…Жасымнан да, ғасырдан да жаңылдым…

Мешітте тәубенің таңдары,
Тірліктің белгісіз ар жағы…
Қара жер қойнында ериді,
Пенденің қар-жаны…
Жанымның көгершін құстары,
Белгісіз қай кезде ұшқаны.
Қона алмай жүр ме екен бақтарға,
Жібермей жүр ме екен аспаны?…
Далада бүріскен тағдырлар,
(Балаға тән емес бір мұң бар…)
Ақпаным аялдап көп тұрды,
Ажалдың қақпаны кімді ұрлар?!
Таудан да тәкәппар көрінген,
Ақын да көшеді-ау өмірден.
Фариза-поэзиям жоқ енді…
Көре алмай көп жүрмін өңімнен.
Іздедім, салтанат кештерден,
адам боп жүруші ем ес білген.
Өмірді ертегі деп ойлап,
Ертегі емесін кеш білгем.
Үйімде үміттің жырлары,
Байқалмай қалады мұң бары…
Ауаны нұрменен сөйлеткен,
Бұл үйдің кішкентай ұлдары!
Анасы біртүрлі күйге еніп,
Жүрегін іздейді түнге еріп.
…Мен осы бақытты шығармын,
Армандап алған соң үйреніп.

 

***************************

…Көктем келсе, күнім қалай гүлдемек,
Өзің жақтан әкелер ме бір дерек?
Әппақ қарлар билеп жатыр алаңсыз,
Көз алдымда дөңгелеп.

Жер үстінде, өмір жатты қаланып,
Аспан жақта құдіреттің бары-анық.
Көз алдымда ұшып жатыр ұстатпай,
Мендегі ізгі балалық!

…Жасымнан да, ғасырдан да жаңылдым,
Қармен бірге, қара жерге ағылдым.
Адамдарға үлестіріп үмітті,
Періштедей танылдым!

Сөйлемедім, сезінбедім, уақытты,
Ай аймалап, Күн күлімддей батыпты.
Жалғыз сөзді түсіндім де қалғыдым,
“Қарлар екен бақытты!”

Жұлдыз, аспан, көз алдымда Ай-анық,
Кеттім бір сәт, жай түскендей оянып.
Жер үстінде барады екем иленіп,
Ақ көйлегім, қара түске боялып!..

 Динара Мәлік