Кітап – сарқылмас рухани қазына

Еліміздің жетекші білім және ғылым ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2012 жылдан бері «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» атты рухани жоба жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – студенттерге төл әдебиетіміздің, әлем классикасының алтын қорындағы аса құнды шығармаларды оқыту, сол туындылардың рухани маңыздылығын жеткізу.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасының аясында студенттерге төрт жылда оқып шығуға 100 кітаптың тізімі ұсынылады. Университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов осы жобаның маңыздылығын ескере отырып, бұл кітаптар тізімінің толыға беретінін атап көрсетті.

Тізімде қазақ және әлем әдебиетінің үздік шығармалары қамтылған. Әдебиет туындыларын қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқыту арқылы  қазақ халқының мәдениетін және өзге ұлттардың мәдениетін сыйлауға тәрбиелеу жүзеге асырылады.

Университеттің шет тілдер кафедрасы осы жобаны дәріптеуге, соның ішінде студенттерді ағылшын тіліндегі кітаптармен  таныстыруға өз үлесін қосуда. Уильям Шекспир, Оскар Уайльд, Даниель Дефо, Эрнест Хемингуэй, Джек Лондон сынды ағылшын  әдебиеті қаламгерлерінің кітаптарын оқу әдеби кеш, ашық тәрбие сағаты, дөңгелек үстел, сахна қойылымы, кітап көрмесі арқылы жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, шет тілдері кафедрасының «Ағылшын клубы» студенттік үйірмесі «Шекспир әлеміне саяхат» атты тәрбиелік мақсатта шара ұйымдастырған болатын. Шараға география және табиғатты пайдалану факультетінің 1 курс студенттері қатысты. Шараның мақсаты студенттердің ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыру, тілін оқып жатқан елдің мәдениетін, тілін құрметтеуге баулу. Студенттер тәрбие сағатында әлем әдебиетінің асқар биігі Уильям Шекспирдің өмірімен және шығармаларымен таныса отырып, «Ромео мен Джульетта» трагедиясы бойынша сахналық көрініс қойды. Әйгілі махаббат оқиғасы кейіпкерлерінің бейнесін ағылшын тілінде сомдап, олардың жан дүниесін көркем жеткізе білген студенттеріміз өздерін тағы бір қырынан танытып, көрермендердің көңілінен шықты. Сондай-ақ студенттердің ұлы Шекспирдің сонеттерін ағылшын тілінен қазақ тіліне аудару бойынша шығармашылық жұмысы сәтті, көрнекті шықты. Демек, студенттер кітап оқып, рухани баюмен қатар шығармашылық тұрғыда дамып, өнерін ұштай түсті.

Бойына рухани құндылықтар сіңген, жан-жақты білімді, жандүниесі бай, құзыретті, болашақ бәсекеге қабілетті маман қалыптастыруда «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасының алатын орны ерекше.

 

Б.Н. Қарабаева, З.Қ. Мадиева,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық 

 университетінің аға оқытушылары