Депутаттың міндеті сұрақ қою ма, заң шығару ма?!

1017

Ақын-жазушы, журналистерін депутат жасайтын жалғыз мемлекет біз шығармыз. Менің түсінігімде, депутат, ең алдымен, заңгер болуы керек. Содан кейін экономист болса, артық етпейді. Дамыған мемлекеттерде солай, әркім өз жұмысымен айналысады. Ақын мен жазушы кітап жазады, журналист баспасөзге қызмет етеді. Ал біздің депутаттардың арасында өнер адамдарының танымалдығы жоғары.

Сонымен, депутаттың қызметі не? Сұрақ қою ма, әлде заң шығару ма? Біздің парламенттегі ағайлардың көбінің заң шығарумен айналысатындай сауаты жоқ-ау деген күдігіміз басым. Депутат болып жүрген әлгі айтқыш-жазғыш ағай-апайлар – тастай мақала жаза алатындар, әдемі теңеумен, жұрттың көңіліне ұнайтын қызыл сөзді көпіртіп тұрып, сұрақ қоя алатындар. Болды. Басқа қабілеттерін көрген жоқпыз! Ондай сұрақты микрофон көтеріп жүгіріп жүрген телеарнаның тілшілері де қоя алады, қойып та жүр.

Қазақ «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деуші ме еді? Бұл сөзді әркім әртүрлі қолданады. Жалпы, айтылар түйіні бір. Ендеше, заң шығаратын қызметте неге заңгерлер отырмасқа? Неге экономика мен заң тетіктерін түсінетін маман бармасқа? Популистерге басқа алаң да табылар еді ғой. Мысалы, Назарбаевтардың жылжымайтын мүлкі туралы айтып, ҚазҰУ-дың жерін қайтарумен айналысқан, жерге қатысты от пен соттардың жуан ортасында жүретін бір адвокат бар, Бақытжан Базарбек деген. Парламентке сондай жігіттердің барғаны дұрыс!

Кешегі «Ақ жолдың» путиншіл депутаты Азамат Әбілдаев сияқты ақша санаған саудагерлерден мың артық олар. Жалпы, парламентке бизнесі бар, ақшалы топтардың қолшоқпарлары бармауы керек! Бизнесменнің мүддесі өзінің кәсібі, ол қандай заң шығарса да, өзіне пайдалы жағын есептеп, қара басының қамы үшін қарекеттенеді. Ал ақшалы топтардың қолшоқпары болып отырған депутат «крышаларына» қажетті заңдарға мұрындық болады. Кезінде ондай заңдар туралы талай айтылып, жазылған. Назарбаевтар әулеті мен сол клан үшін қызмет қылған министрлер мен әкімқаралардың бизнестері, басқа да мал-мүліктерін заңдастыру үшін уақытша заң шығаруға себепкер болып, қол көтерген депутаттар қаншама?

Әңгіме арасында айтқан Бақытжан Базарбек өмірде көрген адамымыз емес, бірақ әркім сәуегейлік танытып, «бес тиындарын» қосып жатқанда, ең бірінші болып осы жігіт есіме түссін. Айналысқан істері де кәкір-шүкір емес. Әділетсіздіктердің ең-ең жуандарымен күреседі. Мұндай батыл, адвокат ретінде білікті, заңды оқып-тоқыған, ең бастысы, шындыққа жаны жақын азаматтың парламентке барғанынан зиян шекпес едік! Тым құрыса, Бақытжан сияқты заң білетін бір-екі білікті маманды апарып, мәжілісті бір ет, бір май жасау керек! Әйтпесе, заң шығаратын парламент жазушылар одағы ма, театр ма – қойыртпаққа айналып кетті.