МӘШҺҮР-ЖҮСІП ҒАЛАМАТЫ

Табиғаттың тылсым құдіретіне таңдай қағып жүрген Мәшһүр-Жүсіп атамыздың өз жаратылысы да жатқан бір сиқырлы әлем. Қаршадайынан-ақ Бұхара мен Самарқандта, Ташкентте, Дағыстанда білім алған ол, түркі тілдерімен қатар шағатай, араб, ежелгі парсы тілдерін де жете игеріпті. Сондай-ақ, орысшаны да жақсы біліп, Ресейдің кейбір ақын-жазушыларымен хат алысып тұрған. Пушкин шығармаларын тәржімалаған. Асқан ойшыл, білгір тарихшы, көрнекті этнограф, шығыстанушы ғалым. Қазақ халқының руханиятына салған олжасы өлшеусіз Мәшекеңді кейінгі буын зерттеушілер тұлғалық деңгейі жағынан Ибн-Сина, Әл-Фараби, Ұлықбек, Иассауи, Абай сынды ұлылармен шендестіреді. Фольклор жинауда қыруар еңбек сіңірген Мәшһүр ата алымды публицист ретінде де дараланған екен. Оның «Дала уәлаяты», «Айқап» газеттерінде жарияланған әрбір дүниесінен таптырмас дәлдікті, дәйектілікті, ғажайып нақтылықты байқар едік. Ал көкірегі сырлы шайырдың жыр-дастандарынан әрдайым ізгілік нұры төгіледі. Осының бәрінен де қазақ көркейсе, ұрпақ өркендесе, елдің адамгершілігі, біліктілігі биіктесе деген тілекті аңдайсыз. Шағында бұл еңбекті ұлттың асқар тау ұлдары жоғары бағалаған. Оның жүрек түкпіріндегі мұң-шерді де жіті түйсінген. Мәселен, Жүсіпбек Аймауытов дана ағасына: «Сіз қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарысыз. Сіз құлашыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз – алыстағы өткен өмірде. Жаңа заманның бұйынтақ сөзі, жыбырлақ мінезі Сізді жарытпайды, тосаңсытады, күні өткен жат адам қылады. Жаңа заман өйте берсін. Сіз онда жалғыздығыңызды, сәнді-салтанатты ескі күніңізді жырлап өтіңіз. Ақынның ақындығы улаған ойын, тулаған сырын оқушыны толқытқандай қылып, тізген меруерттей кестелі, толғаулы сөзімен айта білуінде ғой!» деп ағынан жарылады. Мұхтар Әуезов те: «Өз шығармаларын былай қойып, басы ашық үлгілерді жазып алып, біздің дәуірімізге жеткізген еңбек Мәшһүрде мол екенін және естен шығармау керек. Сондықтан қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің ғылымдық бір саласы историография бөлімінде Мәшһүрдің ол түрдегі еңбегіне әрдайым орынды баға берілуі шарт» дейді. Әлкей Марғұлан да Мәшекеңе «Қадірлі молдеке!» деп бастап, тереңнен толғап ұдайы хат жазып тұрған. Зерттеушілердің болжауынша, Мәшекең қаламынан отыз томға жуық еңбек туыпты. Өкінішке қарай, сол қолжазбаның қырық-елу пайыздайы жойылып кетеді. Себебі, ол патшалық тәртіпке де, кеңестік жүйеге де мүлде ұнамаған адам. Бұлар қит етсе ғалымның әрбір сөзінен діншілдік сарынын, ұлтшыл-дық нышанын тауып, сонша өшіге қараған. Керітартпа, қауіпті күш ретінде жоюға тырысқан. Олары негізсіз де емес; қай еңбегін алсаңыз да, Мәшһүр бабамыздың алдымен туған халқының мүддесін көксегені анадайдан-ақ көрініп тұрады (Реті келгенде айта кетейік, ақын Өтежан Нұрғалиевтың бізбен анда-санда кітап алмасатын әдеті бар еді. Сондай дүниелердің бірі Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі» аталатын еңбегі екен. Өтекең осы шығарманың аяқ тұсына: «Қайталап тағы да оқып шықтым. Өте патриот адам! Ө.Н. 1995 ж. 25.11.» деп қол қойыпты. Осы, бір қарағанда, бәлендей маңызды баға болып көрінбегенімен, талай жәйтті аңғартады).
Солақай режим 1952 жылы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының мазарын да туған-туыс, бала-шағасының көз алдында талқандап, сырып тастағаны мәлім (Куә адамдар осы әрекетті атқарушылардың көп ұзамай жынданып кеткенін әлі күнге дейін аңыз қылып айтады). Ғұлама ғалым зираты 1978 жылы қалпына келтіріліпті. Бірақ 2006 жылы бұл үй де бұзылып, орнына жаңа, еңселі кесене тұрғызылады.
Баянауылдықтардың Мәшекеңдей әйгілі жерлестерін әулие, пайғамбар деп тануы да бекер емес. Асқан оқымысты адам Шығыс медицинасының құпияларын да жақсы білген. Әсіресе, ерекше көріпкелдік қасиеті тамсандырады. Мысалы, Мәшһүр өзінің өмірден өтетін сәтін күнібұрын дәл болжағаны белгілі. 1993 жылы неміс ғалымдары Павлодар облысы аумағында ғарышпен байланыс орнататын ең қолайлы нүктені іздегенде, бұл тура осы Ескелді мекеніндегі Мәшһүр-Жүсіп кесенесі тұрған жер болып шыққан. Сонда олар қайран қалып, осы орынды ертеректе өмір сүрген қарапайым қазақ ғалымы өзі таңдап жатқан дегенге сенбепті. Айта берсе, Мәшекең ғұмырының түрлі мистикалық оқиғалармен байланыстылығы туралы мысал көп.
Біз де аруақты атамыздың сағанасына тағзым еттік. Мұнда да алыстан ат арытып келіп, қона жатушылардың көптігі байқалды. Кесене сәулетінің таңдай қақтырғаны рас. Құрылыста көне түркілік үрдістер мен ислам дәстүрінің мәнері қатар қолданылыпты. Ғимарат екі залдан тұрады. Мәшекең жатқан бөлмемен жапсарлас кең ғибадатхана бар. Ыңғайлы. Жылы. Жарық. Бұған да қосымша сағананың бөлек мейманханасы жұмыс істеп тұр. Кесене шырақшысы – Мәшекеңнің өз ұрпағы Әсет Пазылов қасиетті бабасының Жаңажол ауылындағы мұражайы мен Кереку орталығындағы үлкен мешітті жабдықтап, Баянауылға мүсін орнатқаны үшін бірқатар жергілікті кәсіпкер аға-әпкелеріне шын ризалығын білдірді.
– Сондай қамқорлықтың арқасында атамыздың көптеген дүниесі қазір елімен қайта қауышып жатыр, – дейді ол.
Біз де ағайындарымыз сол мұраны тек жай экспонат немесе жансыз плакат есебінде қабылдамай, жаңаша көзқараспен қараса, сергек көңілге тоқыса деп тіледік. Себебі, Мәшекең ілімі уақыт озған сайын құндана береді. Мысалы, оның кез келген өлеңін оқыған адам шығарманың дәл бүгінге де тікелей қатысты екенін бірден байқар еді.
© Қ.М.
«Қазақ Әдебиеті». Баянаула баяны.

Құлтөлеу  Мұқашты Фейсбуктағы  парақшасынан алынды