Көшім  хан  кімнен кем еді?

Неге екенін қайдам, Сібір хандығы жөнінде қазақ тарихшыларының жазғаны татымсыз. Неге? Өкініштісі, тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жетсе де, Ібір-Сібірді мекендеп, аумағына Еуропаның бірнеше ірі мемлекеті сыйып кететін территориясы бар ірі хандық құрған Көшім ұлысы жөнінде айтқанда дауысымыз құмығып шығады. Неліктен? Әлде, Көшім хан мекендеген аумақ Ресейге қарап қалған соң, Мәскеудің ызғарынан, Кремльдің көлеңкесінен қорқасоқтаймыз ба? Мүмкін. Алайда қоңсылас отырған елдердің қас-қабағына қарап, ата тарихымызды күресінен аршып ала алмайтын болсақ, не болғанымыз?

Тіпті Қазақ хандығының 550 жылдығында да осы Көшім хан ауызға алынбады. Бөтен бір елдің тарихы сынды кері ысырылды. Ақиқатқа тура қарар  болсақ, осы Көшім хандығы емес пе еді, Ресей патшалығының Қазақстан мен Орта Азияға шапқыншылығын ғасырға жуық бөгеген. Олай болса, Көшімді неге дәріптемеске? Анау, Қазан хандығы, Қырым хандығы, Хажы-тархан хандығы және Нoғай Ордасы жөніндегі жүлгені былай сырып қойып, бүгінгі әңгімеміздің тамызығы ретінде исі қазақтың бір бөлшегі болып саналатын Сібір хандығын тілге тиек еткенді жөн көрдік. Себебі, Көшім ханның қолас­тын­дағы жұрттың 70 пайыздан аста­мы – қазақ рулары еді. Осы Сібір хандығы патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлауын 100 жылға кейін шегерді. От қарумен жарақтанған Патша жасақтарына тас қамал болып қарсы тұрды. Күресті. Алысты. Қырды. Қы­рылды. Жеңілді. Тарих сахна­сынан сырғып түсіп қалды. Бірақ артына Көшім хандығы, Сібір хандығы деген әфсана тастап кетті. Исі қазақтың бір бөлшегі болып саналатын, Сібір хандығы қалай құрылып еді? Уикипедияда Сібір хандығы, оның басшысы Көшім жөнінде мынадай дерек жазылған: «Сібір хандығы – XV ғасырда Батыс Сібірде құрылған феодалдық мемлекет. Алтын Орданың құлдырауынан және одан Шайбани ұлысының бөлініп шығуынан пайда болған хандық. Сібір ханы – Көшім. Террито­риясы: Батыс Сібір, Орал өңірі, Ертіс, Тобыл өзендерінің алабы. Құрамындағы тайпалар: керей, қыпшақ, найман, арғын, жала­йыр, ханты, мансы, т.б. Астанасы: Искер қаласы. 1563 жылы хан тағына Көшім отырды.

Алтыұл тайпасынан шыққан Көшім 1510 жылы Ноғай ордасында дүниеге келген». Демек, Көшім ханның иелігіндегі жұрттың басым көп­шілігі – қазақтар. Бізге бөтен емес. Көшім хан қырық жылға таяу хандық құрды. Оның жиыр­ма жылын қақтығыспен өткізді. Ібір-Сібірді бағындырсам, одан ары Шығысқа һәм Орта Азияға жол ашсам деген патшаның үкілі үмітіне қарсы тұрды. Тіпті Иван Грозныйдың Сібірге барлау жасай шыққан тобын 1574-1575 жыл­дары талқандады. Бетін қайтарды. Белгілі жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің «Ұлт көсемі – Көшім хан» деген мақаласында былай дейді: «Қылышынан қан тамған жауыз Ермакты 1585 жылы құрдымға батырып, қан­құйлы казактарды көмусіз қал­дырды. Арғын, найман, қыпшақ, жалайыр, қаңлы, табын тайпа­ларынан құралған сарбаздарға Көшім хан мен оның ұлдары Әли, Қанай, Әзім, Көбей-Мұрат, жиені Мұхамедқұл қолбасшылық етті.

Обь, Обаған, Ертіс, Есіл, Шұ­бар­көл, Тобыл, Шортанды, Көк­ше­тау, Жайық, Семей, Хан қа­рағай, Аманқарағай өңірлерінде жасақ құрған Көшімнің немерелері Есім, Абылай, Керей, Тәуке, Дәу­леткерей, немерелері Бұқа сұлтан, Күшік сұлтан 1665 жылға дейін Ресей отаршы шапқыншыларына қарсы күресті.

Демек, Көшім хандығы Ресейге қарсы 100 жыл бойы ұлт азаттығы үшін майдан­дасқан. Бір ғасыр бойы қазақ жеріне бірде-бір бекет салдыр­маған. Тек Сібір қалмақтары Ре­сеймен тамырласып, жоңғар шап­қыншылығына ұласқан тұс­та ғана Көшім ұрпақтары өзінің күресін тоқтатқан. Міне, осын­дай ұлы жауынгер ханды ақ патша­ның аяр тарихшыларының көбік ауыз теңеулеріне елтіп, қарғап-сілеумен келдік» (Т.Жұртбай. Сүре сөз. 42-46 бет). Ал қазақ та­рихының білгірі, атақты жа­зушы Мұхтар Мағауин (Орыс отаршылдығы. Қасым кз. 3 Ақпан 2016) былай дейді: «Кейбір дерек­терде Ермактың жасағы бес мың адамнан құралған еді деп көр­сетіледі. Кейінгі тарихшылар осы сегіз жүз қырыққа тоқтайды.Үш ай бойғы тынымсыз шайқастан соң мың сан адамынан айырылған Көшім хан Сібірдің түкпіріне шегінеді.

1582 жылы 26 октябрь күні Еpмак селдіреген, қансы­раған қарақшы жасағымен Сі­бірдің астанасына – халқы кетіп, иен қалған Ескер, немесе Қашлық қаласына келіп кіреді. Бұл күн, бұл оқиға жыртқыш Ресей им­периясының Сібірді бағын­дыр­ған, енді жарым Азияны жау­лайтын отаршылдық дәуірінің басы деп есептелсе, біздер үшін, яғни, қаны бір түрік халықтары үшін қазыналы, қасиетті Қазан патшалығы құлаған 1552 жылғы 2-қазанға пара-пар, неше мың­жылдық ұзақ әрі даңқты тари­хымыздағы ең азалы күндердің бірі деп есептелуге тиіс» дейді. Иә, Көшім хандығының құлауы шапқыншыларға мұқым Сібірді, Шығысты және Орта Азияны табан астына салуына жол ашқан еді. Кейде «Көшім хан қазақ да­ласына қанды жорықтар ұйым­дастырған, сондықтан оны дә­ріптеудің қажеті шамалы» деген де ұшқары пікірлер айтылып қалады. Бір ақиқат дүние, діні, тегі, тілі бір бола тұра, көшпелі тайпалардың арасында ауызбірлік кем еді.

Өйткені Алтын Орда тара­ған соң, баяғы ортақ ұран жайына қалған. Сондықтан әр жерде хандық құрып отырғандар арасында атыс-шабыс болып тұрды. Ол заңдылық еді. Оған бола «Көшім хандығы қазаққа жат еді, жау еді» деуге болмас. Ең бастысы, Көшім тек өз хандығын ғана емес, бүгінгі қазақ даласын да қорғағаны анық. Өзі бар, ұрпағы бар жүз жыл азаттық соғы­сын жүргізді. Ол – Ұлт-азат­тық қозғалыстың басты тұлғасы. Оны жоққа шығаруға болмайды. Сол Көшім басқыншылармен айқа­сып, жан беріп-жан алысқан өңір­де бүгінде қазақтың бас ордасы Астана орын тепкен. Кім не десе де, қалай айтсақ та, Көшім қазаққа жат емес. Көшім хандығы – қазақ тарихының бір бөлігі. Егер осылай деп танитын болсақ, онда Көшімге солтүстіктегі об­лыстар­дың бірінде не болмаса Астананың қақ төрінен ескерткіш ашып, көшелердің атын беретін кез келді. Өйткені ұлы рухқа тағ­зым ету – бүгінгі ұр­пақтың парызы.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ