“Томирис” фильмінің үш ерекшелігі

“Томирис” фильмі маған ұнады.Үш ерекшелігі үшін риза болдым.Біріншісі жерімізден бірнеше “Алтын адам” табылған тарихи дәлелденген айғақ фильмнің негізгі діңгегі ретінде алынған.

Сақтардың Отаны Қазақ елі екендігі әлемге осы фильм арқылы көрсетіліп тұр.Бұл тарихшыларымызбен археологтарымыздың ерен еңбегінің дүниежүзі жұртшылығына одан сайын кең танылуына мүмкіндік береді. ,,Алтын адам,, ұлттық брэндіміз ретінде әлемге таныла түседі.,,Томирис,, тұлғасы арқылы жер жахан көрермені қазақ тарихын,көне замандарда-ақ алтын балқытқан дала металлургиясын,алып жер аумағын қорғай білген ержүректілігі мен соғыс жүргізу тәсілдерін көре алады.Бұған дейін біз қазір жер бетінде жоқ жоңғармен соғысқанымыздан әрі тереңдей алмай жүр едік.Екінші ерекшелігі, бұл фильмдегі көне тіл түркі халықтарын біріктіре түсетін тағы бір керемет тарихи діңгек.Түркі тілдес халықтардың барлығы бұл тілді түсіне алады. Фильм авторлары біздің ортақ филолог ғалымдарымыздың дәлелдеген көне түркі тіліне қатысты тұжырымын батыл түрде қолданысқа енгізген.

Бұл да фильмнің басты жаңалығы. Үшінші ерекшелігі Әбу-Насыр Әл-Фараби бабамыздың жылнамашы ретінде сәтті таңдалып алынуы. Екінші Аристотель атанған шығыс ғұламасының ғылыми дерек-дәйексіз ештеме жазбайтынын фильмді жасаушылар ғажап дәлелдеуші діңгек ретінде пайдаланған.Сондықтан фильм деректерінің ғылыми негіздемелік түпқазығы да мықты. Әрине,кейбір фильмнің ұсақ-түйек жетпей тұрған тұстары жоғарыда атап өткен үш діңгектің көлеңкесінде мүлдем елеусіз болып тұр. Бұл фильмнен кейін Ақан Сатаевқа Аттила,Әбу-Насыр Әл-Фараби, Күлтегін мен Тоныкөк,Жошыхан,Қожа Ахмет Яссауи,Абай,Шәкерім,Алаш арыстары туралы фильмдерді түсіруге шабыты ояна түссе екен деп тілеймін.

Еркін Байғабылұлы