Ғабит Мүсірепов Аймауытовқа «жиендік» жасаған ба?

Жақында белгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың бір сұхбатын оқып отырып, мына бір айтқандарына біртүрлі болып қалдым.

Атақты сөз зергері, жазушы Ғабит Мүсірепов алаш аяулысы Жүсіпбек Аймауытовтың бір романын «өзі жоқтың көзі жоқ» дегендей пайдаланып кеткен секілді.

Әрине, сұхбат беруші «нақты солай болған» деп айтып отырған жоқ.

Бірақ өзінің күмәнді екенін жасырмайды. Сөзіміз нақты болу үшін, сұхбаттың сол жерін кесіп беріп отырмын.

« … Жүсіпбек Аймауытов – шығармашылығы арқылы көркем көзқарасын жеткізуге ұмтылған. Бір өкініштісі, өзінің соңғы романы жаңа экономикалық саясатты бейнелейтінін, ондағы кейіпкер – капитализмнің тілін білетін, жаңа экономикалық саясат тұсында капитал жиған қазақтың байы,– деп көрсетеді.

Сол қолжазбаны 1934 жылы Евгения Аймауытова Ғабит Мүсіреповке аманат етіп тапсырыпты.

Ал ол қаламгердің тура сол тақырыптағы атақты шығармасынан Ж.Аймауытовтың жазу мәнері бірден байқалады.

Өзі: «Менің ұстазым – Жүсіпбек. Ана романды соған еліктеп жаздым», – деп бізге де, басқаларға да, баспа жүзінде де айтып қалғаны бар.

Күмәннан құдай сақтасын.

Әйтеуір Аймауытовтың сол романы жоғалып кетті.

Енді табыла қоюы неғайбыл».