ҚАЗАҚ ОЛЖАСТЫ ДА ТҮСІНЕ БАСТАДЫ…

Жалпы жиын қазақша өтті. Олжекеңді орысшыл дегендер кешегі жиынға келіп ақынның орыстар туралы айтқанын тыңдауы керек еді. Орекең “орысшыл” болса қазақтың тыныштығы үшін орысшыл болады. “Кəпір тоқ болса, мұсылман тыныш” деп орыстың сойылын соққан болады.

Елбасы Олжекеңе орысқа ие бол деген дейді. Бұл саясат. Саясат үшін айтылады ондай сөздер. Əйтпесе қазақты, исі түркі баласын Олжастай сүйетін кемеңгер сирек əлемде. Кешегі жиында ол анық байқалып тұрды. Мəселен кеше ол күллі өркениет пен мəдениет бастауын қазаққа əкеліп тіреді жəне оны ғылыми пікірлермен негіздеп айтты. Тіпті ежелгі Египет өркениетінің бас құдайының атын қазақтікі қылды. Олжекеңнің бұл пікіріне əлем ғалымдары аузын аша алмаған.

Өйткені Олжекеңнің пікірі өте дəйекті. “Аз и Я” шыққанда өзіңіз куəсіз орыстың елу академигі Олжаспен белдесуге шыдамай безіп кетті емес пе? Олжастың сол соққысынан кейін күллі еуроцентристік ағым есін жия алмай келеді. Олжекеңді терістеуге дəттері жетпейді. Олжас оларды баяғыда отын қылып тастаған телегей теңіз білім мен құдай берген данышпандықтың күшімен! Нәтижесінде Олжас ілімдерімен рухтанған түркілік сана оянды.

Жай сана емес, ғылыми сана. Орысың, дұрысы күллі отырықшың осыдан қорқып отыр қазір. Ол түркілердің өз бастауларын тауып, бірігіп кетуі. Ал жаңа замандық түркілік сана бастауында Олжас тұр. Оны қазақтан басқалардың бəрі мойындайды.

Болат Сыздық