Елімізде жаңа мереке – Абай күні аталып өтуде

Бүгін қазақтың ұлы ақыны Абай ұлықталады, осылайша еліміз алғаш рет Абай күнін атап өтеді, деп хабарлайды zakon.kz.

Үкіметтің қаулысымен 10 тамыз мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Осы күні биыл Абай Құнанбайұлының туғанына тура 175 жыл толады. Тарихи датаға орай елімізде 100-ге жуық іс-шара өтпек.

Мәдениет және Спорт министрлігінің хабарлауынша, ұлы ойшылдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау Семейдегі “Жидебай-Бөрілі” мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорығында басталады. Мұнда “Хәкім Абай” атты арнайы әзірленген бағдарлама тікелей эфирге шығады. Бұдан соң, өңірлерде танымал мәдениет және өнер қайраткерлері ақынның шығармаларын оқиды.

Сондай-ақ, “Абай және XXI ғасыр: болашақпен сұхбат” атты халықаралық конференция өтеді. Оған танымал ғалымдар мен абайтанушылар қатысады.

Бұдан басқа, Абай қорық музейі мен “Абай-Шәкәрім” кесенесіне онлайн экскурсия жасауға болады.

Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Сондықтан ұлы ойшылдың шығармалары әлемнің 8 тілінде оқылмақ. Осы мақсатта “Abai world challenge” атты видеомарафон ұйымдастырылады. Челленджге əлемнің түкпір-түкпірінен ғалым-зерттеушілер, аудармашы, жазушы, зиялы қауым өкілдері, Төтенше жəне Өкілетті Елшілері қатысады.

Елорда мен өңірлерде кемеңгер ойшылды еске алу үшін гүл шоқтарын қою рəсімі өтеді. Бар іс-шараны Мәдениет және спорт министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшаларынан көруге болады.

“Ең бастысы, мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек. Президент те осыны қадап тапсырған еді”, – дейді министрлік өкілдері.