Жалынды журналист – шалымды шенеунік

Тәуелсіздіктің 26 жылында ұлттық кадрлардың бірнеше толқыны қалыптасып үлгергені белгілі. Мұның бәрі Президенттің кадр саясатына әу бастан айырықша мән бергендігінің арқасы. Бұл жайлы кезінде Елбасының өзі: «Бүгінде кадр саясатына айырықша мән беру керек. Естеріңізде болса, мен тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ біздің бастмаларымызды кім жалғастырып, кім жүзеге асырады деген мәселені ойлайтынмын» дей келе, аймақтарда басшылардың жаңа толқынын дайындауға ерекше мән берген болатын.

Ұлттық кадр жасақтаудың озық үлгісі ретінде елімізде 1995 жылы «Болашақ» бағдарламасы қабылданып, жұмыс істей бастады. Өмірлік зор тәжірибесі бар Президенттің кадр мәселесінде жаңа саясат ұстануға шақыруының арқасында, 1999 жылы мемлекеттік қызметкерлерді байқау нәтижесінде жұмысқа алу туралы өзгеріс енгізілді. Мемлекеттік қызметкерді жұмысқа қабылдау компьютерлік тесілеуге көшірілді. Кадрларды екшеу қағидасының енгізілуіне байланысты, бұрынғыдай «бармақ басты, көз қыстының» дәурені жүрмейтін болды.

Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы, билік органдарының кәсібилігін арттыру, мемлекеттік қызметке қабылдау, қызмет барысында лауазымын жоғарылату тәртібіне арналған, осы мақсатта былтыр «Мемлекеттік қызметі туралы» заңына өзгерістер енгізілгенін айта кетелік. Енді мемлекеттік қызметшілер үшін мансаптық өсу тек конкурс негізінде жүзеге асырылады. Жоғары тұрған лауазымға орналасу үшін міндетті түрде төменгі лауазымдарда жұмыс істеу қажет болады.

Елбасы қашан да, қай жерде де талантты жастарды қызметке тартуға, кадрды ісіне қарап бағалауға шақырып жүр. Елбасының сенімді кадры Оңтүстік Қазақстан, одан кейін Жамбыл облысының әкімі болған Асқар Мырхахметов десек, Асқар Исабекұлы сенім артқан іскер де ширақ, пысық та еңбекқор жастың бірі – кәсіби тележурналистен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы дәрежесіне дейін көтерілген Берік Уәлиұлы. Берік секілді мықты кадрды жанына серік еткеннен мемлекетшіл тұлға Асқар Исабекұлы еш ұтылған жоқ, имиджмейкер Берік Уәлиұлы қай жерде жүрсе де облыс әкімінің саяси беделін көтеруге үлес қосқаны айдан анық.

Берік Уәлиұлы туралы интернет-сайттарда мәліметтер тапшы емес. Әсіресе жеке басына, мәселен шыққан тегіне қатысты деректер қолжетімді. Ол оның саясатқа қатысты ортада өте танымал тұлға екендігімен қоса, көпшілдігіне, ашық-жарқын мінезіне, қарапайымдылығына да байланысты болар. 4-қаңтарда қырық екі жасқа толады. Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Жұрттан жасыратын жұмбақ ештеңесі жоқ. Оны «көлеңкеде» жүретін шенеуніктердің қатарынан дей алмайсыз, яғни қоғам үшін жабық жан емес. Журналистерге, өнер адамдарына есігі ашық әрі ебі келгенде емен-жарқын араласатынына жұрт куә. Өзі де республикалық телеарнада 15 жыл жұмыс істеп әбден ысылған, төрт арнада жүргізуші болып, ток-шоу жүргізіп үйренген майталман журналист емес пе. Облыс орталығына бара сала ақпарат орталығын ашуы да содан. Оның үстіне әлеуметтік желінің өте белсенді қолданушысы. Оқиға орнынан бірден ақпарат беруге тырысады. Осынысымен барған жерінде баспасөз қызметінің беделін арттырды, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етті.Осылайша сірескен шенеуніктерге әлеуметтік желінің пайдалы екендігін ұқтырды. Беріктің тәжірибесі кейін басқа да облыстарға үлгі болды. Берік жүрген жер қашан да түрлі жиындар мен конференцияларға, семинар-тренингтерге толы. Бос басқосу емес, халыққа барынша пайдалы жиындар. Беріктің спортқа да ебі бар. Кәнігі футболшы. Бұл да оның халыққа сүйкімін арттыратын көп қасиеттерінің бірі.

Күн сәулетті Шымқалаға әу баста қорқа-қорқа барған Берік Құрманғали Шымкенттен көп нәрсе үйренгенін жасырған емес. Қос перзенті Шымкентте дүниеге келді. Дүрілдетіп сүндет той жасап, өзінің нағыз шымкенттік болғанын көрсеткені бар. Сол Шымкентте жүргенінде небір тың бастамаларға ұйытқы болғанын айттық. Бір-екеуін айтсақ, Әз Наурызды тоғыз күн бойына тоғыз тақырыппен өткізу, жаңажылдық шыршаны Тәуелсіздік мерекесінен бұрын орнатпау, Жеңіс күнінің символы алабажақ лентаны көк лентаға ауыстыру – осының бәрі Беріктің бастамасы, кейін оны өзге өңірлер үйренді. Кезінде Алаш қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың 120 жылдық мерейтойларын өткізуге де мұрындық болды. Алаш үкіметінің 100 жылдық мерейтойы кезеңінде Ерлан Қаринмен бірге «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубын құрып, тарихи тұлғалардың бай мұрасын ұрпаққа насихаттауды қолға алды. Беріктің тың бастамалары қазір Жамбыл облысында жалғасуда. Қалай десек те, басы идеяға толы. Қоғамдық пікірлерді қалт жібермей бақылап отырып, көпшілікпен санасып, соған сай әрекет етеді. Күш-қайраты мол. Өзіне өзі сенімді. Демалуды білмейтін Берік деген атқа ие болған.

 

Шыққан тегі:

Берік Уәлиұлы Құрманғали 1977 жылы 4 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ойшілік ауылында дүниеге келген.

1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын кинотанушы-редактор мамандығы бойынша, 2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика магистрі мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ 2014 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы «Таң» телерадиокомпаниясының «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының репортері, шығарушы редакторы, «Апта айнасы» бағдарламасының жүргізушісі қызметтерінен бастаған. 1998-1999 жылдары НТК телеарнасының «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының редакторы, шығарушы редакторы болып қызмет етті.
2000-2007 жылдар аралығында «31 канал» телерадиокомпаниясында қызмет етіп, «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы қазақ редакциясының редакторы, шығарушы редакторы, жүргізушісі, бас редакторы болды, «Еркін сөз» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болып еңбек етті, «Дода» қоғамдық-саяси ток-шоуының бас редакторы, жүргізушісі қызметтерін атқарды.
2007 жылдан 2012 жылға дейін «Хабар» агенттігінде «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі, «Үкімет пен әлеумет» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі, «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі болып еңбек етті.
Б.Құрманғали сонымен қатар «ВВС» британдық телерадиокорпорациясы қазақ қызметінің штаттан тыс тілшісі қызметін атқарып, Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университеті мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында халықаралық журналистика пәні бойынша ұстаздық етті. Ал 2009-2012 жылдар аралығында «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес медиа-орталығының жетекшісі қызметінде болды.

2012 жылғы қыркүйек айынан бастап ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары-баспасөз қызметінің басшысы қызметін атқарды. 2014 жылдың маусым айында Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды.

2015-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясы төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі, 2016-2018 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметтерін атқарды.

2018 жылғы 21-маусымнан Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы болып қызмет атқарып келеді.

Жемісті еңбегі үшін Берік Уәлиұлы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанды. «Қазақстан Республикасының тәуелсізідігіне 20 жыл» мерекелік медалімен және ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Шығармашылық жұмыстағы жетістіктері де оң бағаланып, «Еркін сөз» бағдарламасы үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (2003 ж.), «Дода» ток-шоуы үшін Қазақстан Журналистер академиясы тағайындаған «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері (2006 ж.) атанды, «Өркендеу, Демократия және Сөз бостандығы» ұлттық конкурсында ЮНЕСКО-ның (2004 ж.) және Марат Барманқұлов атындағы Х халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің (2007 ж.) дипломдарымен марапатталған.

Әріптесімізді алда келе жатқан Жаңа жыл және туған күнімен құттықтай отырып, Ұлт үшін ұлағатты істер жасай бер дегіміз келеді.

TazaEL.kz