болашақтықтардың қызығын қашан көреміз?!

743

Биыл «Болашақ» бағдарламасының жүзеге асырылғанына отыз жыл толады екен. Осы уақыт ішінде «Болашақ» дайындаған мамандарға көміліп қалуымыз керек еді. Өкінішке қарай, отыз жыл бойына дайындалған жастардың білімдері мен біліктіліктерін енді қашан сезінеміз деп емексумен уақыт өтіп жатыр. Әйтсе де жыл сайын миллиардтарды шетелдік оқу орындарына шашқан бағдарлама тоқтар емес. Дамып, шетел болып кеткеніміз де шамалы. «Болашақ» бағдарламасы – Қазақстанның бренді» деп мақтанғанда бәледейміз, ал қызығын қашан көреміз?!

Осы орайда, атап өтер жайт, бағдарлама жүзеге асырылған 30 жыл ішінде 12 мыңнан аса жоғары білікті кадр даярланған көрінеді. Олардың әрқайсысына жылына он миллиондай теңге жұмсалатынын ескерсек, бағдарламаның мемлекет бюджетіне қаншалықты салмақ салғанын байқауға болады. Тегін оқып, шәкіртақымен шетелде білім алып, елге қайтпай қалғандар саны да аз емес. Ведомство мәліметінше, «Болашақ» бағдарламасының 30 жылдық тарихында стипендиядан айырылған түлек саны, шамамен, 1 пайызды құрайды. Санға шақсақ, 180 адам. Қазіргі таңда ведомство өкілдері стипендиядан айырылғандар бағдарлама шеңберінде жұмсалған қаражатты толығымен өтеу үстінде немесе әлі де өтеп жатқандар баршылық екен. Ал бағдарлама өзін ақтады ма? Бұл сауалға жауап беріп жатқан ешкім жоқ.

Былтыр мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерде білім алған Қазақстан жастарының елге қайтқысы келмейтінін ашық айтқан болатын. «Бүгінде әлемнің үздік университеттерінде білім алған студенттер мен жас мамандар мейлінше, сол елдерде жұмыс бабымен қалғысы келетіні анық. Оған қоса, елге сапалы білім алып келген жастар үшін арнайы жұмыс ортасын қалыптастыра алмау себебінен түлектердің көбі өзінің кәсіби дағдыларын күшейту мақсатында Қазақстаннан қайта кетеді», – деген еді. Яғни болашақтықтар бітіріп келгенімен, мүмкіндігінше, кеткісі келіп тұрады деген болатын. Расында да қайта кетіп қалмаса, сол он екі мыңның үстіндегі жоғары білікті кадрлар қайда жүр қазір?! Ел ішін жайлаған қымбатшылық, тұралаған инфляция, білім мен медицина саласындағы қырғын мәселелер туындап жатқан тұста көрмесек, енді олардың қызығын қашан көреміз?!

Айтпақшы, шетелдің деңгейінде білім береді деп Назарбаев университетін де ашқан едік. Әйтсе де «Болашақтан» қол үзбей келеміз. Бітіріп келген жастар, ел экономикасын көтеріп, мемлекеттің дамуын жаңа бір деңгейге көтеріп тастамаса, беталды далаға ақша шашудың қажеті бар ма өзі?!

Ерзия ЕРСҰҢҚАР