Қайыртай, Рүстемің қалай өскен!

Қайреке, қалыңыз қалай? Қызылкесіктің маңындасыз ба, әлде Ақсуат пен Семейде жақсылардың жанындасыз ба? Ол маңызды емес. Маңыздысы… «Алтын домбыра» өтіп жатыр. Елордада. Соған Рүстемжанның қатысып жатқанынан хабардар шығарсыз. Кеше жарады. Жарды деуші ма еді..

Жарады, Рүстем. От ауыз, орақ тілді екені бесенеден белгілі ғой. Саяси сауаттылығы артыпты. Тың идея тастаудың шебері екен. Қазақты қара жерге теңеді. Жер қозғалса не болатынын басқа білмесе де Ақсуаттың бір бөлігі әрі Зайсан жұрты жақсы біледі ғой. Алла сақтасын, қара жердің сілкінуінен.

«Жер деген алып қоңыр, планета бар,

сабырлы, сан сынаққа төзген әрі.

Адамзат ауық ауық өкпелетсе,

сілкінуден қалмайды өзге амалы..

Мен қазақты ұқсатам қара жерге,

шыдамменен одақтас ождан ары.

Анау – мынау нәрсеге қозғалмайды,

Қозғалса өте қатты қозғалады..».

Қазақ та сондай дегені ғой. Қозғалмасын. Жалпы, қазақты момынға балайды. Момын болған жақсы. Мүмін деген ұғыммен қабысады ау. Жуастың ашуы жаман. Тегінде. Сілкінбесін. Джохар Дудаевтан кезінде сұраған көрінеді: «Шешендер неге жатқан қасқырды туына бейнеледі?», – деп. Жауабын білесің бе? Іздеп, тауып ал. Әзірше айтпаймыз..

Тыныштық баға жетпес асыл дәулет.

Көрмесін көктеп шыққан жасың нәубет

«Соғыс деген мейрамы құдайсыздың»,

Сөйлесем Қайсенұлы Қасымдай боп.

Жиырмасыншы ғасырдағы соғыстардан,

адамзат шеккен қасырет шашыңдай көп…».

Қайреке, сіз соғысты көрген жоқсыз. Солай ойлаймын. Біз шет жағасын байқадық. Тіке араласпасақ та, соғыс алдындағы Иракты көрдік. Сондағы халықтың бойындағы үрейді байқадық. Шынын айту керек, сол жиырма шақты күннің айналасында өзіміз де қорқып жүрдік. Қасыңнан қару асынғандар ары-бері өтіп жатса, қарсы алдыңнан қайта-қайта танктер кезіксе, түн ішінде әлдебір жарылыстан шошып оянсаң… Рүстем дұрыс сезінген. Немесе:

Ол аздай атом деген апат келді,

жас талды қиып түскен жасындай боп…

Балқып кете жаздады бүкіл дүние

Самарқанның еріген тасындай боп…

Қит етсе қару ұстап қасқаяды

Бейбіт күн тыныштығының қасындай боп

Қырғи қабақ халықтар астанадан

Аттанады тату тәтті досындай боп…».

Қотиыны көп заман болды-ау. Қару ұстап, қарғып тұрады. Бірін бірі жарады. Өлім-жітім көп. Жаңалықтардың бел ортасында жүрген соң да білеміз, күн сайын ағылған ақпарат жетерлік..

Рүстем әлем халқы жоғары бағалап жатқан Сирия мәселесіне, оның Астана процесіне де аялдады. Әдемі ой. Әдемі ғой. Қырғи қабақтың бәрін жинап,  Астанадан алаң беріп, арыз-армандарын көзбе-көз айтқызу кез келген мемлекетке бұйыра салмайтын бақыт. Оған да бедел керек. Сенім ұялатуың керек. Саған сенсе ғана келеді, еліңе. Ұстап алуы, қастандық жасалуы әбден мүмкін ғой. Және олар жалғыз келмейді. Мүйізі қарағайдай ұйымдардың өкілдері, тіпті басшысы ат ізін салады.  Сосын әлгі ара ағайын елдерден. Мұны ақындар көбіне байқай бермейді. Рүстем жақсы аңғарған, және жеткізіп айта білді. Ақынның саяси сауатты болғаны тіпті жақсы.

…Кәрістер де үлгі алып біздің ұлттан,

Бір біріне құшағы ашылды ай кеп,

От пен оқтан сақтауда дүниені

Міне, менің үлесім бар осындай көп

Өйтпесе домалақ жер тұрар ма еді ау

Үйтілген қара қойдың басындай боп…

Міне, ұлтыңды бір көтеріп алудың жолы, халықаралық қарым-қатынаста ұпай ұстану. Біз енді спортқа жақынбыз. Жұмыр жерді мекендеген мемлекеттердің барлығы да олимпиадаға төрт жыл дайындық көреді. Мақсаты – жүлде алу. Солай бір бедел қарпып қалу, баяғы. Астана Сирия мәселесіне тіке араласа алмайды. Бірақ үйінің бір бөлмесін босатып беріп, басы піспей жүргендердің кеңесін өткізеді. Елбасы Манифест жазды. Не деді? «Әлемде соғыс болмасын», – деді. Алла сақтасын, от тұтана қалсыншы мына тірлік әдірә қалады. Тұрымтай тұсымен. Сондай зауал келеді.

Ал, кереметі… Кереметі – мынау: Ескертейік. Біз тыңдадық. Есте қалғаны. Сөз ауысып жатса айыпты емеспіз. Өйткені парақтан қарамадық. Айтқанын естідік. Сонымен, кереметі:

Білмейсің жыртыларын жағаң қай күн,

татулықты ту еткен бабаңдай кім…

Мен мысалы, Махамбет – Исатайдың

Мүсіндерін Шығыстан таба алмаймын

Керісінше батыстан байқамаппын

Ескерткішін Дәулетбай, Қабанбайдың

Арқада белгісі жоқ Райымбектің

Алатауда бюсті жоқ Бөгенбайдың..

Бәрінің тері тамып, қаны сіңген

Қазақтың төрт құбыла даласына..

Менікі сенікі дейтін көкпар емес

Ортақ олар үш жүздің баласына..

Мысалы, Махамбетті қойсақ қалай

Қасқайтып Өскемендей қаласына..

Бірліктің соны үлгісі осы емес пе

Астасқан Алтай Атырау арасында..»

«Қазақтың бірлігі үшін Қабанбай ескерткішін Ақжайықта орнатайық, Махамбет Алтай тауының етегінен елге көз салсын», – деді. Керемет қой, Қайреке! Біз осыған жеттік бар ғой, бұрын сондай едік қой, құдандалы ел дегендей, енді бабалар ескерткішімен алмастық бар ғой, ұтамыз! Қазақтың бірлігін балталасаң бұзылмайтын деңгейге көтереміз. Әңгіме, ұсыныста!

Бір ескерткішпен байланып қалу емес… өріс көп қой. Рүстем өсіпті. Өресі! Разы болды, кеше елі.

Аман  Сейітхан