Әбілқайыр ханның Елизаветаға жазған хаты табылды

 Ғалымдар қазақтар үшін қала салу жөнінде ұсыныс айтылған Әбілқайыр ханның Елизавета патшайымға жолдаған хатын тапты, – деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Хат осыдан үш ғасыр бұрын жазылған. Әбілқайыр хан өтінішін Орынбор генерал-губернаторы арқылы жолдапты. Құжаттың түпнұсқасы осы күнге дейін Орынбордағы мемлекеттік музейде сақталған. Ақтөбелік мамандар оның көшірмесін алып, зерттеп жатыр. Екі жүз беттен тұратын өтініш көне славян тілінде жазылғандықтан ең алдымен хат мәтінін аудару керек екен. Хан хатында шаһар салудан басқа ұлы Ералы туралы да айтады. “Біздің пайымдауымызша, Әбілқайыр ханның қала сұрауы Орск немесе қазіргі Орынбор қаласындағы Берск қамалы орнына салынған Берск қалашығы деген ойымыз бар. Құжат болғандықтан, оны әлі зерттеу керек”, – дейді Ақтөбе облыстық архивінің ғылыми қызметкері Нұрлан Есетов. Сондай-ақ, ханның ұсынысын патшайым да қолдаған сияқты. Қазір Әбілқайырдың айтуымен нақты қай қаланың бой көтергені белгісіз. Мамандар Ор немесе Орынбор болуы мүмкін деген болжам айтады.

Kaz.tengrinews.kz