Сенатта “Педагог мәртебесі туралы” заң қабылданды

ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында “Педагог мәртебесі туралы” заң жобасы қаралды, деп хабарлайды tazael.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заң жобасының басты ерекшелігі – ол педагогтардың құқықтарын кеңейтуге, оларды өзіне тән емес қызметтен босатуға, жүктемені азайтуға, мұғалім мамандығына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған әрі жұмыс істейтін мұғалімдердің материалдық тұрғыда ынталандыру тетіктерін, сондай-ақ жастарды педагог мамандығына тарту мәселелерін қарастырады.

Заң жобасы 21 баптан тұрады, оның ережелері мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, мамандандырылған, арнаулы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің жұмысына қолданылады.

Сондай-ақ онда педагогтың кәсіби қызметін жүзеге асыруға арналған шарттарды еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс беруші қамтамасыз ететіні туралы ереже бекітіледі.

Бұл ретте еліміздің заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны кәсіптік міндеттерге байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға; одан білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есеп-қисапты не ақпаратты талап етуге; еліміздің заңдарында көзделмеген тексерулерді жүргізуге; оған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі міндет жүктеуге тыйым салу арқылы педагог жүктемесін қысқарту; мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтарын олардың кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың шараларын өткізуге тарту жөніндегі ережелер нақты белгіленген.

Педагогтердің құқықтарын кеңейту мақсатында олардың құқықтары үш бағыт бойынша: кәсіби қызметті жүзеге асыру кезіндегі педагогтың құқықтары; педагогтың материалдық қамтамасыз ету құқығы; педагогтың көтермелеу құқығы жазылған және жеке баптарда көрсетілген.

Заң жобасының ережелерінде педагогтарға әлеуметтік кепілдіктер, оның ішінде: ұзақтығы 56 күнтізбелік күн төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы; тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтардың балаларына жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезекте орын беруі белгіленген.

Сенаторлар сондай-ақ “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын қарады.

Заң жобасымен бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Негізгі түзетулер еліміздің “Білім туралы” заңына енгізілді.

Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті – орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтар жүргізетін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын әзірлеу және бекіту жөніндегі жаңа өкілеттіктермен толықтырылады.

Заң жобасымен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жекелеген мемлекеттік ұйымдарының бірінші басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату тәртібіне, аттестаттаудан өту тәртібіне қатысты өзгерістер енгізіледі.

Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметті жүзеге асыратын, кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін жағдайларды, оның ішінде құқықтарды, міндеттерді және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ететін педагог мәртебесі туралы ережелер сақталады.

Сенаторлар педагогикалық кадрларды даярлау, сауықтыру мақсаттарына төлемдерді арттыру, ауылдық және қала мұғалімдері үшін әлеуметтік жеңілдіктерді теңестіру және тағы басқа мәселелерді көтерді.