ТІЛ ҚАДІРІН ҰҒЫНДЫРҒАН ІС-ШАРА

 Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы № 174 мектеп-гимназияда Қазақстан халықтары тілдері мерекесі күніне орай  «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты мектепішілік семинар болып өтті.

Оқушыларды отаншылдық пен ұлтжандылыққа, елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің тіліне деген құрмет сезіміне  тәрбиелеу мақсатында 5-11 сынып оқушыларының қатысуымен  өткен мектепішілік семинардың салтанатты ашылуына шәкірттер мен  қазақ, орыс, ағылшын тілі пәндер бірлестінің ұстаздар қауымы  белсенді түрде қатысты.  Іс-шараға тоқталсақ, 8 «Д» сыныбында «Қорқыт бабаның нақыл сөздерінің өміршеңдігі» тақырыбында өткен ашық сабақ өзінің мазмұндылығы мен тартымдылығымен есте қалды.  Қорқыт атаның  кеңестерінің  далалықтардың қоғамдық өмірінде үлкен рөл атқарғаны, олардың  күні бүгінге дейін халық даналығы шоғырланған мақал мен мәтелдер ретінде қабылданатынына  шәкірттердің қанатты сөздерден нақты мысалдар келтіргені  сабаққа қатысқандардың қанағат сезімін туғызды. Ғасырлар сынынан өтіп бізге жеткен ұлы мұраның өміршеңдігіне  осылайша тағы бір рет куә болдық.

9 «Ә» сыныбында «Our planet» тақырыбында өткен ашық сабақ пен  8»Ә» сыныбындағы «Наши семейное ценности» тақырыбындағы ашық сабақтарда  да әр отбасының өз құндылықтары болатыны, ұлттық тәрбие, ел ме жерге, тіліміз бен ділімізге деген құрмет жан-жақты сөз болып, сабақ салт-дәстүрмен сабақтастырыла өрілді.

«Оқу мен оқытудағы тиімді әдіс-тәсілдер» тақырыбында өткен  әдістемелік тренингте қазақ, орыс, ағылшын пәндері бірлестігінің ұстаздары өз шеберліктерімен бөлісіп, қазіргі таңдағы жаңаша әдіс-тәсілдер, тиімді оқыту түрлері, мәтінмен жұмыс істей білу, оқушы ізденімпаздығын арттыру жолдары жан-жақты талқыға салынды.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрмете» эссе байқауында оқушылар шығармашылық қабілеті мен мүмкіндіктерін барынша жарқырата көрсетуге тырысты деуге болады.

Сапалы білім, саналы тәрбие беруде мектеп басшысы Арнагүл Маликова бастаған білім ошағының ұстаздары шәкірттеріне тіл қадірін барынша ұғындырып,  іс-шараны өте жоғары деңгейде өткізе білді. Мектепішілік семинардан соң оқушылар мен ұстаздар тіл мерекесіне орай  мәжіліс залында ұйымдастырылған мерекелік концертті тамашалап, мерекелік жоғары  көңіл-күймен тарасты.