Алтын Орданың 750 жылдығын тойлауға 3,5 миллиард теңге бөлінуі мүмкін

ҚР Үкіметі Қаулысымен Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойына арналған “Ұлық Ұлысқа” дайындық пен оны өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, деп хабарлайды tazael.kz

Жоспарға 40 түрлі іс-шаралар, оның ішінде “Батыс Қазақстанның Алтын Орда дәуіріндегі ежелгі керуен жолдары мен керуен-сарайлары: керуен сарайлар мәліметтері базасын зерттеу және құру” жобасын іске асыру кіреді, сонымен қатар:

– Алтын Орда кезеңіндегі Сарайшық қалашығын қалпына келтіру бойынша археологиялық жұмыстар жүргізу (2020 жылға – 29,7 млн теңге, 2021 жылға – 21,1 млн теңге, 2022 жылға – 19,2 млн теңге);

– “Жошы хан” кесенесінің жанында туристік кешеннің құрылысы (800 млн теңге);

– ҚР Ұлттық музейінде “Алтын Орда және Қазақ хандығы залдары” экспозициясын құру (175,1 млн теңге);

– “Ұлытау” ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығының қабылдау орталығының құрылысын аяқтау және абаттандыру (150 млн тг. + 180 млн теңге);

– Ұлттық және халықаралық іс-шараларды, оның ішінде көшпенділердің мәдениеті, Жезкиік-2020, Ұлытау-2020 музыкалық фестивальдерін ұйымдастыру (РБ – 174 млн теңге, ЖБ – 248 млн теңге);

– ҚР Ұлттық мұражайында “Алтын Орда: Мемлекеттік Эрмитаж коллекциясынан” көрмесін өткізу (170,4 млн теңге);

– Алтын Орда, Жошы хан, Алаша хан және басқалары туралы деректі фильмдердің ғылыми-танымдық циклы (132,8 млн теңге);

– Нұр-Сұлтан қаласында Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасына арналған қорытынды халықаралық конференцияны өткізу (52 млн теңге);

– Ұлытау ауылы маңында туристерді қабылдайтын этно-ауыл құру (350 млн теңге);

Жалпы, “Ұлық Ұлысты” тойлауға қажетті іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін 3,5 млрд теңге қажет болады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда қазақтардың мәдени коды боп табылатынын айтқан болатын. Оның айтуынша, “жас ұрпақты патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу үшін Ұлытаудың тарихы мен мұрасын пайдалану қажет”.