
Редакциядан: Әдебиеттанушы Ермек Қаныкейдің мақаласында Әуезовтің әдебиетке, әдеби шығармаларға, жазушыларға берген бағасы туралы жалпылама пайым, одан ары ұлы жазушының алдын көрген студенттердің тапсырған емтихандары, алған бағалары туралы нақты архивтік мағлұматтар беріледі.
Мақалада осы күні әдебиетте аты белгілі ірі тұлғалардан бастап, «Әуезовтің өзінен «бес» алған адам, неге көрінбей қалды екен» дегізерлік, көпке белгісіз адамдардың аттары аталады.
Әдебиетте әуезовтік баға бар. Әлбетте, әдебиет – үлкен кеңістік. Қазақ әдебиеті десек, өзімізбен шектеліп қаламыз. Сондықтан әлем әдебиеті ауқымында айтқан, жазған Әуезовтің бағалаулары осындай тіркес тудыруға түрткі болды. Бізден бұрын бұл сөзді ешкім айтқан жоқ дей алмаймыз: айтылған, бірақ нақты бір адамның атын атап көрсетуге дерек таппадық. Біреулер тауып, көрсетіп жатса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Жазушының мерейтойы қарсаңында, жалпы әдебиеттану ғылымының үдерісінде өткен әр жылдардағы ғылыми-теориялық конференциялардың материалдарын қараған адамға жоғарыдағы сөзіміз түсінікті дейміз. Жаңалық та, таң да емес: айтылған, жазылған. Бір ғана «Әуезов және әлем әдебиеті» деген кітаптардың саны қанша екенін санағанымыз жоқ, әйтеуір жалғыз емес. Елімізде қанша ғылыми-зерттеу институт (гуманитарлық бағыттағы), ЖОО мен колледж, т.т. бар болса, солар бір рет болса да осы тақырып бойынша іс-шара өткізді және соның нәтижесі бар деп санауға болады. Бұны айтып отырғанымыз, тақырыптың ғылыми жағы басым болғандықтан, қалың цитата келтіріп жатпай, жалпылама нұсқап кетсек деген мақсат көзделді.
Әуезов әдебиеттің арғы-бергі дәуірінен бастап, өз замандастарына дейін қаншама еңбек оқыса, соның көбіне пікірін жазып жүрген. Оқыған кітаптарға белгі қойып отырады екен (түрлі-түсті карандашпен кітаптың бетіне ойларын жазса, кейде «?», «!» түріндегі белгілер де кездеседі). Бір мысал, мұражай-үйіндегі №563 бумада: Вольтердің философиялық хаттарын; Джон Голсуорсидің «Сага о Форсайтах» романдар сериясын; Герцен мен Белинскийдің еңбектерін, Чернышевскийдің «Письма без адреса» мақаласын оқып, олар туралы шағын конспектілер жасаған блакноты сақталған. Осындай материалдары әр кездегі әдебиет жайындағы еңбектерін жазу барысында пайдаланылған, ал кейбіреулері қолжазба күйінде қалды…
Бальзак, А. Франц, Пушкин, Гоголь, Толстой, Достоевский, Тургенев, Чехов, Шолохов, Хемингуэй, Горький, А.Толстой, Ш.Айтматов, т.б. шығармаларына жазған әуезовтік бағалар бізге кезеңдік көзқарастардың құрсауында қалмаудың үлгісін көрсетіп берді. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласына» берген бағасын әулиелік деп шырқатудың керегі жоқ, оның әдебиеттік әділ баға екенін жас жазушы шығармашылық жолымен дәлелдеді. Сол сияқты «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деген кездесу кешінен туған мақаласы қазақтың қауырсын қанат ақындарын бір-екі өлеңімен-ақ тынысын таныған әуезовтік баға. Мұндай мысалдарды жазушының әрбір мақаласынан алып көрсетуге болады. Айталық, фольклорлық мұра, «Әдебиет тарихы» кітабы, «Айтыс өлеңдері», драматургияның кейбір мәселелері, аударма, сын, кино саласына қатысты мақалалары мен жалпы өнер туралы еңбектеріндегі теориялық анықтамаларға айналған ғылыми тұжырымдары аз емес. Сондай-ақ, тіл, дін, тәрбие, ұлттық сана, тәуелсіздік, ғылым-білім, әдебиет пен жеке тұлғалар туралы айтқан кейбір сөздерінің көрнекі жерлерде жазылып тұрғанын да көріп жүрміз. Ал Абай жайындағы тұжырымдардың бастауы мен аяқталуында Әуезовтің ойлары тұрады, одан ары кетіп, алабөтен пікір айту оңай емес. Мәселеде, Абайға бірдеңе қосу үшін (қоспай-ақ қоялық, әуелі түсініп алайықшы!) оны бүлдіріп алмауды қаперге қатты ұстау керек. Бұған Алаш қайраткерлері мен Әуезовтің бағалары негізгі нұсқа деп ұғамын.
«Әлқисса» деп эпостық жыршылар айтпақшы, қалың-қалың кітаптар жазған әлемдік классиктер жайындағы Әуезовтің үлкен ауқымдағы салмақты ойларымен оқырманды жасқамай, негізінде тура мағынасындағы бағаны сөз еткіміз келген. Кіріспенің кіріспейтін жері жоқ! Тақырыпқа өте-мөте қатысты, осы аздаған кіріспе сөздің қысқа қайырылған себебі – әдебиеттегі әуезовтік бағаны шолып өту үшін керек болды.
Осыдан оншақты жыл бұрын арнайы гранттық бағдарламалар аясында жазушының шығармашылық өмірбаянын зерттеушілер қатарында ұжымдық монографияға тарау жазғаным бар. «М.О.Әуезовтің ғылыми-педагогикалық қызметі» (1917-1930 жылдар) деген сол тарауда жазушының осы бағыттағы еңбектерін шама-шарқымызша, көрсетілген кезең бойынша тізбектеп едік. Сонау жиырмасыншы жылдардан басталған ұстаздық қызметі өмірінің соңына дейін жалғасты. Үзілістер болды. Оның тарихы жалпы жұртқа белгілі. Түрлі оқу орындарында дәрістер оқыды. Семей, Ташкент, Алматы, Мәскеу. Төрт қала, төртеуі де астана! Сондықтан оны тағы да тәпсірлеп жатпай, кітапқа енбей қалған «ұсақ-түйектер» – студенттер, дипломшылар, аспиранттар мен кандидаттарға берген бағаларын жинастырғанбыз. Ұстаздық қызмет дегеніміз – бағамен қорытындыланады. Бағаны сөзбен және санмен береді.
Сонымен, жазушының мұрағат қорындағы №263, №339, №433, №527 бумаларда мына студенттерге (аспирант, кандидаттар бар, бірақ сол кезде елге белгілі емес болатын) ұстаздың қойған бағаларын көрдік. Әлбетте олар көп, біз білмейтін «өте жақсы» баға алған студенттер мен дипломшылар кездеседі. Солардың қаншамасы Алматыда қала алмады, жолдамамен алыс аудандарға кетті, содан қалып қойды. Әйтпесе, бәлкім…
Ұстаз Әуезовтің қырқыншы, елуінші, алпысыншы (өкінішке қарай, жиырма, отызыншы жылдардағы мұндай мәлімет сақталмаған) жылдардағы бағалары сол уақыттағы студенттерге қойылған, қазіргі белгілі адамдарға емес! Әуезов блокноттарында олардың тізімін қалай жазса, солай көрсеттік.
Дипломшылар (жасыл түсті блокнот)1960/61 оқу жылы. Семинар. Декабрь 17 – 60 ж.
Оразахын Асқар (5 курс)
А. ғашықтық лирикасы (+5)
Сыздықов Керімбек (5 курс)
А. көркем өнер ойлары (5)
(Мұндағы қысқартылған А. Абайдың болуы керек.)
Аспиранты, дипломники, студенты 1950 г.
Мырзабек Дүйсенов (аспирант)
ІІІ курс Абаеведение. Зачеть 1950 г.
Болғанбаев Асет – (не сдал) зачет (отлично)
Канафин Ауэзхан – зачет (отлично)
1951. 15/ІV. ІІІ курс.
Зачет по Абаеведение (литературоведы)
Мамбетов Изтай – зачет (отлично)
Гумеров Машқар – зачет (отлично)
Құрышжанов Абжан – зачет (отлично)
Каримов Хасан – зачет (отлично)
Группа Б. Языковеды.
Жанпейсов Ербол – зачет (поср)
Заочники1952 г.
Сейдеханов Көбей. Тема: Абайдың ақындыққа, ән-күйге көзқарасы.
Аспирант КазГУ
Ордалиев Сейділдә.
«Дорожный болк» деген ақ түсті блокнот.
Байтанаев Амантай 5.3.5. отлично
Филфак ІІІ курс. 45-46 г. Зачет
Рүстембекова Разия – отлично
Шакенов Нұтфолла – неуд.
І курс журфак. 45-46. 27/V-46.
Есенгелді Жақыпов – зачет
Қыдырбеков Балғабек – хорошо
Жұмабаев Абилмажин – отлично
Кәкишев Тұрсынбек – отлично
Жамишев Абдраш – отлично
1960 ж. ІІІ курс. Блокнот қызыл қоңыр түсті. Сыртында Будда храмы суреті бар.
Мағауин Мұхтар – 5
(Абай поэмаларының ерекшеліктері)
І курс. Фольклор. Филфак. 1952 г. 20/І. Блокнот ақ түсті.
Абайділданов Адилбек – отл.
ІІІ курс. 1952. 25 март. Абаеведение (коллеквиум)
Уахатов Бекмұрат – отлично
ІІІ курс. Абайтану 1952. 29 декабрь.
Садырбаев Сұлтанғали – зачет (басқаларына жақшаның ішінде хорошо, отлично деп жазыпты – Е.Қ.)
Жүнісов Сәкен – зачет
Филфак. І курс. 1952/53
Жармағамбетов Тобық – отлично
Тлегенов Бекежан – хор.
І курс фольклор. Журналистики. 1953. 14 январ.
Тоғыбаев Совхозбек – хор.
Жанұзақов Тельман – отлично
1947-48. Журфак. Қоңыр түсті блокнот.
Бағаев Ұзақ – хорошо
Қазыбаев Кәкімжан – отлично+
Асет Болғанбаев – отлично+
Шамкенов Аманжол – отлично-
Ордалиев Сейділдә – отлично (филфак)
Адамбаев Балтабай – отлично (филфак)
Дүйсенов Мырзабек – отлично (филфак)
Қабдолов Зейнола – отлично
Алимқұлов Нұрсұлтан – хорошо
Аханов Кәкен – отлично+
Сарыбаев Шора – отлично
КазПИ. І курс. 46-47.
Рашев Мыңбай – хорошо
Сахариев Баламер – отлично
Нұрқатов Айқын – отлично
Амиров Рақыш – отлично
Байтанаев Амантай – отлично
Искаков Бүркіт – отлично
Журфак. 46-47.
Байжанов Сапар – 3
Исмайлов Төлеужан – 4
КазГУ. 45-46 г.
Шаймерденов Сафуан – отлично
Шәкенов Нұтфолла – неуд.
КазПИ. Филфак.
Соқпақбаев Бердібек – отлично (!)
Осылардың қатарында Р.Бердібаев, Ә.Кекілбаев, Р.Нұрғалиев, т.б. кездеспегеніне көңіліміз қоңылтақсып қалып, содан өмірбаяндарын қарасақ, КазГУ-де Р.Бердібаев аспирант, Р.Нұрғалиев филфактың журналистика бөлімінде оқыпты. Екеуі де Мұхаңның дәрісін тыңдаған, баға да алған болуы мүмкін. Демек ол біздің қолымызға түспеген басқа бір блокноттарында жатуы ықтимал. Әбіш Кекілбаевтың кездеспегеніне таңғалдық. Мұхтар Мағауин екеуі бірге оқыды ғой! Әлде тобы бөлек болды ма екен? Олай болса, Әбіштің тобындағы студенттердің алған бағалары болуға тиіс. Тек блокнот белгісіз қалды немесе сақталмаған, әлде олардан семинар, зачет, т.т. басқа профессор алуы ғажап емес. Анықтау мүмкін болмағандықтан, осылайша қисындауға тура келді. Бұл сөздеріміз Әуезовтен баға алған басқа да белгілі адамдарға қатысты деп санаймыз. Олар аз емес…
Жоғарыдағы студенттер қазақтың көрнекті тұлғаларына айналды. Әдебиетші-тілшілер, ғылым докторлары, ақын-жазушылар, ақын-сазгерлер, аудармашы, мемлекет қайраткерлері, журналистер, редакторлар, ғалым-ұстаздар, кейбірінен біздер дәріс тыңдадық, кейбірін көрдік те, ал білмейтіндер болса, уикипедияға аты-жөндерін жазып жіберсе, толық мәлімет тұр. Сондықтан олардың атақтары мен еңбектерін тізіп жатпадық. Соның ішіндегі шәкірттері: Бекмұрат Уахатов – ірі фольклорист; Б.Сахариев, А.Нұрқатов, З.Қабдолов, К.Сыздықов, Е.Жанпейісов, Рүстембекова Рәзия – М.Әуезов туралы ғылыми еңбектердің авторлары; ал Т.Кәкішев, М.Дүйсенов, Ә.Болғанбаев, Ә.Құрышжанов, К.Аханов, С.Ордалиев, Ш.Сарыбаев, Р.Әміров, К.Сейдеханов, Х.Кәрімов, Б.Ысқақов, т.б. ұстаздың қойған бағасын қаншалықты ақтағанын айтып жатудың қажеті жоқ. Әрине, Әуезовтен «өте жақсы», «+жақсы» деген баға алған екен, бәрі соған байланысты емес қой дейтін сұрақ туады, рас – біз де ондай ойдан аулақпыз. Іштей қазақтың мақтаулы азаматтары, ағаларымыз, ақсақалдар, кейбірі бұл дүниеде жоқ. Міне, солардың «өте жақсы», «жақсы» деген баға алғанын көргенде, қуанып қалады екенсің. С.Шаймерденов, Б.Қыдырбекұлы, А.Оразақын, С.Жүнісов, Б.Соқпақбаев, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Б.Тілегенов, Т.Жармағамбетов, І.Мәмбетовтер біз сүйіп оқыған авторлар.
Әуезовтік баға – «жақсы+–» және асты сызылған, «өте жақсы» да солай, ал кейбір «өте жақсы» (!). Бердібекке леп белгісін қойғанын көріп отырсыздар. Бұдан басқа, аспиранттарға тақырып беріп, ақыл-кеңесін айтып, жетекшілік жасаған ұстаздық еңбегі мен пікірлері, сөздері елу томдыққа (45-49 томдары) енген.
Ермек Қаныкейұлы,
«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени
орталығының қызметкері, ф.ғ.к.
(Жас Алаш, 2023 ж 4 мамыр)