
Еліміздің атақты «жағымпазтанушы ғалымы» Қисық Түзелмесұлымен сұхбат
– Ассалаумағалейкүм, еліміздің атақты «жағымпазтанушы ғалымы Қисық Түзелмесұлы, мен «Тікенек» газетінің тілшісімін, атақты ғалымдармен сұхбаттасып жүр едім. Сіздің де атағыңыз жер жарып тұр ғой. Сұхбаттасуға қалай қарайсыз?
– Е, келе ғой, тілші «бала», не сұрайын деп едің?
– Қисеке, жағымпаздықтың елімізді «жаулап» бара жатқандығын жақсы білесіз. Сіз жағымпаздықты «сіңіріне» дейін зерттеп, түбіне жеткен ғалымсыз, ғылым докторысыз, академиксіз. Құпия болмаса айтыңызшы, жағымпаздық дегеніміз не? Ол адамдар бойына қалай бітеді, туа біте ме, яғни, тұқым қуалай ма, жоқ әлде «жол-жөнекей» біте ме?
– Өте орынды, өзекті, заманауи сұрақ. Бұл мәселеге мен де көп жыл бойы басымды қатырдым, ғылымға әбден «шатылдым», жағым суалып, өңім қуарып, «иттей» болып арықтадым, ақырында жағымпаздықтың «өнер» екендігін, жағымпаздардың «артистер» екендігін анықтадым.
– Әп, бәрекелді, Қисеке, «ерінбеген етікші болады» дегендей, сіз де ерінбеген екенсіз. Сонда мұны ғылыми жаңалық ретінде ашып тұрсыз ғой.
– Әрине, жаңалық аспаннан түспейді ғой. Осыны дәлелдеу үшін жарты ғұмырым кетті.
– Жарты ғұмырым дейсіз бе? Апыр-ай, неткен еңбекқорлық! Өзіңізді ғылым жолында «құрбандыққа» шалған екенсіз-ау.
– Енді қалай деп едің. Ғылым жолы ауыр ғой. Осы ашқан жаңалығым үшін ғылым докторы болдым, академик атандым, мемлекеттік сыйлыққа ие болдым.
— О, еңбегіңіз жанған екен. Табысыңызға тілектеспін. Осы жаңалықты сіз ашпасаңыз не істер едік? Жағымпаздықтың «өнер» екендігін, жағымпаз-
дардың «артистер» екендігін өмірбойы білмей өтер едік. Қандай өкінішті болар еді. Бұл жаңалығыңызбен елімізге қаншама өлшеусіз пайда әкелдіңіз. Ғажап!
– Түсінгеніңе рахмет! Мұны түсінбейтіндер де толып жатыр. Ғылымсыз ілгерілеу жоқ қой.
– Әрине. Қисеке, жағымпаздық пен жағымпаздардың анықтамасын «ғылыми тұрғыда» «керемет дәлелдепсіз». Ал енді жағымпаздар қалай «пайда» болады? Бұл туралы ғылым не дейді?
– Жағымпаздық өнер болғандықтан, «ол» адамдарға «қонады». Жағымпаздық кез келген адамның қолынан келе бермейді және кез келген адамға қона бермейді. Мәселен, әншілік өнер мың адамның ішінен біреуіне қонатын болса, жағымпаздық та адамдарды «таңдап-таңдап» қонады. Жағымпаз адамдар өте сезімтал келеді және «махаббатшыл» болады. Олардың әсіресе қолында билігі көп адамдарға сезімі тез оянады және «сразу» «ғашық болады».
– Ғашық болады дейсіз «кісі керемет жағымпаз еді, баласы Бұзаубай да өзінен аумай қалды. Анау Көкіректің Кеудебайы да әкесінің аузынан түскендей жағымпаз. Мұндайлар көп қой, қайсыбірін айтып тауыса аласың.
– Қисеке, жағымпаздан жақсы адам тууы мүмкін бе?
– Қандай жақсы адамды айтып тұрсың?
– Мәселен, өтірік күлмейтін, мысықты арыстан деуді білмейтін, жаны тек шындықты ғана сүйетін, ақиқат үшін күйетін, қандай «тақта» отырса да, ұрыны ұры деп білетін, тек әділдік жолымен жүретін адам тууы мүмкін бе?
– Айналайын, тілші бала, өзіңнің руың кім еді?
– Таз ғой.
– Таз болсаң, маған балдыз болдың ғой. Мені жезде деп атай бер. Балдыз, «данышпан» қазақ «Бір биеден ала да туады, құла да туады» деп тегін айтпаған ғой. Біліп айтқан. Егер осы «теорияға» сүйенетін болсақ, жағымпаздан «батыр» да туып қалуы мүмкін. Бірақ мұндайлар таздың басындағы шашындай сирек. Негізінде жағымпаздан жағымпаз туады. Бұл «ғылыми дәлелденген».
— Жездеке, жағымпаздан жағымпаз туатындығын нақты мысалдар арқылы «ғылыми тұрғыда» «керемет дәлелдеп бердіңіз». Ал енді «жол-жөнекей» жағымпаздық адам бойына қалай бітеді? Бұл туралы «ғылым» не дейді?
– Жол-жөнекей жағымпаздықтың ғылымға еш қатысы жоқ. Өзінің аты айтып тұрғандай, мұндай «қасиет» адамдар бойына өсе келе «жол-жөнекей» бітеді. Бұлардың бойында жағымпаздық «ұрығы» жоқ. Бірақ жағымпаздыққа итермелейтін «күштер» бар.
– Ол қандай күштер?
— Мансапқұмарлық, билікқұмарлық, атаққұмарлық және басқа құмарлықтар. Осы күштер жағымпаз болып тумаса да, оған еліктеуші адамдарды жағымпаздыққа «сүйреп» әкеледі. Мұндай адамдар жағымпаздықтың «тәтті дәмін» бір татпасын деңіз, татты екен, бітті, өзі «мемлекеттік сыйлық» алғанша қарғаша қарқылдап, «тақтағы «Мырқымбайға» құлдық ұрып, дамыл таппайды. «Тума» жағымпаздарға қарағанда бұлар бет қаратпайтын әлдеқайда дүлей келеді.
— Дегенмен мақтағанды жоғары биліктегілердің бәрі бірдей жақтырмауы да мүмкін ғой.
— Мүмкін. Бірақ жағымпаздар жақтырған- жақтырмағанына қарамайды. Олар мақтағанға мәз болып, «ісіп-кебетіндердің» біздің биліктегілерде аз емес екендігін жақсы біледі. Ондайларды жағымпаздар көш шақырымнан «иісінен» сезеді. Бұлардың мұрындары керемет иісшіл келеді. Сосын «құйрығын бұлғаңдатып», өтірік күліп, рөлге кіріп, әлгі биліктегі мақтаншақтың «төплиін» көпшілік алдында «жалай бастайды».
– «Төпли жалауға» ел-жұрттан қалай ұялмайды?
– Ойбу, балдызым-ай, олар артистер ғой, рөлдерде ойнап тұр ғой.
— Жарайды, жағымпаздар солай-ақ болсын. Бірақ солардың «маңырағанына» биліктегі шенеуніктеріміздің «құйрықтары» неге «шелектей» болады? Бұл туралы «ғылым» не дейді?
-Жалғыз құйрығы емес, «ғылыми негізге» сүйенсек, шенеуніктер өтірікті шындай қабылдайды, соған көңілі шалқып, жаны жадырайды, жүрегі лүпілдейді, бүйрегі «бүлкілдейді», кеудесі «ысқырады», өңеші «қышқырады», табаны ысиды, арқасы қышиды, құлағы шуылдайды, алақаны дуылдайды», миы «кебектей», «құйрығы шелектей» болады. Өйткені, бүкіл ағзасы, дене мүшелері «иесімен» бірге мәз болып жатыр. Мұның бәрі «ғылыми дәлелденген». Бұған күмән келтіруге болмайды.
– Жарайды, күмән келтірмейін. Бірақ соншама дақпырт «тақтағы» «Мырқымбайға» не үшін керек?
— Балдыз-ау, абырой, бедел, атақ дегеніңіз аспаннан «аяғы салбырап» түспейді ғой. Мәселен, ғалымдар жоғары ғылыми атаққа жету үшін жылдар бойы көз майын тауысады, жете алмаса, орта жолда «есі ауысады». Жемқорлар да қарпып жеудің «қызығына» түсіп кетеді, жей алмай қалса, ішіп кетеді. Соттар да қылмыскердің қылмысын дәлелдей алса соттайды, дәлелдей алмаса оттайды. Көрдіңіз бе, абырой, бедел, атақ дегеніңіз шын мәнінде оңайлықпен келмейді. Сондықтан да біздің биліктегі «мырқымбайларға «жәкеңдердің», «ғашықтық» «жалынды» сөзі ауадай қажет. «Жәкеңдер бірінен-бірі озу үшін «додаға» түсіп, сөз жарыстырады, содан жоқтан бар жасап, мырқымбайлардың бірін ғұлама, бірін әулие, бірін пайғамбар қылып, пікір қалыптастырады. Мінеки, олар үшін атақ, абырой, мәртебе дегеніңіз осы. Ал сен болсаң дақпырт не үшін керек дейсің.
— Апыр-ай, жездеке-ай, сіздің ғалымдығыңызға, көрегендігіңізге айтар сөзім жоқ. Айтыңызшы, біздің елде жағымпаздар қалай қаптап кетті? Бұл туралы «ғылым» не дейді?
– «Ғылыми негізге» сүйенсек, жағымпаздарды «мырқымбайлар» емес, қоғам тудырады. Мырқымбайлар сол қоғамның «шапанынан шыққан өнімі».
Біздің қоғамның отыз жылда қол жеткізген керемет «жетістігі» кадрларды білімділігімен, іскерлігімен, дарынымен емес, жағымпаздығымен бағалайтындығы болды. Жағымпаздық биліктің ең төменгі сатысынан бастап, ең жоғарғы сатысына дейін «жаулап» алды. Жағымпаздық «мамандықтың» қыр-сырын жетік меңгерсең, «төбең көкке» жетті дей бер. Атақ та, абырой да, мансап та желдей құйғытып, жетіп келеді. Бұл біздің қоғамды ұшпаққа шығаратын жалғыз «жол». Басқа жол жоқ.
Жағымпаздықты «қояншық ауруы» деп санайтын да қоғам бар. Оны демократиялық қоғам дейді. Сенің баяғы ата-бабаң сондай қоғамда өмір сүрген. Есікте жүрген малшы да, жалшы да «дат, тақсыр» деп қойып, «сай-
рай» беретін. Бірақ одан кейін «жұлқынып», «көзі шатынап» келген кеңестік қоғам да, бүгінгі қазақ қоғамы да «дат, тақсырыңа» пысқырмады, «құйрыққа қыстырмады». «Дат» десең, «арқасы құрысып, шекесі тырысатын» болды. Жаңа тәуелсіздік алған қазақ қоғамы еш жаңалық ашпады, биліктегі мырқымбайлар демократиядан қашып, елді автократияға бастады. Демократтар қатты састы, елде автократия «ұрығын» шашты. Онымен мыңдаған шенеунік
«ұрықтанды», сөйтіп демократия құрықталды. Автократияға жағымпаздар майдай жақты, кеуделеріне орден, медаль тақты. Бұлар биліктің «бұлбұлына айналды, шындыққа тілі байланды, ақиқатты таптады, таққұмарларды мақтады. Әнеки, елде сен айтқан жағымпаздар осылай қаптады.
— Әп, бәрекелді жездеке, керемет айттыңыз. Енді сіздің академиктігіңізге еш күмәнім жоқ. Енді не істейміз? Жағымпаздар елімізде осылай «маңырап» жүре бере ме? Қоғамның қазіргі күйі қалай?
— Қазіргі қоғамымыз Абай атамыздың «не ол емес, бұл емес, менің де күнім күн емес» дегеніндей, әрі-сәрі күйде тұр. Қоғамымыздың «Демократия» атты «жас сұлуға» «қырындағысы», «ғашық» болғысы да келетін сияқты. Бірақ әлі «ынжықтау». «Жүрегі» дауаламай тұр. Әрі отыз жыл бойғы «махаббаты» автократияны да қимайды. Егер «Демократия» «ханым» «бағы жанып» «таққа» отыратын болса, онда автократтар сасады, оның «шапанынан шыққан өнімі» жағымпаздар да «жан-жаққа қашады». Бүкіл қоғам өзгереді, амандық болса, оны да көз көреді. Күте тұрайық, тілші балдызым.
— Жездеке, жағымпаздықтың «қыр-сырына» көзімді ашқаныңыз үшін рақмет! «Ғылымда» бұдан да зор табыстарға жете беріңіз! Демократиялық қоғамда кездесейік.
Дамир ӘБІШЕВ