Ержан Максим «Голос. Дети» конкурсының суперфиналында өнер көрсетті

Ресейдің бірінші арнасының «Голос. Дети» конкурсы қорытындыланды.

Кеңінен танымал ән жобасының алтыншы маусымының финалы тікелей эфирден көрсетілді.

Финалға тәлімгерлер Пелагея, Валерий Меладзе және Светлана Лободаның командасының әрқайсысынан үш-үштен, барлығы тоғыз үміткер шықты.

Суперфиналға жолдама алғандар көрермендердің дауыс беруі арқылы анықталды.

Алғашқы болып Пелагея командасының әншілері сахнаға шықты. Мариам Абделькадер, Валерий Кузаков және астрахандық Рената Таирова өз өнерлерін сарапқа салды. Осы үшеуінің ішінен 10 жасар В.Кузаков көрермендердің көп дауысына ие болды.

Екінші Валерий Меладзенің командасында ивановолық 14 жасар Анастасия Сисаури, Степанакерт қаласынан келген 10 жасар Михаил Григорян және 11 жасар қазақстандық Ержан Максим өнер көрсетті. Е.Максим Эрик Карменнің «Сам по себе» әнін орындады. Содан кейін үш үміткер тәлімгерімен қосылып, Константин Меладзенің «Сэра» әнін әуелетті.

В.Меладзе үшеуінің де өнерін жоғары бағалап, сәттілік тіледі.

Көрермендер таңдауы қазақстандық әншіге түсті.

Бұдан кейін Светлана Лободаның тобындағы Микелла Абрамова, Нино Чеснер және Роберт Багратян сахна төріне көтерілді. Мұнда атақты әнші Алсудың қызы, 10 жасар М.Абрамова озды.

Сонымен, суперфиналда ең мықтылар – В.Кузаков, Е.Максим және М.Абрамова бақ сынады. Ержан «Адажио» әнімен шықты.

Дауыс беру нәтижесінде Микелла Абрамова жеңімпаз атанды. Ержан мен Валерий вице-чемпион болды.

Тәлімгерлердің арасынан Пелагея үздік шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын оралдық Ержан Максимнің «Голос. Дети» конкурсының финалына шыққанын жазған болатынбыз.

inform.kz