Үкімет білім мен ғылымды дамытудың жаңа 5 жылдық бағдарламасын мақұлдады

Ел Үкіметі Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білімді дамыту Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытының негізгі басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру сапасын арттыру, ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту және педагогтердің мәртебесін көтеру мәселесіне ерекше мән береді. Қазіргі таңда Парламентте «Педагог мәртебесі туралы« заң жобасы қаралуда. Президент тапсырмасын орындау аясында мұғалімдердің жалақысы 2020 жылдан бастап 4 жылдың ішінде 2 есе ұлғаятындығы жоспарланған», – деді Асқар Мамин. Үкімет басшысының айтуынша, мемлекеттік бағарлама аясында балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Қазақстан оқушыларының функционалдық сауаттылығы мен білімді практикада қолдану қабілетін бағалайтын әлемдік рейтинг бойынша алдыңғы 40 мемлекеттің қатарына кіру жоспарланған. Барлық мектептер заманауи кабинеттермен жабдықталады. Үш ауысымды оқыту толығымен тоқтатылады. Апатты мектептер жабылады. Осы жылдары елде 800-ге жуық жаңа мектеп салынады. Әлеуеті жоғары елді мекендерде 114 интернат ашылады. «Білім саласы инвестициялық тартымдылығы жоғары болуда. Алдағы 5 жылдың ішінде салаға 14,5 трлн теңге инвестиция бөлу жоспарланған. Соның ішінде 1,3 трлн теңге жеке инвестиция тартылады. Бұл жеке инвесторлардың есебінен қосымша 150 оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Ел экономикасы үшін ғылымның пайдасын арттыру үшін ғылыми-зерттеу жұмысы жаңартылады және ғылымға жұмсалатын шығыстар 7 есеге ұлғаяды. Жалпы білім беруді қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің 7 пайызына жетеді»,- деді Үкімет басшысы. Осыдан кейін Премьер-Министр жаңа бағдарлама жобасын мақұлдауға ұсынып, Үкімет мүшелері оны бірауыздан қолдады. «Білім министріне келесі жылдан бастап бағдарламаны іске қосып, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізді тапсырамын. Бердібек Мәшбекұлы, бақылауға алыңыз», – деді Асқар Мамин орынбасары Бердібек Сапарбаевқа қарата.

inform.kz