Тағылымды кездесу

Халқымыз қашанда дария көңіл, қазыналы қарттарымен мақтана білген. Қазақ қарты жасына лайық аузы дуалы, сөзі уәлі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей теңіз болып келеді.

«Үй маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең” – деген екен халқымыз. Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Осы қарияларымыздың елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше құрметке лайық. Осындай құрмет иесі – ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, ғалым Әлжанов Шорағали Жұмеденұлы.

Мектеп – білім берумен қатар, тағылымды тәлім-тәрбие түрлерін ұйымдастыратын өнеге ордасы. Тәрбие мазмұны ұйымдастырушының шеберлігімен ұштасқанда қандай іс-шара болсын, шәкірттің ішкі жан-дүниесін жаңартып, рухани азық болып, соны да жарқын құбылыстарға жетекші бола бермекші.

Алматы қаласындағы № 88 жалпы білім беретін мектепте «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты кездесу кеші өтті. Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, Бостандық ауданы ақсақалдар алқасының мүшесі, ғалым Әлжанов Шорағали Жұмеденұлы аталмыш кештің сыйлы қонағы болды.

Ғалыммен кездесу табысқа жету үшін қажымас қайрат, ерінбей еңбек ету керек екенін, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана ғылымда жетістікке жетуге болатынын оқушыларға ұғындыру мақсатын көздеді.

Шорағали ақсақал өзінің жүріп өткен жолын, бағындырған белестерін, жазған еңбектерін, өзіндік салған дара жолын білімге құмар шәкірттерге баяндады. Ғалым атамыз қазіргі жастарға білім мен өнердің маңыздылығын түсіндіріп,ар-намысты биік қоюды міндеттеді. Отан алдындағы жауапкершілік,ұлтты сүю сияқты адами қасиеттерді дәріптеп, айтып берді. Қай уақытта да елдің жаңалықтарына құлақ түріп, қоғамда болып жатқан өзгерістерді назардан тыс қалдырмайтынын, әлі күнге дейін газет оқуды тастамағандығын,республикалық, облыстық және аудандық газеттерді жаздыртып оқитындығын шәкірттерге үлгі ете әңгімеледі. Қызыққа да қиындыққа да толы өмірлік тәжірибесінің қыр-сырымен бөлісіп, ғылымның кемел шыңына шығу үшін талмай іздену керектігін айтты.

Кеш сұрақ- жауап арқылы қыза түсті. Сыр-сұхбаттан оқушылар қариядан көп тәлім-тәрбие, үлгі ала отырып, еңбектің адам өміріндегі маңызын,үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз екенін түсінді.

Кешке 8,9,10 сынып оқушылары,ұстаздар,сынып жетекшілері қатысып, ойларымен бөлісіп, сұрақтарына толымды жауап алып, марқайысып тарасты. Мектеп оқушылары кеш қонағына арнап «Атаға арнау», «Әке аманаты» атты өлеңдер оқыды.

Бұл тағылымы мол кездесудің оқушылардың келешекте өмір жолына мол азық болары сөзсіз. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда ізгілік, мейірімділік, парасаттылық үлгілерін көрсетер осындай абыз-қарияларымыздың болғаны мерейімізді өсіреді.Кеш соңында №88 мектеп әкімшілігі қарт абызға ұзақ өмір тілеп , жастарымызға үлгі болып жүре берсе екен деген игі тілегін білдірді.

Ибраим Биби Сағызғалиқызы,

Алматы қаласындағы №88 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары