Азаматхан ӘМІРТАЙ, экономист: Цифрландыру – бүгінгі заман талабы

-Мемлекет ІТ, цифрландыру саласына үлкен соммада қаржы салып жатыр.  Бірақ, нәтиже көңіл көншіте ме?

-Цифрландыру – бүгінгі заман талабы. Мемлекет оны қолдасын, қолдамасын, қазір титтей баланың алдына компьютер қойсаңыз, бірден қосып, ойнап кете береді. Яғни, ол балада бұл бағытта ақпарат бар. Бірақ, біздің елде цифрландыруға байланысты жүріп жатқан жұмыстарға көңілім толмайды. Қаншама ақша бөлінді. ІТ саласының экономикада нақты бағасы жоқ. Сондықтан бағасын қолдан көтереді де, ақшаны тез игеріп тастайды. Электрондық қызметке 1 миллиард 800 млн теңге, электронды статистикаға 3 миллиард, электронды үкіметке 20 миллиардтай, электронды құжат айналымына тағы да қырғын ақша бөлінді. Нәтижесі жоқтың қасы.

-Сосын дәл қазір керек емес, өте қымбат жобаларға қаржы көп бөлінетін сияқты…

-Дұрыс айтасыз. Бұрынғыларын айтпағанда, дәл қазір Астана қаласында аспалы жол, яғни LRT құрылысы салынуда. Бұған 1 миллиард 900 млн доллар қарастырылған. Ұзындығы бар-жоғы 23 шақырым. Аэропорттан вокзалға дейін созылған. Бұл Қытай елінің ақшасы. Өзіңіз ойлаңызшы, аэропорттан вокзалға күніне қанша адам келуі мүмкін. Билеті ары кеткенде 100-200 теңге болуы мүмкін. Енді есептеп көріңіз, айына 10 мың адам ары-бері қатынады дегенде 1 миллион теңге пайда түседі екен. 1 милиард 900 миллион доллар дегеніміз 650 миллиард теңге деген сөз. Яғни, LRT жолы осыншама қаржыны өтеуі үшін 500 жыл керек екен. Сонда қытайларға бұл ақшаны кім қайтарады, қашан қайтарады? Экономика деген сөз үнемдеу деген сөз. Ал, біз шашып жатырмыз. Мұндай қымбат жобалар Қазақстанда өте көп. Оның бәрін кім қайтарады? Кезінде Индонезияға қытайлар инвестиция салған. Кейін активтерін қайтармағаны үшін Индонезияның жерін, басқа да байлықтарын Қытай алып алды. Ертеңгі күні біз де ақшаны қайтармасақ, сол елдің кейпін кешіп қалмаймыз ба? Осы туралы қаншама мәрте жаздық, айттық, билік тарапынан селт еткен біреуі жоқ. Бұл экономикамызға қарсы жасалып жатқан жобалар. LRT Алматыда да салынайын деп отыр. «Көкжайлау» жобасы пайда болып, 1000 гектар жер бөлініп, миллиардтаған қаржы жұмсалайын деп отыр. Жақында Алматы облысындағы Талғарда тау шаңғысы базасын ашты. Бұл іске жергілікті бір кәсіпкер 60 млн доллар жұмсапты. Ол «Көкжайлау» жобасынан кем емес. Ал, «Көкжайлауды» одан он есеге қымбат жасайын деп отыр. Меніңше бұл жоба шығынды ақтамайды. Бұл мәселеде мемлекет қаржысына мароторий жариялау керек. Яғни, бұл жобаларды тоқтату қажет. Идея жақсы, бірақ, дәл қазір қажеті жоқ. Сосын Астанаға сондай үлкен теміржол вокзалын салудың қажеті бар ма еді? Мен өзім көрген Лондондағы, Нью-Иорктегі вокзалдар кішкентай ғана. Өйткені, олар вокзалды өтіп бара жатқан шақтың құрылысы деп санайды. Қазір ол елдерде әуе жолы жанданып келеді. «Қазақстантеміржолы» АҚ-на жақында ғана президент болған Сауат Мыңбаев «Бұл мекеме 4,5 миллиард доллар қарыз» деп айтты. Және биылғы жылды 25 миллиард теңге шығынмен аяқтапты. Мен өзім 2005-2007 жылдары осы салада жұмыс істедім. Ол жылдары теміржолдың жүк таситын бөлігі табысты еді. Қарыз деген жоқтың қасы болатын. Енді он жылдан астам уақытта 4,5 миллиард доллар қарыз қайдан шықты? Оны кім қайтарады? Бұл дегеніміз сұмдық қой.

Дереккөз. Жас  Алаш