«Зачем мне казахский язык..»

Кеше кешкісін жұбайым жұмысынан иығы салбырап, қабағы жабырқаулы күйде шықты. «Қайтсін, ұстаздық ету оңай ма, шаршаған шығар»,- деп ойладым да қойдым. Келе жатырмыз, екеумізде де үн жоқ. Ақыры шыдамай, не болды?-дедім. Маған бір келіншек 3-ші сыныпта оқитын баласын қосымша дайындыққа әкеліп жүр. Әлгі бала не дегенін білесің бе? Бұл сұмдық»,-деді.

-«Зачем мне казахский язык, даром он мне сдался я скоро уеду в Россию» деп былш еткізді ғой. Мен жүрегім төмен түсіп кеткендей болып мелшидім де қалдым.

Ол , ол ма «өрт сөндіргендей» түрімді көріп «а, чо я такого сказал?» деп бажырая қарады ғой. Содан аузыма «Сәбит, намысың қайда?» деген сөз түскені бар емес пе. Сен-қазақсың. Бұл сөзді орыс айтса бірсәрі. Өйткені, Ресей олардың тарихи отаны. Ал, сенің отаның, ата-баба жері, атамекенің осы топырақ. Ол жаққа барып сен жүз жерден орысша сөйле, олар сені орыс деп қабылдамайды. Олар үшін ана тілін білмейтін, ұлты жоқ сорлысың»-деп ақылмен жеткізгендей болдым деді әйелім.

Жұбайымның көңілін басып, жүр «Артем» базарынан көкөніс ала кетейік дедім. Көкбазарға келіп, сатушы бір жігіттен қияр, қызанақ алып жатыр едік, оның да аздап кіжініп тұрғанын байқадым. Бір кезде «Солтүстіктің қазақтары орыс болып кеткен» деп күбір ете қалды. Бейтаныс адамның сөзі шымбайға батқаны соншалық «Әй, тұрмыз ғой солтүстіктің қазақтары. Құдайға шүкір балаларымыз да бір ауыз орысша қоспайды, ана тіліне деген құрметті ана сүтін ақтаудың бір парасы санайды» дедім. Менің сөзімнен кейін сатушы жігіт сабасына түсіп

«Аға, жаңа бір қазақ келіп «орысша білмесең өспейсің, нан таба алмайсың, осылай базарда шөп-шаламның ортасында жүресің деп шүлдірлеп кетті.

Содан әлі зығырданым қайнап тұр» демесі бар емес пе.
Иә, еңселі де ұлағатты қазақ деген ұлттың ұрпағы азды деген осы. Тіл жоғалған соң, ұлт жоғалады. Қайда барамыз? Не болады? Мың өліп, мың тірілген қазақ ұлтының айы оңынан туатын күн қашан келеді? Сондай намыссыз ұлт деңгейіне қалай жеттік. Ұлт емес ұлтарақ болдық-ау. Алтын құрсақ аналарымыз көсем болатын бір ұл тумағаны ма? Әлде жатырымыз да қағынып кетті ме екен? «Әркімнің туған тілі-туған-шеше, Оған бала міндетті сан мың есе» деп айтып отыратын даналарымыз қайда? Данасыз, панасыз халық болдық-ау. Ал, жығылған үстіне жұдырық болып қытай тілі келіп жатыр. Сорақылықтың көкесі бұл. «Қара қытай қаптамасын» деген қасиетті бабалар өсиеті қайда қалды?
Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын орыс тіліне аудармақ болған Соболев бірде: «Мұхтар Омарханұлы, сіз орысшаға ағып тұрсыз. Мені әуреге салмай-ақ, неге өзіңіз орыс тіліне аудара салмайсыз?» деп сұрайды. Сонда Мұхаң: «Жоқ, бұл іс менің қолымнан келмейді. Өйткені мен қазақша түс көремін ғой» деген екен. Қайран ұлтшыл марқасқам-ай, орысша біліп тұрса да, ана тілін жоғары қойып, намысын жанып тұрғаны ғой. Өз мүддесінен ұлтын, тілін жоғары қойып тұр ғой.
Бейбіт Оспан.