Қазақ әдебиетінің сиқы осы…

Қазақ әдебиетінің «алтын кезеңі» өткен ғасырда өтіп кетті деседі. Бұл сөздің өзегінде шындық жатыр-ау…

Қазіргі тәуелсіз елдің әдебиеті қандай күйде? Бұл жөнінде осыдан біраз бұрын белгілі жазушы, марқұм Дүкенбай Досжан былай деген еді:

– Жаңа бір шығарма жарқ етіп, жарық көрді дейік. Өзге өркениетті елдерде мұның бәрі мүлде басқаша болуы мүмкін. Қазақ қауымында төмендегіше кепті елестетеміз. Әуелі авторына қараймыз. Қай тараптан шыққан? Қай рудың өкілі? Алдында, артында сүйеніші бар ма?!.. Осы жағын мықтап ойланып аламыз. Сосын барып әлгі шығарманы оқи бастаймыз, жіпсіз жетелеп үйіре тартса – бас алмай аяғына шығамыз. Тамсанамыз, бас шайқаймыз. Шығарманың тірі сөзі жан сарайыңызды нұрға толтырады. Барша хикмет осымен тәмәм.

Енді жаныңызды байытқан әлгі шығарманың авторы мәртебелі қызметте отырған кісі ме, әлде жұмыссыз, күйсіз, үйінде шығармашылықпен айналысып қана жүрген әпенде ме? Осы жағына қараймыз. Әлгі шығарманың авторы биік мәртебелі қызметте отырса – әйтеуір бір пайдасы тиіп қалар-ау деген оймен пікір білдірейінші деп қаламға жармасамыз.

Қызметсіз, қараусыз кісі болса – ғажайып шығармасының өзін жылы жауып қоя саламыз. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жағдай осы.

…Қазіргі сын екі бағытта дамып келеді. Бірі: жазушы, не ақынның мерейтойына байланысты жазылатын марапат, ода, мақтау сипатындағы шолу мақала. Екіншісі: мәртебелі лауазымда отырған автордың бірді-екілі жазған дүниесін талдаған, сараптаған болып – көзге түсу, яғни жағыну, жалпақтау сипатындағы сыни мақалалар. Екінші сипаттағы мақалалар өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан басталып, қазірге дейін қол суытылмай жазылып келеді. Басылым беттеріндегі әдеби сынның кескін-келбеті осындай ғана.

…Қазіргі қаламгердің әдеби ортаға танылуы әрқилы жолмен жүріп жатыр. Біреу ойбаймен, айқаймен, енді біреу – ауыл-аймағының әупірімі арқасында; үшінші – жетіліп жығылатын ізденіс жолымен, сөзінің суреті, тіл бояуы машығымен; тағы тіреу – демеушілік қалтасының күшімен том-том жазбасын шығарып, тұсаукесер өткізіп, сахнаны әкесінің үйіндей көріп, әдебиет ауылына енген кепте.

…Кеңес Одағы тұсындағы жазушылардың тұрмыс-жағдайы қазіргі рынок жағдайындағы жазушылармен салыстырғанда қандай? Айдан анық нәрсе көзге ұрады:

Тоталитарлық жүйе, империяның бұғауы деп қаншама сөз сарқып жамандасақ-тағы, ол кездегі жағдайымыз ханның қызындай болатын. Қалам қайраткерлері пәтер сұраса – үш-төрт жылда Жазушылар одағы Литфонд есебінен үй салып, тұрмыс-жағдайын жақсартамын деген жазушыларға кезең – кезеңімен пәтер беріп жататын.

Саушылығына байланысты жәрдемақы сұраса, я емделетін болса – сол Литфондының қаржысымен емделетін; я болмаса сол кездегі Жазушылар одағына қарайтын көптеген демалыс үйлеріне, шипажайға барып денсаулығын түзетіп қайтатын. Жазушылар одағы басқармасының мүшелері түгелімен Министрлер кабинетінің ауруханасына тіркелетін. Жаңа шығарма жазамын деп ұзақ уақытқа жәрдем сұраса – тағы да сол Литфонды қазанынан қайтарымсыз ақша бөлінетін. Осы игіліктерді естіп-білген сол замандағы шетелдік әріптестеріміз: «Бұл не деген батпан құйрық!.. Біздер қосымша нан табар кәсіппен айналыспасақ күніміз қараң, аштан өлеміз», – деп жағасын ұстайтын, таңғалатын.

Ал, тәуелсіз Қазақстандағы қаламгердің жағдайы қиындап кетті. Екі-үш жыл көлемінде сарылып жазған кітабына мың доллардан артық қаламақы ала алмайды.

Емделетін болса – ақылы, қалам-қағаз ақылы, жаңа бір тақырып жолында сапар шегіп зерттеу жүргізетін болса, іссапарға қаламгер өзі қаржы тауып шығады…»

Міне, марқұм Дүкенбай ағамыз әдебиет жайында осылай депті. Бұл айтқанға қолына қалам ұстап жүргендер қосыла ма, қосылмай ма, өз еркі.

Бірақ бүгінгі әдебиет жөнінде ой бөлісіп жатса, мархаббат.