«АЛАПАТ АҚЫН» ЖӨНІНДЕГІ СЫР

Сәбетай ақын да жарық дүниені  тәрк етіп, бақиға аттаныпты. Иманды  болсын. Жаны  жомарт, мінезі  жібектей  азамат  еді. 2012 жылы шілде айында  Айқын газетінде істеп  жүргенде арнайы іздеп барып, әңгімелесіп  едім.  Сол  кезде жазылған дүниені  қайта ұсынып  отырмыз.

 

«АЛАПАТ АҚЫН» ЖӨНІНДЕГІ СЫР

 

Ол бала кезінде орманшы болғысы келген. Алматыдағы Ауылшаруашылық институтының орман шаруашылығы факультетіне түскен еді. Бірақ орманшы болмады. Ат шаптырым алаңда ала допты қақырата тебетін футболшы да болғысы келген. Ондай болу да қолынан келмеді. …Жаһанға мәшһүр жазушы болсам деп те армандаған. Өзгесін қайдам, қолынан қалам ұстау келетін. Өзінше өрнектеп өлең жазды. Үш жыр жинағын шығарды. Онда да өзгелердің демеушілігімен, қолдауымен. Бірақ Жазушылар одағына мүше емес. «Мен Одаққа, Одақ маған керек емес. Әйтпесе жерлес, рулас аға-інілерім сол одақтың тізгінін ұстап жүр ғой. Шақырып жатса, кәні. Қай жерде де мықты ақыннан қорқады ғой. Зордың көлеңкесінде қалып қою кімге жақсы дейсің. Сосын жолатпайды да. Тіпті олардың біреуі «Ақынның ажалы» деп мен туралы поэма жазып қойыпты. Қайтесің енді… «Ақынды ақын оятпаса болмайды, ақынды ақын таяқтаса, ол қайғы» деп қайран Мұқағали бекер айтпаған ғой. Ол білген ғой, ақындардың қандай адам екенін… Кейде «жыр кешіңді өткізіп береміз» деп алдаусыратып қояды» – дейді ол. Ол деп отырғаным екінші Алматы вокзалында жүк тасып, арба сүйреп жүрген ақын – Сәбетай Сыпатаев. «Таудай биік халқыма сөз арнадым, Жалғыздықты аңғартып тұр жан-жағым. Сәбетайды жалғыз еткен Албаным, Алып жатыр бірден-бірден шалдарын» деп кейде күйініп те алады, сосын «Мұқағали биіктігі бар мәлім, Содан көрдім Хантәңірі заңғарын!» жерлесі Мұқағалиға бас иетінін мойындайды. Ал біз әңгімеге арқау еткен Сәбетай кім? Иә, ол шайыр болғысы келген. Баяғыда, сексенінші жылдардың ортасында республикалық жыр мүшайраларына қатысып, мақталып жүрді. Марқұм Қадыр Мырза-Әлі, Иран-Ғайып, Жарасқан секілді дүлдүлдер Сәбетайдың поэзиядағы аяқ алысына таңдай қағысқан. Сәттілік тілескен. Тіпті марқұм Қайрат Әлімбеков «алапат ақын» деп баға берген. Бірақ мұның талайына жазылғаны сол, өмір жолы өзгеше болды. Әйтпегенде өзімен қатар шапқан Тыныштықбек, Гүлнар, Светқалилардай ортада дүрілдеп жүрер еді. «Кім біледі келерін неден өлім, Табылады әйтеуір себебі оның. Кебінім де қалады кебенегім, Қару қалар басында керегенің…

Әзірше мен тірімін алданамын, Санаулы тұр білемін әр қадамым. Күнмен бірге батамын күнде-күнде, Қуанамын білдірсе таң хабарын…» деп кейде өзінің саяқ, жарым-жалғыз жүрісіне күйініп. «Мен де сүйдім, жұлдызды еді тілегім, Сүймей қалай, қайтіп өмір сүремін?! Аңсадым да арпалыстым, шаршадым, Шалдықтым да жабырқадым, жүдедім… Мен де сүйдім, ғашық болдым мөлдіреп, Езілді ғой, ет жүрегім елжіреп. Кім деп соғып тұр екен ә, сол жүрек, Кім деп соғып тынар екен соңғы рет!..». Ол отбасын құрған. Бірақ қазір жоқ. Ұл да кеткен, қыз да кеткен, жөнімен. Бүгінгі мекені – екінші Алматы вокзалы.. Сонда тұрады, сонда жүк тасиды… Жазу үстелінде белі майысып, саусағын сорып өлең жазып отырған ақынды емес, ығы-жығы болған вокзалда жүк тасып, нәпақа тауып жүрген ақынды көргіміз келді. Тілдестік. …Шілденің шіліңгір ыстығы буып тұр. Темір жолдан қарыс қадам жердегі жазғы алаңда отырмыз. Ығы-жығы халық. У-шу. Шайдан жұтып қойып, ортада ұзын бойлы, жүзі күнге тотыққан, қияқ мұртты, арықша келген жігіт ағасы әңгіме айтып отыр. Біз іздеген Сәбетай осы. «Жарық дүние есігін Талдықорғанның Жансүгір деген жерінде ашыппын. Жансүгірде де көп бөгелмедік. Бір жарым жыл тұрып, «атамекен, кіндік қан тамған жер» деп әкем Ұйғыр ауданының Ақтам ауылына көшті. Осында ер жеттік, есейдік. Он жылдықты бітірдік. Отан алдындағы парызды өтеп әскерде болдым. Германияда. Әскерден келген бойда Ауылшаруашылық институтының орман шаруашылығы факультетіне түстім. Жаспын. Арман көп еді. Орманшы болғым келді, футболшы болғым келді, жазушы болғым келді. Алғашқы екеуі де бола алмадым. Ал жазу қолымнан келеді. Өлең жазуға әкем себепші болды. Әңгімешіл еді. Майын тамызатын. Қазір өткен-кеткенді теріп, бүгінгі ұрпаққа өнеге етіп айтатындар жоқ. Мектепте оқып жүргенде қолыма Мұқағалидың «Өмір-дастан» деген кітабы түсті. Жата-жастана оқыдым. Содан кейін өзге ақындарды оқуды қойдым. Ұмытпасам, сегізінші сынып та ма екен, дәл есімде жоқ, әдебиеттен бір ақынның өлеңдерін жаттауға берді. Ертеңінде оқушылардан ұстазымыз біртіндеп сұрап жатыр. Кезек маған келгенде, оқулықтағы ақынның емес, Мұқағалидың «Бесік балағындағы жылан» деген поэмасын жатқа соқтым. Ұстазым таң қалды, риза болды. «Болашағыңнан үлкен үміт күттіретін оқушысың» деп, «өте жақсы» деген баға қойды.  Содан бір тоқсан менен сабақ сұрамады. Бұл жерде «поэманы жаттап алған менің емес, Мұқағалидың кереметтігі болар-ау» деп ойлаймын. Жалпы үш жыр жинағым шықты. Біріншісі – 1993 жылы «Жұлдыздардың бағыты өзгермейді» деген атпен жарық көрді. Ел-жұрт жақсы бағасын берді. Тіпті кейбір жерлестеріміз «Сәбетайдың бір өлеңі бір кітапқа бергісіз» деген жылы пікір айтты. Екіншісі «Көк бөрім көкке ұлыған». 2001 жылы «Өнер» баспасынан шықты. Әшірбек Көпіш көмек берді. Алғысөзді де өзі жазды. Жұртқа көмегін аямайтын, жүрегі үлкен, парасатты азамат қой. Алғысым шексіз. Поэаманы бес жыл жаздым. Барлық тарихи кітаптарды ақтардым. Жырдағы кемеңгерлер – қазақтың біртуар ұлдары. Үшінші жыр жинағым – 2004 жылы жарық көрді. Бұл жинаққа жиған-тергенімнің бәрін салдым. Алдағы жылы жасым елуге келеді. Қолымнан келсе, бүкіл жазғандарымды жинақтап тағы бір кітап шығарсам. Өзіме-өзім тарқан үлкен сыйым осы болмақ»,– дейді ақын сүтті шайды әлсінәлсін жұтып қойып. Өзі айтқандай, анда-мында жұмыс істеп біраз жылын өткізді. Тіпті фермер боламын деп 7-8 гектар жерде алды. Бірақ қаржы болмаған соң, ол да қалған. Ауылда жұмыс болмаған соң, күнкөріс үшін қалаға келді. Бір танысы арқылы темір жол бекетіне жүк тасушы болып орналасты. Күндік табысы 2-3 мың теңгенің көлемі. «Бір әке, екі шешеден тоғыз баламыз. Соншасы дүниеден өтті. Олар жаман тұрмайды. Ішім-жемі бар, ауқатты. Маған «ортамызға кел» дейді. Барғым жоқ. Осы өмірім өзіме ұнайды. Он жылдан асты, арба сүйреп, жүк тасығалы. Өзімді «бақытты жанмын» деп санаймын. Өйткені мен еркінмін, азатпын. Өзімнің қалауымша өмір сүремін. Жүремін, тұрамын. «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады қайшылықта»-деп ұлы Мұқағали айтқан емес пе? Вокзалда түрлі адамдарды көремін, түрлі мінездер бар. Соларға қараймын, жүгін тасып жүріп сөйлесемін. Ой келеді, шабыт келеді. Өлең солай туады. Өзгелердей үстелде жүйке мен жүрекке салмақ сап, саусақ сорып жыр жазбаймын». Бұл Сәбетайдың айтқаны. Ол біраз сырын ақтарды. Өзінің айтуынша, мектеп бітіргенше дүниенің бар кітабын оқып тауысқан. Қазір кітап оқымайды. Тек анда-санда Абайдың қара сөздерін бір қарап, Мұқағалиды шолып қояды екен. «Менің өмірім Джек Лондонға келеді», – дейді ол. «Джек Лондон теңізші болуды армандады. Ол портта жүк тасушы болып жұмыс істеді. Бірақ тума талант оны жүкшілік қызметтен құтқарды. Жаһанға аты кеткен атақты жазушыға айналды. Мен вокзалда жүк тасимын. Айырмашылық осы. Менде де талант бар. Жай ғана талант емес, ерекше дарын. Бірақ мен Джек Лондондай ел таныған адамға айнала алмадым. Себебі оның ортасы оның қарымды қаламына бас иді, көкке көтерді. Ал мен жүрген орта мені ішіне тарпады, сыртқа тепті. Әйтпегенде «ақынмын» деп жүргендердің көбісі менің жанымда жіп есе алмайды. Бәрін қойшы, кіммен алысасың, кіммен тартысасың. Онсыз да кежегесі кері кетіп тұрған заман ғой. Танылғым келеді. Одан кім қашсын. Өлеңдеріме ән жазылса деймін. Алтынбек Қоразбаев тағы да біраз әнші, сазгерлерге өлеңдерімді бергенмін. Бірақ тағдыры не болып жатыр, білмедім… Өлеңіме ән жазылса, үлкен сахнада орындалса, жұрт мені жақынырақ таныр ма еді, әттең». Ақының өкініші осы. – Неге мұнда жүргенше, қолына қалам ұстағандардың арасына бармайсың, – дедім. – Осы өміріме ештеңе жетпейді», – деп ол ары-бері арба сүйреп, жүк тасып жүргендерге қарап қозғалақтап қойды.

 

«Айқын». Шілде. 2012