Испандық кинематографистер Қазақстандағы қуғын-сүргін кезеңі туралы фильм түсіреді

Қазақстанға Испаниядан Plano a Plano жетекші кинокомпаниясының кинематографистері келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Достарым, осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанға Испаниядан мадридтік Plano a Plano жетекші кинокомпаниясының кинематографистері келген болатын. Алматы, Қарағанды, Астана қалаларында болған олар біздің елге деген сүйіспеншілігін жасыра алмады. Қазіргі таңда тарихи киножоба бойынша ынтымақтастық мүмкіндігін талқылаудамыз», – деп жазды ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбук парақшасында. Министрдің айтуынша, испандық продюсерлер Қарлаг пен «АЛЖИР» музейлеріне барып, Қазақстанға жер аударылған әскери тұтқындар мен қуғын-сүргінге ұшырағандар тақырыбын терең зерттеуге кірісті. Фильм Қазақстан тарихындағы қиын-қыстау кезең 40-50-ші жылдар туралы болмақ. «Қазақстанға Plano a Plano кинокомпаниясының Цезарь Бенитес, Эмилио Амаре, Хуан Карлос пен Росио Мартинез атты продюсерлері мен сценарийшілері келді. Елімізге келмес бұрын олар испандық  Энрико Гаспар Родригестің «Қарағандыда ұмытылғандар» деректі фильмін көріп, ондағы тұтқынға түскен испандықтардың тағдыры ерекше әсер етіпті. Олармен Қазақстан тарапынан «Жаңа әлем» продакшн компаниясы келіссөздер жүргізуде», – дейді ол.   Сондай-ақ, А.Мұхамедиұлы жақында қабылданған «Кинематография туралы» заң кино саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, шетелдік кинонарық мамандарын тартуға және Қазақстанды халықаралық аренада көбірек көрсетуге мүмкіндік беретінін айтып өтті. «Қазақстанға сапарымыз біз үші өте пайдалы және әсерлі болды. Сіздердің ұлы елдеріңіз, оның қиын да қызық тарихы туралы білдік. Қазақстан халқының қайырымдылығы, тарихы бізді шабыттандырды, локациялар да ұнады. Қазақстанмен бірлесе репрессия кезіндегі адамдар тағдыры мен қарым-қатынастарын суреттейтін көркем фильм түсірмекпіз. Біз әртүрліміз, айырмашылықтарымыз бар, бірақ бізге ортақ дүниелеріз жетерлік», – деді Plano a Plano кинокомпаниясының продюсері Цезарь Бенитес.