Азаматхан ӘМІРТАЙ, экономист: Инвестиция дегеніміз тек ақша емес

-Жақында ғана президент инвестиция тарту мәселесін сыртқы істер министрлігінің еншісіне бөліп берді. Бұл инвестиция аз келіп жатқаннан жасалған қадам ба, жоқ, әлде бұлардың қатарын бұрынғыдан да көбейтейік деген ой ма?

– Егер ашып айтатын болсақ, инвестиция дегеніміз тек ақша ғана емес. Қазақстанда ақша бар. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қолға алынды. «Самұрық-қазынаны» трансформация жасады. Ауылшаруашылығын қолдау үшін құрылған «ҚазАгроФинанс» миллиардтаған қаржы жұмсады. Бірақ, солардың бәрінің нәтижесін жақында өткен үкімет отырысында премьер-министрдің өзі айтты емес пе? «Пәлен жылдан бері пәленбай қаржыға 1000 зауыт салып едік, бәрінің нәтижесі ноль болды» деді ғой. Яғни, бар мәселе ақшада емес екенін мемлекет енді түсінген сияқты. Өйткені, нақты ақшаны салды, бірақ, нәтиже жоқ қой. Сондықтан басты инвестиция, бұл – технология мен менеджмент. Мысалы, Америкадан инвестиция келетін болса, онымен бірге тек ақша ғана келмейді. Онымен бірге барлық басқару жүйесі, менеджмент келеді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша үлкен зауыт ашып, оған ешқандай тәжірибесі жоқ адамды басшылыққа қойып жатты. Бәлкім, ол біреулердің жақындары да болар. Бірақ, олар жұмысты қалай жүргізу керек екенін білмеді. Сөйтіп, бұл зауыттар ақырында банкротқа ұшырады. Сіз тауар өндіріп, үстіне өз бағаңызды қойып, нарықта сатасыз ғой. Ал, бұл жаңадан шыққан өнім болса, ешкім ол тауарды білмейді де… Сондықтан, жарнама, маркетинг мәселесін жаңғырту қаже едіт. Өнім сатылмаған соң зауыт өз ресурсын жей береді. Ақырында банкке қарыз боп, банкротқа ұшырайды. Мұнай-газ саласымен айналысатын американдық «Халлибертон» компаниясының бірр зауытын қазақстандық кәсіпкердің бірі елімізге алып келіп, орнатты. Зауыт өнімін Америка өзі сатып алатын болды. Қарағандыдағы сол зауыт үш-төрт жылда өзін ақтап алды. Өйткені, өнімді сату жағы шешілген ғой. Сіз бір зат өндірдіңіз, егер ол сатылмаса, бітті, банкротсыз. Өйткені, өнімді сату – зауытты салғаннан да қиын жұмыс. Әлемдік тәжірибеде зауыттар өз өнімін тұтынушыға ешқашан тікелей сатпайды. Зауыт тек өндірумен айналысады. Олардың өнімін сатумен айналысатын дистрибьютерлік компаниялар бар. Бұл үлкен жүйе. Ал, Қазақстанда бұл мәселе үлкен проблема. Сондықтан Қазақстанға инвестиция тарту үшін сыртқы істер министрлігін пайдалану тәжірибесін қолдаймын. Бұл бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселе еді. Енді жаңа министр Бейбіт

Атамқұлов бұл істі қаншалықты алып кете алатынын уақыт көрсетеді. Бірақ, Атамқұловтың бизнестегі тәжірибесін байқамадым.

Дереккөз. Жас алаш