Дулат Исабек: Өткенін күннен гөрі бүгінгі күнді жазу өте қиын

177

Ел тәуелссіздікке қол жеткізді. Енді таңдаған тақырыпқа жазуға болады деп ойладық. Бірақ олай болмай шықты. Жазушы біткен дағдарып қалды. Не жазамын, қалай жазамын деп бас қатырған заман келді. Басты кейіпкер кім, ол қандай адам, қоғамдағы орны қайсы? Жалпы өткенін күннен гөрі бүгінгі күнді жазу өте қиын. Мәселен «Мың бір түнді» оқып көрелікші. Онда белгілі бір сюжет болатын. Айдаладағы бір ақ үйге бәдәуи кіреді, соның ішінде бәрі бар, бірақ бір бөлменің есігін ашуға болмайды. Әлгі адамның өмір бойы арманы сол ашпа деген есікті ашсам деумен өтеді ғой. Сол сияқты мына есікті ашпа десе, сол кезде жазушылар есіктің ар жағында не бары жөнінде жанталасып жазар еді. Қазір еркіндік – жаза бер деген кезде жазушы біткен не жазарын білмей тосылыңқырап қалғаны рас. Әлгі ашпа дейтін есік те жоқ, ынтық болып сығалауға тырысатын. Соғыс ойынын бала біткен жақсы көретіні шындық. Осы жөнінде Маршактың өлеңі бар. Сонда Маршак «сендер неге соғыс ойынын ойнай бересіңдер» дейді ғой. Сонда балалар; «онда қандай ойын ойнайық» дейді. «Бейбітшілік ойынын ойнаңдар» дейді Маршак. Ертесінде балалар одан «бейбітшілік ойынын қалай ойнайды, үйретіңізші» деп сұрайтын көрінеді. Осы жағдай қазіргі жазушылардың басында бар. Болат Окуджава дүниеден өтерінен бір апта бұрын, ауруханда жатып, «мен бұл заманың адамы емес екенмін» депті. Ал сол Окуджава өмір бойы кеңес заманын сынап келген адам ғой. Бірақ сол заманды аңсаған. Демек оныңда ішінде талай нәрселер кетті. Менде сол заманды аңсаймын. Жиі есіме аламын сол бір кездерді. Қазір әдебиет әдебиет болудан кетті. Бүгінгі әдебиет халықты ұйытатын, соңынан ертетін қалыптан айрылып қалды. Баяғыда халық бар шындықты әдиебиеттен іздейтін. Кеңес заманында газет-теле арна, радиолар ешқандай шындықты айтпайтын. Тек жазушылар ғана өз шығармаларында қоғамның келеңсіз жақтарын, кемшіліктерін, астарлап беретін. Мәселен сол түста бүкіл Одақ қызыға оқыған Шыңғыс Айтматвтың «Ақ кемісін» алайықшы. Ол кезде кеңес адамдары бір-біріне жолдас, дос, бауыр, ешкімге қиянат жасамайтын адал жандар ретінде көрсетіліп, айтылып келді. Сол қағиданы Ақ кеме тасталқанын шығарды. Сол шығармада Шыңғыс Бұғы Анасын атып алып, басын балталап шауып жатқан жанды суреттейді. Жантүршігерлік көрініс. Демек қоғам біз жырлағандай жасампаз емес, онда да қатігездік, басбұзарлық жеткілікті екенін көрсете білген. Біз қазір бір орынды таптап, шеңберден шыға алмай қалған жанбыз. Бір тақырыпта бірнеше шығармалар жазыла бастады. Бір-біріне ұқсас дүниелер туындай бастады. Айналып келіп тарихты тарамдаймыз. Баяғы қалмақ, баяғы жоңғар атысып-шабысып жатқанымыз. Жазылған дүниелердегі барлық қазақ батырлары қалмақ – жоңғарлармен жекпе –жекке шығады да жеңе береді. Қазақ батырларына қарсы тұрар жау жоқ. Сонда олар жеңіле беретін болса, қалай бізді екі жүз елу жыл құлдықта ұстап келді. Соған кейде таң қаламын. Өзімізді зорайтып көрсетеміз деп, тым әсірелеп кететін жерлеріміз көп. Қажет жерінде ащы да болса ақиқатын жазған жөн-ау. Бауыржан Момышұлының бір сөзі есімде. Студент кезімізде кездесу болды, сонда батыр ағамыз «мені қорықпайды дейді, ол өтірік. Қорықпайтын адам болмайды. Ондай жалаңтөс адам жауға тікке шабады да, құмалақтай ғана қорғасынан өледі де қалады. Жеңіс үшін тірі сарбаз керек. Мен соғыста мың рет қорықтым. Өйткені жеке қарабасымды ғана емес, қол астымдағы жауынгерлерді де аман алып қалудың жолдарын ойладым. Сол үшін жанымды шүберекке түйіп жүрдім» деп еді. «Батырдық деген не?» дегенді ойлап-ойлап Толстойдан таптым. «батырлық деген қорқатын жерде қорқа білу, шабатын жерде шаба білу. Қорқа білетін, қауіпті сезіне білетін адам ғана батыр болады» дейді Толстой. Дұрыс. Бұған қосыламын. Сондықтан, «айналамда өткенге куә болған ешкім жоқ» деп тарихи оқиғаларды оңды-солды бұрып көсілте беруге болмас. Тағы қайталап айтамын, ең қиын нәрсе, өткенді емес, бүгінді жазу. Өйткені бүгінгі адамдар тип болып қалыптасқан жоқ. Баяғыда идеология белгілі еді ғой. Ақ пен қызылдың жанжалы, ақ пен қараның арасындағы тартыс. Жағымды образ, жағымсыз образ дегендей. Ал қазір, жағдай басқа. Мың ойланып, жүз толғануға тура келеді. Мәселен, кезінде Сталин неге Булгаковты аман алып қалды. Кеңес заманында нағыз атылып, не болмаса асылып кететін сол жазушы еді. Сталин оның «Ақ гвардия» деген романын оқып шықты. Риза болды. Сосын «Булгаковты құрту керек» дегендерге қарсы уәж айтты. «Сендер үнемі қызыл әскерлердің толассыз жеңісін жаздыңдар. Барлық жерде шаруалар, еңбекшілер үнемі большевиктерді, қызыл әскерлерді баяғыдан күтіп жүргендей, үнемі құшақ жая қарсы алып жүргендей етіп көрсеттіңдер. Бұл шындық па? Жоқ. Большевиктерді иттің етінен жек көретіндер көп. Мәселен, Булгаков ақ гвардияшылардың өмірін жаза отырып, қызыл гвардияшылардың жеңіске оңай жетпегенін ашып берді. Кітап сонымен құнды. Қажет жерінде ақиқатты айта білу де ерлік» деді жез мұрт көсем. Сталиннің осы бір ауыз сөзінен кейін Булгаков репрессиядан аман қалды. Міне бізге сол Булгаков секілді ащы да болса бүгінгі өмірдің шындығын жазуымыз керек. Осы күнді жазуға келгенде мен де кібіртіктеп жатырмын. Баяғыда бастаған бір романымды әлі күнге бітіре алмай жүрмін.