«…Адамды қойшы, Құдаймен жүрмін келіспей…»

Кезінде қазақтың ақиық ақыны Төлеген ақындық жайлы:

«Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын» деп еді. Шындығы осы – ақын болу, ақын боп өмір сүру оңай емес. Ақын болу үшін жұрт байқамағанды байқап, көпшілік сезе білмейтінді сезе білуің керек. Ең бастысы сананың саралығы, көкірек көзінің байқампаздығы, түйсіктің сұңғылалығы қажет-ақ. Әрине, бүгінгі күні «шөп те өлең, шөңге де өлең» деп, жоқтан барды құрап, шимай-шатпақ жазып, онысын жанталасып жарыққа шығарып, өзінің «ақын» екенін жарнамалап жүргендер көп. Бірақ олардың қатарына қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар, аз жазса да саз жазатын, өлеңдерінен Жұмекеннің байсалдылығы мен тереңдігі, Мұқағалидың төкпелігі мен қарапайымдылығы, Төлегенің сезімталдығы мен сыршылдығы сезілетін Төреғали Тәшеновті қоса алмайсың. Төреғали – әр жылдары жарық көрген үш жыр жинақтың авторы. Тырнақалды тұңғыш өлең кітабы «Аққудың қауырсыны» деген атпен 1997 жылы жарық көрген. Одан кейін араға он шақты жыл салып «Жауратқан – жапырақтың көлеңкесі» деген атпен 2008 жылы жаңа жыр кітабы «Өнер» баспасынан тасқа басылып шықты. Ал ақынның  соңғы  бір  жарық  көрген  жыр  жинағы  «Сарғалдақ»  деп аталады. Бұл  кітапта  да ақынның   тамыры   тереңге  тартқан,  арналы,   мағынасы  терең  өлеңдері  топтасқан.

Сонау алғашқы жыр жинағында-ақ Төреғали:

«Шіркін-ай, деуші ем көрсем мен

 Қарағайлардың ұшар бастарын теңселген,

Арман ғой шіркін, қарағайлармен өлшенген.

Қасқайып Күнге тік тұрып өлер иілмей,

Қарағайларды сағынып жүрмін сенсең мен!»

Немесе:

«Таудың тарғыл тасын жалап көріп пе ең,

Жалап көрші, сыздап тұр…

Тағдыр, мені шыңға шығар, құз қаптыр,

Дүниеге қарап салқын қабақпен

Отырайын қырандарша мұздап бір»

Немесе:

«Бүгінде кетті-ау бұйырмай

Құйынға қарсы ұшатын күндер құйындай.

Уақыт солай қалады екен-ау жиылмай

Құйынмен бірге жүретін едік құйын боп

 Қара сирақтар жиылып алып бірыңғай», –деген тегеуріні мықты, көздегені алыста жатқан сырлы өлеңдерімен өзінің кім екенін танытқан һәм танытып қоймай, жыр өлкесіне өзіндік өрнек сала алатын дүлділ екенін байқатқан. Тіпті сол алғашқы жинақта-ақ Төреғалидың поэзияда жаңа форма, тосын теңеу іздеуге күш салғанын байқайсың. Мәселен, сонау студент кезінде жазған «Буырқану» деген өлеңі былай аяқталады:

«Жапырағы да

Дарақтың жетіліп алып,

Иіліп сосын тұрмай ма

Топырағына!

Тасулы, қызба

Бура жыр бұйдасын үзді,

Қашыңдар кейін, қашыңдар,

Ашулы Муза!!!» Міне, бұл сонау сексенінші жылдары жас ақынның қаламынан туған жаңа форма десек, қателесе қоймаспыз. Енді қолымызға ұстап отырған «Сарғалдақ» жыр жинағына келетін болсақ, ақын мұнда да іздемпаздығын, сыршылдығын, өткірлігін таныта білген. Жинақ «Мезгіл мақамы» және «Сезім сапары» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Кітап «Жылқы – жаным» деген өлеңмен ашылған. Бұл өлеңді өз басымыз жылқыға арналған ода, жүйрікке жырмен қойылған ескерткіш деп қабылдадық. «Шерлі Шоқай», «Қаратау» атты өлеңдері де ой айтудағы өзгеше мәнерімен есте қалады.

Ал ақынның «Варшава саздары» топтамасы өзі іс-сапармен барып аралап қайтқан поляк топырағына арналыпты.

«Ерттеп мініп «Боингті» есік пен төрдей,

Ендік пен бойлықты кесіп мен теңдей,

Бату ханның ізімен Польшаға кірдім,

Татр тауында тұлпарын көсілткен ердей» деп екпіндей басталған оқиғалы өлеңде Бату ханның мұздай қару асынған жасағының Краков қаласын қалай басып алғаны мен өзі куә болған көріністің тарихта екі ұлы оқиғаға себепші болғаны баяндалады. Бұл сюжетті өлең:

«..Тарихтың үрлеп күлдегі жыр қылған шоғын

Уытты тілді уақыт құл қылған момын.

Ырымдап менде көрсем бе…

Римге қарай

Батудың , бәлкім, жалғармыз қырқылған жолын…» деп аяқталады. Әрине, поэзия деген жарықтық түсіндіруге келмейді. Соған қарамастан өз ойымызды қыстыра кетсек, бұл жерде ақын Батысқа Шыңғыс ханның немересі Батудай самсаған жасақпен, алмас қылыштың күшімен жол салуды емес, қаламның ұшымен, ілім-білімнің күшімен жол салуды айтып отырғандай. Жалпы, осы жинақты оқып отырып, Төреғалидың өлеңге нысана еткен тақырыбын әбден зерттеп, илеуін қандырып алып жазатыны байқалады. Оның ойлы да сыршыл шумақтарын оқып отырып, еріксіз тұщынасың, риясыз сезіміне куә боласың.

«Адамдар асығады,

Алла асықпайды.

Әркімнің кеудесінде қасық қайғы.

Талабың тассын қанша

Талайыңнан

Алмассың, ала алмассың асып бәйгі!

Немесе:

«Кей үмітім – меззгіл ұрған өкпеден,

Күн асты емес, көң астында көктеген…

Бақ деген бір бақа айғырдың қасқасы,

Бұрыс қонып, дұрыс ойға шөкпеген» деген мөлдіреген өлең жолдарынан-ақ оның өлең сөздегі зергер шеберлігін аңғарғандай боласың. «Түркістанмен табысу немесе Әзірет Сұлтан рухымен тілдесу» өлеңі:

«Тыңда мені,

Төрт қақпалы Түркістан!

Қос қақпалы Қожа Ахмет!

Алты ғасыр арбауына шыдаған,

Төрт бұрышын көк перісі сұраған,

Қабырғасын Қызыр Баба сылаған

Қасиетті Көк күмбез,

Тұрсың ба, уа дін-аман!» деп құйылып жүре береді.

Тек сол өлкенің төл баласы Төреғали ғана Түркістан жайлы осылай толғанып, осылай жазса керек-ті. Ақынның албырт сезімге толы ғашықтық, туған үй, атамекенге арналған өлеңдерін тебіренбей оқу мүмкін емес. Туған қарашаңырағы жөнінде ол:

«Сартап болған шегедейін сүйегі,

Өз қолымен әкем салған үй еді.

Дүниеге он баланы әкелген

Босаға еді, құтхана еді киелі», – дей келіп, жаңа үйге көшіп барған соң баяғы жер тамды ұмыта алмағандарын шынайы жыр жолымен бере білген. Өлең былай аяқталады:

«…Неге керек көздің жасы құр тыйған?!

Тоқал тамның бала құсап бұртиған

Сұр кесегін сүйіп тұрмын сыртынан

Сабан ұшы әр жерінен қылтиған…» Мұңлы сурет. Бүлк-бүлк еткен қайнардай таза өлең. Шағын болғанымен шып-шымыр, салмағы ауыр өлең.

«Адамды қойшы,

Құдаймен жүрмін келіспей,

Тәңірдің ісін терістей берем, кері істей.

Мейірін Көпке,

Пейілін Көкке бермеген

Тек өзім білем кеудеме қатқан берішті, ей!

…Көр, ішпей!.. Бұл – нағыз ақынға тән мінез. Өлеңде өтірік айта алмайтын өткір ойдың иесі ғана осылай ағынан жарыла алса керек. Бұл ойды:

«Түнерсем – онда жүрекке алғаным жүк артып,

Толғағы жетпей тумайды жыр да құмартып.

Өткінші бұлттан өтірік сеуіп өтетін

Жауа алмай жүрген қара бұлттарым мың артық!» деген басқа бір өлеңіндегі жолдар да дәлелдеп тұрғандай.

Әрине, бір мақалада ақынның бүкіл шығармашылық жолына баға беру мүмкін емес. Ол әдебиет зерттеушілерінің міндеті.

Кезінде Төлеген ақын:

«Алысты барам арман ғып,

Ауырың болса, арт өмір!

Жолына жырдың құрбан қып

Басымды тіктім, әйтеуір» – деп жазып еді. Ақын жолы – ауыр жол, азапты сапар. Оған кәкір-шүкір жазып, арзан атаққа ие болып жүрген батыраштар мен қотыраштар шыдамас. Жыр бәйгесіне басын біржола тігіп, сол жолда барын сарп етуге даяр жандар ғана поэзияның ләззатына бөленбек. Жыр кітабын саралай отырып, Төреғалидың мехнаты мол, алайда татар ләззаты да шексіз ақындық асқақ жолдан енді бас бұра алмасын байқаймыз. Ендеше, ақынның өлең өлкесіндегі осынау салқар көшіне сәттілік тілелік.

Құлагер-жырың қашанда бабында болсын дейміз, Төке!

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ