Қырғыздар Ақ қалпақ күнін атап өтті

Қырғызстанда ұлттық бас киім – Ақ қалпақ күні атап өтілді.

Осы мейрамды тойлау шешімі осыдан екі жыл бұрын ұлттық киімнің маңызын сақтау мақсатында қабылданған болатын. Ақ қалпақ ежелден бері қырғыздардың ұлттық бас киімі саналады және оның терең мағынасы бар. Мәселен оған қарап, иесінің жасы мен мәртебесін білуге болады. Осыдан бір жыл бұрын ғаламторда қалпақ киілген иттің суретінен шыққан даудан кейін, парламент осы ұлттық рәмізді қорлағандарға жаза шығаруды шешкен.

«Жастарымыздың патриоттық рухын көтеру үшін осындай заң қажет. Мәдениетімізде ұлттық рәміз көп, бұл – Манас эпосы, қомыз аспабымыз. Осы ұлттық құндылықтарымыз жастарымыздың рухани дамуындағы басты белгілеріне айналуы керек», – дейді Қырғыз филологиясының оқытушысы, Бакыт Болгонбаев.

Қазіргі кезде бұл құжат Парламенттің қарауына түскен. Заң жобасына сәйкес, ұлттық рәмізді қорлағандар біздің ақшамен санағанда, 5 мыңнан 25 мыңға дейін айыппұл төлеуі тиіс. Сондай-ақ шетелдік сапарларында ресми тұлғаларды ақ қалпақ киюді міндеттеу де талқыланып жүр.