Біз «имитациялық мемлекет» атандық

«Біздің мемлекет – негізінен, имитациялық мемлекет». Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың осындай пікірі посткеңестік елдердегі қоғамдық-саяси үрдістерді зерттейтін ia-centr.ru ақпараттық-сараптамалық орталығының сайтында жүр.

Сенбейік десек, сарапшы біздің имитациялық, өтірік мемлекет екеніміздің мынадай мысалдарын келтіреді. Мәселен, біздің елімізде экономикалық реформалар жүргізіледі, бірақ оның мәні мен іс жүзіндегі тиімділігі ешкімге белгісіз болып қала береді немесе саяси кеңістікте белгілі бір либерализация жасалады – жаңа партияларды тіркеу нормалары жеңілдетіледі-мыс, бірақ одан кейін тіркелген ешқандай жаңа партия жоқ.

Әшімбаевтың айтуынша, әйелдер мен жастарға квота енгізіпті, бірақ ол квота тізімде ғана тұрады, депутаттық корпус құруға келгенде әлгі квотаны сақтауға партиялар мүлдем міндетті емес екен. Бұл ғана емес, осындай ұсақ-түйек қулықтар толып жатыр. Мемлекет жауапкершіліктің кез келген формасынан ат-тонын ала қашуға тырысады, тіпті өзінің алдында өзі жауап бермейді. Жасаған жемқорлығы үшін үкіметтің жартысы мен әкімқараның көпшілігін қамап тастасақ та, бұл жемқорлық деңгейіне еш әсер етпейді. Сонда біздің жемқорлықпен күресіп отырғанымыз өтірік күрес болып шығады. «Енді сөйтейік, ертең бүйтейік» деген өтірік құлшыныс бар, бірақ, шындығында, бәрі керісінше болады да тұрады.

Сол себепті алдағы сайлау да бұрынғыдан тым өзгеше болады деу қиын. Жүйеге қасақана жүйелі қателіктер енгізіліп қойған сияқты. Әр сайлау сайын әдемі, қызықты сайлауалды сценарийлер, жаңашылдық лебін беретін тың партиялар болса екен дейді, бірақ іс жүзінде бұл сценарийдің осыдан 15-20 жыл бұрын жазылып қойғаны тым айқын сезіліп тұрады әрі үйренген осы сценарийден ешкім де бас тартқысы келмейді.

Бірақ жағдай өзгеріп жатыр. Өткен президент сайлауын алайық. Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін үйреншікті сайлауға қолайлы келетін үйреншікті сценарий қолданылды. Бірақ бұл жолы кандидаттың басқа адам екеніне сайлаудың ұйымдастырушылары аса мән бермеді. Содан келіп түсініксіздеу сайлау өтті. Бұл жолы да партиялар тым нашар құрастырылды, билік ЖСДП тарапынан бойкот болатынын күтпесе керек, наразы электоратпен жұмыс жүргізу жағы алдын ала жоспарланбай қалды. Сайлауды жоспарлау мен процесті ұйымдастыру сапасыздау болды, – деп бағалапты сарапшы.