Ғылым таппай мақтанба

«Ғылым таппай мақтанба…» –Абайдың танымал өлеңіндегі жазылған ойлары, мақсаттары өсіп келе жатқан ұрпақтың көкірегіндегі сана сезімін ояту, үміт арту, мақсат-мұраттарына жетудегі өшпейтін жолдауы. Абайдың шығармашылық жолының негізгі идеясы – адамзатқа осындай қасиеттерді уағыздау үзілмес тақырыбына айналды.
Биыл, еліміз ұлы ақын, композитор, философ, саясаткер, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жыл мерейтойын тойлауда. Осы орайда, Абай жырларын оқу челленджіне мемлекет басшысы «Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі» деп баға берді. Іс-шараның мақсаты – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасын сақтау және насихаттау, жастар арасында патриотизм сезімін қалыптастыру, өз халқының тарихына үңілу, дарынды жастарды олардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруда анықтау және қолдау, көркем әдебиеттегі талғамын дамыту және жас өнерпаздарды ұлттық мәдениет пен өнер саласының үлгі тұтар қаламгерлерімен таныстыру.
Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, мәдениет және спорт министрлігі және әкімдіктер ұлы ойшылдың мұраларын насихаттау ретінде театрландырылған қойылымдар, музейлік экспонаттар, кітап көрмелерін, шығармашылық конкурстар мен фестивальдер, айтыстар, экспедициялар, челлендждер, флеш-мобтар іске асты. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры Түркия, Ресей және Қытайда «Абай» операсы қойылымын сахналайды. Абай шығармалары шетел және түркі халықтарының тілдеріне аударылып, жарыққа шығарылған. Сонымен қатар, танымал абайтанушы ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өтті.
Осыған орай, данышпан ақын, ойшыл, дана ғұламалардың бірі, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да іс-шаралар ұйымдастырылуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Әл-Фарабидің 1150-жылдығы және Абайдың 175-жылдығына арналған «Әл-Фараби – Абай: рухани сабақтастық мәселесі» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті. Шараның негізгі мақсаты Әл-Фараби мұрасы мен Абай Құнанбаевтың шығармашылығы арасындағы сабақтастықты кеңейту екенін атап өтті. Дөңгелек үстел барысында Әл-Фараби еңбектері мен Абай шығармашылығын зерттеудің ғылыми, әдістемелік және практикалық мәселелері, орта және жоғары білім беру жүйесіндегі фарабитану және абайтанудың мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Университет бойынша әр түрлі мерекелік іс-шаралар, ашық сабақтар, концерттер ұйымдастырылған болатын. Соның бірі Қазақстандықтар арасында әлеуметтік желілерде #Abai 175 челленджін бастап, соның арқасында бүкіл Қазақстан ғана емес, шет елдерде де Абай мұрасын тағы бір зерделеп, құрметін көрсетті. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Химия және химиялық технология факультетінің 1- курс студенттері Сейлхан Гүлбахар,Қойшы Аружан, Әуелбек Аида, Жомартова Арайлым, Жалғасбаева Гүлхан, Төлеген Анель және Биология және Биотехнология факультетінің 2-курс студенттері Дастанова Айгерім, Беркімбай Аида, Дженисбаева Асель, Бесбай Дінмұхамед, Даирбекова Дариға, Кабиева Гүльсая #Abai 175 челленджін қабылдап, Абайдың «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңдерін мәнерлеп оқып, «Желсіз түнде жарық ай!- әнін қазақ және орыс тіліндегі аудармасын, «Өлсем орным қара жер сыз болмайма!» «Hear me, God, Hear this prayer» атты өлеңдерін ағылшын тіліндегі аудармасын және «Көзімнің қарасы» – әнінің ағылшын тіліндегі аудармасын, Абай өлеңдерін ағылшын тіліне аударған аудармашылар Ольга Шарценың «A song» аудармасын және Ирина Железнованың «O heart, you pray for agony and bliss» атты аудармасынан үзінді оқып, эстафетаны Алматы қаласының жоғарғы оқу орындары студенттеріне жолдады.
Абай Құнанбаев қазақ халық поэзиясында дара да, дана тұлға. Абай ұрпаққа терең ойға толы алуан өлеңдер яғни ғылымды үйренетін жастар өзінің алдына қандай мақсат қоюға тиісті және сол мақсатқа жету жолындағы күресте табандылық пен жігерлілікті, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған.

М.Ж.Мырзахмет, Б. Исабаева, Е.И.Луговская,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің
аға оқытушылары