АШЫНҒАННАН ШЫҒАДЫ АЩЫ ДАУСЫМ…

      ҰРҒАШЫЛЫҚ

(экспромт)

 

Қай жаққа қарасаң да – ұрғашылық!

Қатын – би боп, сиыр тұр пұлға шығып.

Тіліңе де тиісіп дініңе де,

Тепсінеді тұл қатын, тұлғасынып.

 

Ән – ұрғашы, өлең де, жыр да  – ұрғашы,

Сұлу, жылтыр, сенбесең, сөз тыңдашы.

Саясат та – ұрғашы,  бизнес те,

Осы шығар, сірә да, құрдым басы.

 

Құрып кетсін,  өзімен құмға сіңіп.

Айғай салғың келеді, қырға шығып.

Бәсі биік бәйгенің алдын бермес

Ұрғашылық – бұл күнде жорға шығып.

 

Ұрғашылық дегенім – бұл ғасыр, ұқ!

Жетегінде етектің жүр басылып.

Қасиетті әйелде не құным бар?!

Қоғамға айттым: –  қылма, – деп, – ұрғашылық!

 

  1. 12. 2018

 

                

 

             ***  ***   ***

 

Адамы көп Алматы –  Алаңы жоқ,

Алаңы жоқ болған соң – Адамы жоқ!
Амалсыздан тығылып фейсбукке,
Жалғыз-жарым жалаймыз жараны кеп.

 

Ақ мәрмәр тас жарқылдап табандарда,

Алшаң басар күн қайда Алаңдарда?!

Алақандай алаңша арман боп тұр –

Алшаң баспақ түгілі, аялдарға.

 

 

 

«АНТИСЕМИТ» СЕРГЕЙ ЕСЕНИНГЕ

 

«Бей жидов…!» С.Есенин

 

Сөзден басқа неңіз бар ед атарлық,

Жақпайтындай жебір жұртқа жаһандық?!

Сіздей – мен де толерантты бола алмай,

Бүгін, міне, «антисемит» атандық.

 

Уа, орыстың ерке ақыны, қалайсыз,

Тіршілікті тәтті мұңға балайсыз.

Жұрт жабылып жуасыта алмаған

Мас адамның жанарымен қарайсыз.

 

Тәттіге де, ащыға да қанбаған,

Сондай шыншыл жүзіңізге таң қалам.

Сіз итті де алдамапсыз, сонда да

Ит-адамдар ізіңізден қалмаған.

 

Сөзден басқа қаруы жоқ атарлық,

Сіз болдыңыз қауіпті жан жаһандық.

Сіздей – мен де толерантты бола алмай,

Бүгін, міне, «антисемит» атандық.

 

Сізді армансыз жүзді дейді, Есенин,

«Неге ерте өмір үзді, –  дейді, – Есенин?».

Артық кетсем кешіріңіз… құрметпен

қол қоюшы – Төреғали Тәшенин.