Шет тілін ән арқылы оқыту

Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде уақыт талабына сай шет тілдерін оқытуға аса назар бөлінеді. Шет тілдерін оқыту әр түрлі оқыту түрлерін қамтиды. Бұл аудиторияда жүргізілетін жұмыс, аудиториядан тыс жұмыс және студенттердің өзіндік жұмысы болуы мүмкін. Соңғы жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, университетіміздің бірінші курс студенттері арасындағы ең танымал жұмыс түрі – оқытушы берген тақырып бойынша Power Point бағдарламасының көмегімен презентация түрінде жасалынатын өзіндік жұмыс.   

Мұндай жұмыс презентация үшін материал іздеу кезінде студенттердің шағын зерттеу жұмысын жүргізетіндігін білдіреді, бұл олардың зерттеу жүргізу дағдыларының қалыптасуына себін тигізеді. Презентацияның өзі студенттердің өтілген тақырып бойынша грамматикалық және лексикалық материалдарды қаншалықты еркін меңгергендігін түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай жұмыс аудитория шеңберінен шығып, студенттердің ой-өрісін кеңейтіп, эстетикалық тәрбие беріп, тақырып бойынша зерттеуді әрі қарай жалғастыруға ынталандырады.

Презентация дайындау әсіресе екінші шет тілін оқып жатқан, бір шет тілін, әдетте ағылшын тілін жетік білетін студенттер үшін өте қызықты. Сонымен, география және табиғатты пайдалану факультетінің «Туризм» және «Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі» мамандықтарының бірінші курс студенттері «Француз шансонының әншілері» тақырыбы бойынша презентациялар дайындады. Әрбір студентке белгілі бір француз әншісі мен оның өнердегі жолы туралы 2-3 минуттың ішінде айтып беру тапсырмасы берілді.

Эдит Пиаф, Шарль Азнавур, Джо Дассен және т.б. әншілер туралы жасалған презентациялар студенттердің француз музыкалық мәдениеті саласын жеткілікті білетіндігін көрсетті. Осындай жұмыс түрі шет тілін үйренуге деген қызығушылықты оятады, әрі студенттердің шығармашылық қабілеттерін ашуға жағдай жасайды.

 

З.Қ. Мадиева, Б.Н. Қарабаева,

әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университетінің аға оқытушылары