Әкімдер рейтингінің көшін бермейтін Көшербаев

Елбасы биыл 63 жасқа толған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың өкілеттігін 2021 жылға дейін ұзартқан. Бұған дейін Президенттің баспасөз хатшысы, Денсаулық сақтау, Білім және мәдениет министрі, Үкіметбасының орынбасары, Ресей, Финляндия, Арменияда елші, Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облысында әкім болып қызмет атқарған Қырымбек Елеуұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың адал шәкірті әрі сенімді серігі ретінде әкімдер рейтингінің көшін бастап келеді.

Еңбегі лайықты бағаланған:  «Парасат» және «Достық», екінші дәрежелі «Барыс», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордендерімен марапатталған.

Жоғарыдағы қызметтерде атқарған сан-салалы еңбектерін айтпағанның өзінде, Қырымбек Елеуұлының Сыр өңірінің төл перзенті ретінде туған аймағына толассыз еңбек сіңіріп жатқанын басқа білмесе де, жерлестері жақсы біледі. Елбасының тағайындауымен Сыр өңірі басшылығына келгеніне  бес жылдан  асса да, осы бес жылда өңір өніміне  дем беруші негізгі өндіріс орындары мен халыққа қажетті жол-көлік қатынастарының дені  осы Көшербаевтың тұсында ашылды.

Санамалап көрейік: «Қорқыт Ата» әуежайы 2014 жылы халықаралық мәртебе иеленді. Шет мемлекеттерге әуе қатынасы ашылды.  Жаңа әуежай терминалы салынды. Әлемнің ірі қалаларына тұрақты рейстер ұшыру жолға қойылды. Соның арқасында  2017 жылғы ЭКСПО көрмесі аясында «Байқоңыр» космодромына 10 мыңнан астам турист келген.

2013 жылдан бері облыста 16 жаңа өнеркәсіп іске қосылған. «Аралтұз» өнімі соңғы жылдары 7 есе ұлғайып, 1200 адам жұмыспен қамтылған. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 7,1 пайыздан 4,2 пайызға дейін түскен. Мұнай өндіру көлемінің азайғанына қарамастан, облыс экономикасын әртараптандырудың нәтижесінде аймақ бюджеті соңғы бес жылда 42 миллиард теңгеге артыпты. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны тек соңғы жылдың өзінде 6,4 пайызға артқан.

Соңғы бес жылда облыста 2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2013-2017 жылдары Қызылорда қаласында 12 шағын аудан бой көтерген.  Дарияның сол жағалауындағы 1500 гектар аумақта жаңа қаланың құрылысы басталған. Келешекте мұнда 90 мыңнан аса адам қоныстанады.  Жеке үй салушылар үшін «Бәйтерек» жаңа шағын ауданы ашылып, 6600 адам жер телімін алған. Жер телімінің бәріне инженерлік инфрақұрылымдар тартылған.

Соңғы төрт жылда балық өндірісі 65 пайызға артыпты. Таяу жылдары балық аулау көлемі жылына 30 мың тоннаға дейін жеткізіліп, осы салада 3000 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Елбасы «Соңғы жылдары Сыр диқандары әр гектарынан 50 центнерден аса өнім алуда. Мұндай көрсеткіш кеңес үкіметі кезінде де болған емес» деп атап көрсеткен-ді. Сыр диқаншылары соңғы үш жыл бойы күріштен рекордтық өнім жинаған. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері алғаш рет 502 мың тонна күріш жиналыпты. Жүйелі селекция арқасында соңғы үш жылда күріш түсімі 20 пайызға артқан. Күрішпен қатар ата кәсіп –мал шаруашылығы да даму үстінде. Облыстардағы шаруашылықтарда төрт түліктің барлық түрі өсіріледі. Мал басы саны өңір үшін ең жоғары саналатын 1993 жылғы көрсеткіштен асып түсіпті. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері тұңғыш рет малшылар слеті 2015 жылы ұйымдастырылып, жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. 2016 жылы көп жылдан бері тұралап қалған бақша дақылдарын Ресейге экспорттау қайта жанданған. Көрші елге тасымалданатын көкөніс биыл былтырғымен салыстырғанда 8 есе көбейген.

Қызылорда қаласына жаңадан 112 автобус әкелініп,  өңірдегі 63 пайыз елді мекенге табиғи газ құбыры тартылған. Қызылорда мен Байқоңыр қалалары және төрт аудан орталығының тұрғындары табиғи газ тұтынып отыр. Қалған үш аудан орталығына көгілдір отын   жеткізілуде.

2015 жылы елімізде алғашқы болып «Балапан» бағдарламасы Сыр өңірінде мерзімінен бұрын орындалыпты. Бүлдіршіндер балабақшамен 100 пайыз қамтылған. Яғни бес жылда олардың саны екі есе өскен. Қызылорда өңірінде жетімдер үйі жоқ. Ең соңғысы 2015 жылы жабылып, орнына отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылы ашылыпты. 2013 жылдан бері 174 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген.

Соңғы төрт жылда өңір халқының саны 52 мың адамға артқан. Жалпы, Елбасының әлеуметтік саланы ерекше қолдауының арқасында тұрғын үй құрылысы Қызылорда облысында жоғары қарқынмен жүзеге асырылуда . Дәл мұндай көрсеткіш Қызылорданың тарихында болған емес.

Ел-жұрттың  құрметіне бөленген Қырымбек Елеуұлының әлі де биіктерге самғайтынына  жерлестері де, біздер де сенімдіміз.