
Қазақ эстрадасы, қазақ сахнасы десе, алдымен ойымызға Ақжол Мейірбеков секілді шоқтығы биік, майталман әншілер еске түседі. Әрине, есте қалатындайы да бар. Себебі олар өз өнеріне адалдығының арқасында елдің жүрегінен, көңілінен мықтап орын алуымен де есте қалады. Бүгін міне, қазақ эстрадасының шоқ жұлдызы, «Досмұқасан» ансамблінің мүшесі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ақжол Мейірбековпен сұхбаттасудың да орайы келді. Сұхбат барысында әнші өнердегі жаңалықтарымен бөлісті.
–Ақжол аға, соңғы жылдары өнер сахнасынан төбе көрсетпей кеткен секілдісіз…
— Соңғы кездері төбе көрсетпей жүргенімнің себебі қазір небір ауру-сырқау, індеттің түрі көбейіп кетті. Оның үстіне, пандемия да қосылып, отбасымызбен жаппай ауырып қалдық. Осылайша, жоспарлап жүрген мерейтойым мен жеке концертімнің барлығы жайына қалды. Енді елдегі пандемия бітіп, бәрі қайта қалпына түсе бастағанда, жақында тағы да Қытайда індет күшейіп жатқанын естіп, зәрем ұшты. Себебі, аты жаман індеттің кесірінен, қаншама білікті дәрігерлер қиналып, қаншама үлкен жазушылар, жақсы адамдар, тұлғалар өмірден өтіп, қабырғамызды қайыстырып кеткен жайы бар. Індеттің салдарынан өзіміз де ауырып, енді-енді қайта аяғымызға тұрып, барлық ауруымыздан сауығып, бетіміз бері қарап, жақсарып жатқан жайымыз бар.
Ал теледидардан, өнер сахнасынан неге көрінбей кеттіңіз деген сұраққа қайта оралсақ, көрінбей кеткен жоқпын, әлі де сахнада өнерімді көрсетіп жүрмін. Көп таныстарым, туыстарым, көршілерім теледидарды қосып қалсақ, сіз шығасыз, деп айтып жатады. Сондықтан мына күйбең тіршілікпен, көліктердің кептелістерімен жүріп, өздеріңіз көруге уақыт таппай жүрген шығарсыздар деп ойлаймын. Сол себепті көрінбей кеттім деп айта алмаймын. Оның үстіне, теледидардың бағдарламаларынан бөлек, жуырда ғана республика сарайында үлкен концерт өткізіліп, сонда өнерімді көрсетіп қайттым.
— Шыны керек, бүгінде қазақ эстрадасы біраз былығып кеткен секілді. Бұрынғыдай рухты оятып, ел еңсесін көтеретін әндер жоқтың қасы. Өнердің бұлай сұйылып кетуі неден деп ойлайсыз?
— Қазір шынында да қазақ сахнасын жап-жас қыз-жігіттер басып алды. Әсіресе эфирде толып кетті. Өздерінің не түрлері жоқ, не бойы жоқ, не әндерінің мағынасы жоқ. Ылғи пәтуасыз әндерді айтады. Режиссерлар бас бармағын көрсетіп, «кел, кел» десе, жүгіріп бара береді. Ал енді біз аға буын болған соң, қандай бағдарламалар болсын, өзімізге лайықтап, сыйлап, байқап, құрметтеп шақырады. Жылт-жылт етіп, әр жерге баруға өзіміз де құмар емеспіз. Бірақ қазір байқасам, жас әншілер әр ауданда, әр облыста миллиондап, қаптап кетті. Олардың ата-аналары да «балам әнші, спортшы болса, табысы да көп болады» деп, осы салаларға жіберіп жатады. Мейлі, олар көбейе берсін. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, әрбір қазақ домбыра тартып, ән айтып, аспаптарда ойнап жатады. Тіпті ауылға барсаң, трактористер, қарапайым шопандар ән айтып жатады. Сондықтан да әншілер көбейе берсін дейміз. Дегенмен де әннің де түр-түрі бар. Мәселен, ата-анаға, отанға, туған жерге арналған патриоттық әндер болады. Бірақ ондай әндер қазір азайып бара жатыр. Өңкей шошаңдаған, жеңіл-желпі, тойға арналған әндер қаптап кетті. Мағыналары «Сен кеттің, мен қалдым. Орамалымды тастап едім, шай ішіп көңілімді көтерейін дедім» деген секілді шай үстіндегі әңгімелер секілді майда, мағынасы жоқ, рухани тәрбиеден ада, елдің еңсесін, рухын көтеретін әндер азайды. Өнердің сұйылып бара жатқандығы да сондықтан. Өйткені шығыстың, өзбектің, ағылшындардың жеңіл әндерін аударып алып, айта береді. Ал композиторлардың қазақы әуенде айтатын әндері сиреп кетті. Енді мүлдем жоқ деп те айта алмаймын. Арасында кейбір жас композиторлардың әдемі әндері де шығып жатыр. Оған да «шүкір» дейміз.
— Жалпы «Дос-Мұқасан» ансамблі көпшілік мойындаған әрі қанша жыл өтсе де халықтың көңілінен ойып тұрып орын алған топ. Олай болса, неліктен бұл ансамбль өз орнын басатындай жастарды тәрбиелеп шығармайды?
— Себебі, біздің жастарды тәрбиелеп, баулитын арнайы студиямыз жоқ. Бір жылдары Музарт Life жобасы болды. Сол кезде жақсы әншілерді дайындағанымен, ол әншілер кейіннен көрінбей кетті. Ал бізде, «Дос- Мұқасан» ансамблінде ән айтқымыз келеді деген әншілерге әрине қолдан келгенше көмектесіп жатамыз. Арасында өзіміздің концерттерімізде репертуарымыздағы әндерді беріп, айтқызамыз. Шынын айтқанда, әркімнің өзінің таланты, ықыласы, өнерге деген сүйіспеншілігі, жүрегінде оты болуы керек. Ал бүгін бар, ертең жоқтар, яғни бір ән жазып хит болып, тойларда сол әнмен қырып-жойып ақша тапсам деп жүргендер ұзаққа бармайды. Сол үшін де өнерге келемін деген әнші жан жүрегімен, шын ықыласымен, бар ынтасымен келу қажет. Ол үшін оқу керек. Колледж, консерватория, студияларда жүру керек. Өнерге келемін деген адам кішкентайынан ноталарды үйреніп, жан-жақты ізденгені дұрыс. Бір сөзбен айтқанда, өнерге салмақты қарауы тиіс. Сонда ғана оның өнері ғұмырлы болмақ.
— Өнерден бөлек, сізді елдегі саяси оқиғалар алаңдатады ма? Әрі саясатқа қатысты айтар қандай пікіріңіз бар? Жалпы «Жаңа Қазақстаннан» қандай үміт күтесіз?
— Өз басым саясатқа араласпаймын, әрі еш уақытта араласпағанмын да. Өйткені мен саясаткер, не жазушы, не доктор емеспін. Мен тек әншімін. Сондықтан тек әнімді айтып, ән арқылы халыққа жақсы дүниелерді жеткізуге тырысамын. Бірақ кейбір азаматтар мағыналы бағдарлама өткізіп, шақырып жатады. Ондай бағдарламаларға міндетті түрде барып, пікірімді айтамын. Өйткені жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» атты бағдарламасынан үмітім зор. «Жаңа Қазақстанда» жаңа көзқараспен жаңа ел болсақ деймін. «Жаңа Қазақстан» деп бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманат» партиясындағы азаматтарды жаңа парламентке, сенатқа көшірмей, түбегейлі барлығын жаңарту қажет. Тәжірибелі жастарды шақыру керек. Жас болғанда да 25-32 жас аралығындағыларды, шикілерді емес, әжептәуір салмақты, өмір көрген, әкімшілікте, облыста жұмыс жасап, халыққа жәрдемі тиген азаматтарды шақырған жөн.
Бәрі реттелген соң, зейнеткерлерге көмек беріп, елдегі спорт пен руханиятты жаңғыртуға көп жұмыс істеп, халықтың жағдайларын түзеуге атсалысса деймін. Кеше ғана қатты аязды күндері Екібастұз қаласы жылусыз қалып, біраз қиналып қалды. Сонда деймін-ау, басшылары Екібастұздың жағдайын реттедік, көмірін беріп, жылу сыйладық деп жатыр. Жағдайды ретке келтірдік деп ауыз толтырып айтқанша, оның алдын алып, бюджеттен бөлінген ақшаға трубаларды жаңартулары керек еді. Одан бөлек, басшылықта отырған азаматтар осы секілді жағдайларды алдын ала реттеп, ескірген жолдарды жаңартуда көп жұмыс істеулері қажет. «Жаңа Қазақстан» деп осы кезде ғана айта аламыз. Сондай-ақ спортқа, өнерге, білімге, ана тілімізге көптеп көңіл бөлініп, барлығын жаңалап, Жаңа Қазақстанға енуіміз керек емес пе? Тіліміздің жағдайы да мәз емес. Мәселен, қазақ балалары қазақ мектептері, қазақ колледждерінде қазақ тілінде білім алып жүргендерімен, әлі күнге үзілісте орысша шүлдірлеп жүргендері қынжылтады.
Одан бөлек, елімізде күнкөріс деңгейі өте төмен. Неге десеңіз, халықтың жалақысы аз. Мәселен, халық үшін жанталасып жұмыс жасап жатқан ұстаздар мен дәрігерлердің, санитаркалар мардымсыз жалақыға жұмыс жасап жүр. Барлығы қымбаттаған заманда, олардың тапқан тиын-тебені неге жетеді? Сол үшін халықтың жағдайын көтеру үшін, жалақыларын көтеру керек. Қарап отырып, осындай жағдайларға күлкің де келеді. Осыған қатысты ютубтан бір репортердің мысалын көрдім. Репортердің айтуынша, баяғыда бір Бидуин мұнайды тауып, Катарды, Эмиратты көтеріп, әлемге әйгілі Дубайды жасап, сол елдің халқының балалары 18 жасқа толғанша шоттарына ақша салып, қамсыз өмір сүретіндей жағдайға жеткізген екен. Ал бізде сол алтын да бар, көмір де, мұнай да, жарық та бар. Жеріміз кең. Солай бола тұра, бізге ештеңе жетпейді. Яғни, елдің жағдайын жасайтын бір Бидуин жетіспей тұр. Сол сияқты біздің де бір Бидуиніміз дұрыс болып шықса деймін.
— Әңгімемізді өнерге қарай қайта бұрсақ, алдағы уақытта жаңа әндер жазу жоспарыңызда бар ма?
— Қазіргі уақытта жаңа бір әндерді жазу үстіндемін. Оның ішінде қызыма, әпкеме, жора-жолдастарыма арналған әндерім бар. Жақында белгілі академик, біртуар азамат Мұхтар Әлиев ағамыздың құрметіне «Аға» деген ән жаздым. Сөзін Өмірзақ бауырым жазса, әнін өзім шығардым. Ол әнді Мұхтар Әлиев ағамыздың 90 жылдық асында алғаш рет орындап, тұсауын кескен жайымыз бар. Мұнымен тоқтап қалмай, әлі де біраз жаңа әндер жазамын деген ниеттемін.
Сонымен қатар биыл «Дос-Мұқасан» ансамблінің 55 жылдық мерейтойына орай, республика бойынша Ақтау, Ақтөбе, Орал, Павлодар, Қарағанды, Астана, Өскемен, Көкшетау, Қостанай, Тараз, Түркістан, Шымкент, Алматы қалаларын аралап, концерт қойғалы отырмыз. Аманшылық болса, сол концертте қауышайық. «Жас Алаш» газеті арқылы барлық оқырманды концертімізге шақырамыз. Теледидарды көріп жүрсеңіз, көз алдарыңызда жүреміз. Енді кейбір жігіттердің «жастарыңыз келді, өнерді қойсаңыздаршы» деп айтқаны бар еді. Сонда оған «олай қате айтпа, біз жасымыз келді деп қоятындай, спортта жүрген жоқпыз. Спортта соншама жылдамдықпен жүгіріп, штанга көтеру керек шығар, бірақ өнерде олай емес. Қайта жасы үлкен әншілер Нұрғали Нүсіпжанов, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, «Дос-Мұқасан» ансамблі, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова секілді, т.б. мықты әншілердің ретро әндерін тыңдау арқылы жастар үлгі алады. Аманшылық болса, әлі де есті, тәрбие беретін әндеріміз жарық көреді. Сол үшін бір-бірімізді жүрген жерде мақтап, қолдап жүрейік. Ал «Жас Алаш» газетіне Ақ жол тілеймін!
— Сұхбатыңызға рақмет. Өзіңіз де аман болыңыз!
Бифат ЕЛТАЕВА