ҚАЙРАН МАҚПАЛ! немесе қазақтың намысқой бір қызынан басталған дүрбелең

Таяуда Фейсбукте ойламаған жерден қызығы мен шыжығы мол студенттік шақтардың естелігіндей болып қалған «Қайран Мақпал» деген әңгіменің шетжағасы қылаң беріп қалды. Ұмытпасам, біздің үшінші курстағы оқу жылымыз басталатын 1983 жылдың күзі болатын. Тәуелсіздік күні мен Желтоқсан көтерілісіне қатысты арнайы айта кетуге болатын оқиға еді бұл…
Екінші курсты тәмамдап, ес жиып қалған кезіміз. Бізбен бірге өзіміздің журналистика факультетінің бірінші курсын бітірген Табылды, Бердібай, Әбілғазы, Әубәкір, Мақпал бастаған қыз-жігіттер болды. Қостанай облысындағы Боскөл деген ауылға барып картоп жинадық. Сол кездегі ҚазМУ-дің биология факультетінің өзіміз қатарлас студенттерімен бірге болдық.
Ол кездері ауылшаруашылық жұмыстарына осылай көмектесуге алып баратын еді. Боскөлде бізден бөлек, Рудныйдағы техникумда оқитын қыз-жігіттер (бәріне жуығы орыс ұлтының өкілдері еді) мен Алматы, Жамбыл облыстарынан келген шоферлар да болды. Қыздарымыз «Жамбылдың жынды жігіттері» деп қоюшы еді қалжыңдап. Жамбылдық жігіттерге арнайы тоқтап отыруымның да себебі бар. Бір күні асханада аяқ-астынан шу шығып, аяғы төбелеске ұласып кетті. Қазір бәрін ретімен айтайын…
Боскөлде жергілікті тұрғындардан бір-екі ғана орыстанып кеткен қазақты көрген шығармыз. Қалғанының бәрі өзге ұлт өкілдері, басым көпшілігі әрине орыстар болатын. Біздің өз қызығымыз өзімізде, басқаларда шаруамыз жоқ, күн сайын әнімізді айтып, биімізді билеп жүріп жаттық. Бәріміздің асханамыз ортақ болушы еді.
Бір күні әдеттегідей өзімен бірге жүретін қыздар үшін кезек алуға Мақпал есімді қызымыз – Мақпал Орынбетова асханаға сәл ертелеу келіп тұрады. Одан кейін Рудный техникумының жігіттері кезекке тұрған болатын. Артынша қыздар келіп Мақпалдың қасына кезекке тұра қалмай ма. Мұны көрген рудныйлықтар: «Вот пришли колбиты, как тараканы» деп кекетіп, мысқылдайды. Мына сөзге шыдамай, Мақпал кілт бұрылып, әлгінің жағасынан алып, ауыздан бір переді. Бұрыннан қазақтарды өздерінше төмен санап, ел қатарына қосқысы келмей, астамсынатын үстемшіл, шовинистік көзқарас сол кездегі орыс жастарының да көңілінде берік орнығып алған еді. Намыстан жарылып кете жаздаған Мақпалдың басқалай істеуі мүмкін де емес еді. Бұл жанжалдың аяғы үлкен оқиғаға ұласты.
Ертеңіне жігіттер ұйымдасқан түрде, егістіктің басына барып, автобустан түсе салысымен қолдарына ілінген затты алғаны алып, алмағаны өздері жұдырығын ала жүгіріп, топ-топ болып тұрған техникум жігіттеріне лап қойды. Әкесін танытып шетінен сабап, тепкінің астына алды. Алыстан көріп қашып бара жатқандардың соңынан жамбылдық жігіттердің машинасымен қуалап жетіп, соққыға жықты. Ұстаздарда өң жоқ-түс жоқ, кімге жүгірерін білмей сасып қалды. Тосыннан болған оқиға бәрін есеңгіретіп тастады. Әлгі, арқаларына өздерінше болып, скелеттер мен сүйек-саяқтардың суреттерін, небір жазуларды жазып алып, тайраңдап жүрген «блатнойсымақтар» бір демде жүні жығылып жым болды. Кіретін тесік, тығылатын ін таппай қалды. Өздерін алып жүрген қостанайлық автобустарға барып тығылып қана жандары қалды десе болады.
Содан жұмыс жұмыс болмады… Облыс орталығынан арнайы тікұшақпен ҰҚК-нің бір қазақ басшысы келді. «Геноцид қой бұл деген!» деп, біраз ұрысып, кінәлілер жазасын алатынын айтып кетті. Артынша, біздің жігіттердің ішінен де, техникумның балалары арасынан да біразы қамалып, тергеуге алынып, істі болды. Осының кесірі тиіп, биофактың бір-екі жігіті оқудан да шығып қалған болатын. Ұмытпасам, сол шығып қалғандардың ішінде Айтуған деген жігіт те болды-ау деймін.
Иә, солай. Бұл оқиға өзі Желтоқсан көтерілісіне апарған оқиғалардың бірі болды. Сол кездегі біздің курс 1986 жылы оқу бітірген болатын.
Негізі, мұндай тосын да, тосын емес ұлтаралық қақтығыстар талай рет болып тұрды. Оны ол кездері олай айтпайтын, жай ғана бұзақылыққа жатқызып, жазалап, жылы жауып қоятын.
Қазақ қыздары қай кезде де намысын қолдан бермеген. 1983 жылғы күзде Қостанайдағы Боскөлде орын алған оқиға да соның бір айғағы болды.
…Журналистика факультетінің жігіттері кіл таланттар, кілең мықтылар еді ғой. Артынша, әрі қорқынышты, әрі мақтанышты осы оқиға жырға, әнге айналып, Табылды Досымов болу керек деп ойлаймын, керемет туынды шығарды. Кейіпкерін Мақпал етіп алған әзіл-қалжың аралас әнді бәріміз қосыла айтып, рухтана шырқап жүрдік. “Мақпал батыр болмаса, өстер ме еді, Халқы оның ерлігін қастерледі” деп келетін жолдары бар-тұғын ішінде!Орын алған осы оқиғаға, шынында, қазақтың намысты қызы, қайсар қызы Мақпал себепші болды, сол бастап берген еді. «Аузы қисықтау», әжуаға құмарлау жігіттер кейіннен оны қалжыңға айналдырып: «Сайрандап қал селхозда сайрандап қал, Мерт боларсың бір күні қайран Мақпал!» деп айтатынбыз. Ал ол кезде сайрандау қайда! Көшеде, қоғамдық орындарда, автобустарда қазақша сөйлей алмай қорлық көрсеңіз, қандай ойдың құшағында жүрер едіңіз. Байқалмайтын басқыншылардан әбден зәбір көріп, жүрегіне қан ұйып жүрген қазақ жастары үшін титтей себеп керек боп жүрген еді… Негізі, бұл өзі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, Желтоқсан көтерілісіне байланысты кеңейтіп жазатын дүние. Сәтін салса, кейін әлі талай жазылады деген ойдамын.
(Әнуарбек Әуелбектің Фейсбуктағы парақшасынан алынды)