Сығанақ қалашығынан алтын бұйымдар табылды

Қызылорда облысында орын тепкен Сығанақ қалашығында көне қорым орындарында қазба жұмыстары барысында ХІІІ-ХІV ғасырларға жататын алтын әшекей бұйымдар табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы жылдары Сығанақ қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Археологтар көне қорым орындарын қазды. Қызылорда облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова кезінде қазақ хандығының басты ордасы болған Сығанақты зерттеу жұмыстары жөнінде әңгімелеп берді. «Бүгінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген іс-шаралар жүзеге асып келеді. Аталмыш бағдарламаның «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша облыста өңірлік қасиетті орындар тізімі толықтырылды. Оған қоса республикалық «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиялық жинағына біздің облыстан жалпыұлттық 12 нысан, өңірлік 60 тарихи нысан ұсынылды. Сонымен қатар биыл облыстық бюджет есебінен Қышқала, Жанкент, Сығанақ, Сортөбе, Бәбіш мола қалашықтарына қазба жұмыстары жүргізілді. Биыл Сығанақ қаласында көне қорым орындары қазылды. ХІІІ-ХІV ғасырларға жататын алтын әшекей бұйымдар табылды. Қазір бұл дүниелер ғылыми сараптамаға берілді»,- деді Мира Әбуова. Қазіргі таңда табылған тарихи орындар мен заттай экспонаттарға ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Сондай-ақ, басқарма басшысы келесі жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан үзінді, яғни концерттік нұсқасын қою жоспарланғанын атап өтті.

inform.kz