«Балуан Шолақ» тарихи, көркем туынды

2006-2007 жылдары “Айқын” газетінде жүргенде “Тұлға. Тағдыр. Таразы” деген арнайы бетті жүргіздім. (Ол кезде сондай тіркестер хит болатын))Serik Zhanbolat ағаның ұсынысымен шыққан арнайы бетте қазақтың өмірден өткен қайраткерлерінің , әнші-жыршылар мен көрнекті тұлғалардың көпшілік біле бермейтін қырлары тарихшылардың, ғалымдардың, көзкөргендердің аузымен айтылатын. Сол кездері Балуан Шолақтың да тарихы біраз зерттелді. Кейінірек М.Әуезов театрында сахналанған Дулат Исабековтің “Жаужүрегін” көрдік. Еркебұлан Дайыровтың актерлік шеберлігіне сүйіндік, тарихи тұлғаның жарыққа шыққанына қуандық, сұхбаттастық. Балуан Шолақтың Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы тарапынан экранизациялануын сол ізденістердің жалғасы десек те болар. Қалай десек те, үлкен еңбектің жемісі екені байқалады. Төл туынды ең алдымен, қазақы қолтаңбасымен ерекшеленеді. Мұнда бәрі біздің табиғатымызға жақын, өзімізге етене. Фильмдегі эпизодтардың көбі Сәбит Мұқановтың “Балуан Шолағымен” сабақтасып жатыр. (фильмнен кейін романды тағы бір қайтара оқып шықтым). Шығарманың әдеби, тарихи, көркем сипатының үндесуі осылай болатын шығар.
Режиссер Нұргелді Садығұловтың тақырыпқа үлкен дайындықпен келгені байқалады. Тарихи тұлғаны, тарихи кезеңді көркем шығармаға айналдыру, оны экрандау оңай емес. Осы тұрғыда, шығармашылық топ еңбегі ақталғандай.
Бұл кинодан біз кейіпкерге табиғаты, кескін келбеті (сыртқы фактурасы) келетін актерді табу ең қиын мәселе екенін көрдік. Театрда байқалмағанмен кинода, әсіресе үлкен экранда бірден көзге ұрады. Сәбит Мұқанов Балуан Шолақты «Жұрттың айтуынша, Балуан Шолақ атан өгізді бұзаудай арқалап әкетеді, етіне темір қысқаш батпайды, білектей темірлерді сымдай бұрайды, асау атты жалғыз ұстап үйретіп мінеді. Аттың үстінде «шайтандай», зәулім қорғандардан мысықтай қарғиды, ағаш үйдің қабырғасын басыман сүзіп құлатады, дария көлдерден үйректей жүзіп етеді, жүгіргенде жөбішенді атқа жеткізбейді, бір жеуіне бір тайдың еті жұқ болмайды, киімді салдарша малынып, киінеді, қыздың қалыңмалына бермейтін ат мінеді, ер-тұрманы жарқыраған алтын мен күміс. Сөйлесе кетсе, алдырмайтын шешен, қасарысқан адамына мейірімсіз, досына қоң етін кесіп берсе, «е» демейтін шыдамды”- деп сипаттайды. Дәл осындай көркем шығармадағы образды табу қайда, әрине?! Еркебұлан Дайыров өте мықты актер болса да, осы талап өлшеміне (сәл де болса) келіңкіремейді. Сондықтан да Балуан Шолақты Ақылбайдан оның диалогтардағы басымдығы ғана ерекшелейді. Актер қанша салмақ қосып, арнайы спорттық дайындықтардан өтсе де, фильмде Балуан Шолаққа тән “өгізді бұзаудай арқалайтын”, “қасарысқан адамына мейірімсіз”, “досына қоң етін кесіп берсе де “е” демейтін шыдамды” фактурасымен жарқырамайды. Режиссер балуанның елдік мәселелердегі қайраткерлігін көрсетуді мақсат тұтқанын айтады. Бірақ, мен бұл жерден елдік мәселелерге күйініп, ішкі ашынысы жүзіне шыққан қайраткер Балуан Шолақтан гөрі жүзінен нұры төгіліп, көзі күлімдеген Балуан Шолақты көбірек көрдім.(арбада жаралы боп байлаулы жатқан жерінен босап шығып, атпен шабатын кезіндегі жымиысы халық үшін, жер үшін айдалып бара жатқан қайраткерден гөрі, ауыл үйдің атын малдап мәз болған желөкпе бозбаланың жымисына көбірек ұқсайды) Балуан Шолақтың әрекетінде алаң жоқ, керісінше жаймашуақтық пен бүгінгі тоқтық, бүгінгі бір қамсыздық байқалады… Ғалияның да бейнесі бұлдыр. Жүзінен әрі төгілетін сұлулықты көріп те үлгермейсіз. Бәлкім, бұл кинодағы басты басымдық болмағандықтан да шығар. Бірақ, балуанның өміріндегі елеулі кезеңдердің бірі осы тұс болатын.
Диалогтардың қысқалығы, нақтылығы, табиғилығы бірден байқалады. “Не қызға қарамайды, не бізге қарамайды” деген әке образы осы бір ғана диалогпен есте қалады. Мұнда артық сөз жоқ. Киноның стрежні осы шынайы диалогтар да деуге болатын шығар.
Фильмдегі қазақ жерінің сұлу табиғаты сөз жоқ, бәрімізді тамсандырды. Тіпті киноны тамашалау барысында осы сұлулық кей тұста бірінші планға шығып кеткендей көрінеді…
Қалай десек те, “Балуан Шолақ” қазақ киносының қоржынына түскен тағы бір тамаша тарихи, көркем туынды. Мұндағы техникалық мүмкіндіктердің әлеуеті, актерлардың ізденісі, режиссердың жаңашыл көзқарасы сөз жоқ, үлкен құрметке лайық.

 

Шолпан Рақымқызы