Педагогтерді аттестаттауда ақылы конкурстардың марапаттары ескерілмейді

Қазақстанда кейбір жеке тұлғалар педагогтерге арналған жалған наградаларды жасап, оларды оңды-солды сатып жатыр. Күмәнді ақылы конкурстарға қатысу нәтижесінде алынған наградалар мен дипломдар педагогтерді аттестаттаудан өткізу кезінде ескерілмейді. Бұл мәселеге ҚР Білім және ғылым министрлігінің аппарат кеңесінде назар аударылды, деп хабарлайды zakon.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР БҒМ ведомстволық наградаларының қатарына «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Еңбек арадагері» төсбелгілері, «Құрмет грамотасы» және «Алғыс» грамоталары кіреді. Бұл ресми төсбелгілер мен грамоталар ведомстволық наградалар жөніндегі комиссияның шешімі бойынша ғана беріледі.

Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес 2020 жылдан бастап облыстық әкімдіктер мұғалімдерге арналған жергілікті наградаларды бекітіп, айтулы даталарға орай марапаттауға құқылы. Ол наградалар тегін екенін ескерген жөн.

«Соңғы кездері әр түрлі ақылы марапаттардың тарағаны байқалады. Ол ешкімге жасырын емес. Олардың дизайны да, аты да ресми бекітілген марапаттарға ұқсатып жасалған. Кейбір мұғалімдер білмегендіктен, кейбіреулері біле тұра күмәнді ақылы жарыстарға қатысады. Сатып алынған марапат – марапат емес. Егер бұл қоғамдық марапат болса, ол ақылы болмауы тиіс. Сондықтан осы ақпаратты көпшілікке жеткізу керек. Мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрлігі ата-аналарға білім беру ұйымынан тыс ақылы негізде өткізілетін конкурстар мен олимпиадаларды таңдауда мұқияттылық танытуға шақырады. Мектептерде ақылы олимпиадалар өткізуге қатаң тыйым салынғанын да ескерген жөн.

Жеке ұйымдар оқушылар мен мұғалімдерге арналған күмәнді ақылы онлайн конкурстар мен олимпиадаларды ұйымдастырып жүр. Сондықтан ҚР БҒМ педагогтерді, ата-аналарды ұйымдастырушылардың алаяқтық әрекеттерінен сақ болуға шақырады. Олардың көздеген мақсаты – заңсыз ақша жинау.

«Мұғалімдерге арналған ақылы конкурстар нәтижесінде берілетін марапаттар ресми болып есептелмейді және педагогтерді аттестаттау кезінде ескерілмейді. Жалған наградаларды пайдалану – педагог пен білім беру ұйымының беделіне нұқсан келтіреді», – деді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.