
Ұлттық рухтың мәйегіне айналған «Менің Қазақстаным» 2006 жылдың 6 қаңтарында мемлекеттік рәмізге айналды. Ерекше мәртебені иеленген әнұран сол жылы 11 қаңтарда президентті ұлықтау салтанатында тұңғыш рет гимн болып шырқалады. Біреулер бірегей әннің авторы – Жүмекен, өлеңді Шәмшінің идеясымен жазыпты десе, әлдекімдер оның сөзі Қалдаяқовтікі деп сәуегейледі. Шындап келгенде, «Менің Қазақстанымның» идеясы Қарағандыда туғаны көпшілікке беймәлім.
Әннің мәтіні Алматыда жазылғанмен, өлеңнің көркемдік ойы осы өңірде дүниеге келген. Жүмекен 1955 жылдың қыркүйек айында кеншілер шаhарына қадам басқан. Келу себебін сәл кейінірек баяндаймыз. Ол кез Сарыарқада егіннің жайқалып піскен уақыты. 1956 жылдың тамыз айында жұмысынан біржола босатылып, Алматыдағы консерваторияға білім алуға бара жатқанда егінжайға тағы да көзі шалады. Сол жылы одақ көлемінде 1 млрд пұт астық алған үкіметіміз Ленин орденін иеленеді. Алматыдағы тәуелсіздік алаңында диқандар даңқын әспеттеген салтанатты митингі өтеді. Толқулы сәтті тамашалауға барған консерватория студенті Жүмекен Арқа даласында жайқалған егінжайды жадында жаңғыртқан.
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Думанды бастады,
Далама қарашы,
Кең екен Жер деген,
Жерге дән шықты ғой,
Дән егіп терлеген
Қазағым мықты ғой!
Қазақ рухынан жаратылған дән де, Жүмекен де еңбектен шықты. Ұлт өз болмысын бар қалауын, аңсауын, арманын, аңсарын ұлы еңбекпен көрсетті. Өлең қайырмасында ақын мына жер маған тән, тиісті дейді. Ол ел, жер үшін гүл болып егіліп, жыр болып төгіледі. Эмоциялық әсері ғажап! Ән айтылғанда бәріміз жұдырықтай жұмыламыз. Осыны аңғардыңыздар ма? Ет жүректі елжірететін «Ел» сөзі ежелден мемлекет деген ұғымды білдіреді.
Бұландай толқыған әсерлі сәтін ақын 25 қазан күні қағаз бетіне түсірген. Бұл күн бүгінде Қазақстанда ұлттық мереке-республика күні. Менің ойымша, Жүмекеннің алғашқы мәтінін қаз-қалпында қай оралу керек, – дейді ақын өлеңдерінің құқықтық қырын зерттеген, «Менің Қазақстаным – Жүмекен» кітабының авторы Марат Азбанбаев.
Кеншіден консервоторияға жол
Жүмекен Нәжімеденов 1955-1956 жылға дейін Қарағандыдағы көмір комбинатының Сталинуголь, қазіргі Майқұдық тресіне қарасты №33-35-ші шахтада комбайнердің көмекшісі болып еңбек еткен. 1955 жылдың 25 қарашасында ол кеншілердің ән-би ансамблінің мүшелігіне қабылданды. Абыройы алысқа жайылған ансамбль көркемөнерпаздарымен ол Мәскеуде өткен өнер күндеріне де қатысты. Таланттың танылуына өңірдегі кеншілер одағы ұйымының төрағасы болған Әукенбай Кенжин тікелей ықпал еткен.
— Кенжин кеншілер бүкілодақтық байқауының мәнін, мағынасын, маңыздылығын жете түсінді. Ол жұмысшылардың мақсат-мүддесімен қатар, қазақ ұлтының да мүддесін ұмытпады. Байқауға ұлтымыздың төл туындыларын кіргізуге бел шешті. Әрине, бұл іске бүкіл республика, облысы басшылары да қатысты. Бірақ шешуші сәтте Әукебай атамыздың ұсынысы қолдау тапқан. Туған елінің қымбат құндылықтарын қадірлейтін Кенжин одақтық байқауға Қарағанды кеншілерінің заңды түрде қатысуына көп мұрындық еткенін айта кеткен ләзім. Мәскеудегі мәртебелі концертке баратындардың қатарында 33-34 шахтаның кеншісі Жүмекен де болады. Ол кеншілердің ансамблінде 1955 жылдың 1 қазанынан бастап солист-орындаушы ретінде қабылданған. Мұрағатта оның өз қолымен толтырған үш есеп құжаты бар. Ақын хорда ән айтатыны жазылған. Көптен күткен дүбірлі жарысқа Қарағандының өнерпаз-кеншілері 1956 жылдың 8 ақпанында аттанған. Өнер сапары 20 күнге ұласады. Қызыл алаңда өткен өнер байқауынан Қазақстандық өнерпаз кеншілер жүлдегер атанып оралады. Ол жайында «Правда», «Известия» газеттерінде мақала жариялады. Жүмекең лавадағы жұмысына қайта кіргенде, Қазақстанның тың және тыңайған жерлерінен миллиард пұт астық беру міндеті енгізіледі. Жұмекен сол жылы 5 шілдеде шахтамен қоштасып, Алматыдағы консерваторияға оқуға жүруге қамданған. Комсомолдық жолдамамен келген талантқа кен өнеркәсібінің ықпалды басшысы Кенжин кенеттен шахтадан кету жөнінде санасына сілкініс тастайды. Үлкен жүректі өнер қолдаушысы Әукенбай Келмағанбетұлы құзыретті жетекшілердің тілін тауып, танылмай жүрген дара дарынның өз жолын табуға табанды түрде атсалысады. Атағы мен ақылы Алатаудай болған тау тұлғаның ақ тілеуі қабыл болып, Жүмекен 1956 жылы консерваторияға оқуға түседі. Ақынның жары Нәсіп апай айналасындағыларға Қарағандыда Кенжиннің шарапатын көп көргендерін аузынан тастамай айтып жүрген екен, – дейді Марат Ақторғайұлы.
Әуелетіп шырқайтын әнұранымыздың тағылымды тарихы осындай. Айтпақшы, ару Алматыдағы өнер ордасында Жүмекен шығармашылық серігі, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовпен қатар оқып, Қарағандыдан шыққан даңқты дирижерШамғон Қажығалиевтен дәріс алады. Баянды шағын Арқада бастаған Жүмекен Нәжімеденовтің өнерін өрге жүздіруге Әукенбайдай абзал азамат ықпал етпегенде, «Менің Қазақстаным» тумаспа еді, бәлкім?..
Айтбала Сүлейменқызы